Тұғырдан таяқ сермеген…
Алмабек Өскентаев 70 жасқа толды
Шежірелі Шу топырағы өрелі өнерпаздары мен мүйізі қарағайдай майталмандарымен бұрыннан мақтанады. Бұған әйдік азаматтардың алған түзу тәрбиесі мен туған жерге деген кіршіксіз махаббатын қабыстыруға болады. Кіндігі түп қазыққа байланған біршама таланттар аядай ғана ауылда жүріп, күллі жұртқа қызмет еткен. Олардың ұшар басында дәулескер күйші, композитор, халықтың аяулы перзенті болған Әбдімомын Желдібаев пен ақын Аяз Бетбаев бар.
Біздің балалық шақта әрбір мерекелік шараның шырайын оркестр кіргізетін. Сол музыкалық ұжымға таяқшасымен жөн сілтеп тұратын дирижер назарымызды өзіне аударатын. Алдында – оркестр, артында – халық. Қос жалынның ортасында Алмабек Өскентаев тұратын. Сәндеп қойған мұрты, музыка ырғағымен ойнап тұратын көзі, ширақ қимылы бар өнерпаз жақсылар жеткен 70 жасқа аяқ басып отыр. Сондықтан басылымның осы санында мерейжас иесіне газеттен орын беріп, өткен соқпағын баяндағанды жөн деп таптық.
Алмабек Ереншеұлы 1954 жылы 15 қарашада Шоқпар ауылында дүниеге келген. Әкесі Еренше Өскентайұлы математика пәнінің мұғалімі ретінде ауданның бірнеше мектебінде білім берген. Ал анасы Күлжахан үй шаруасындағы қарапайым жан болатын. Кейіпкеріміз әпкесі Алмагүл мен қарындасы Майрагүлдің ортасындағы Еренше қарияның жалғыз ұлы екенін де еске сала кеткен абзал.
1961 жылы М.Әуезов атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын имене аттаған тарыдай бала араға 10 жыл салып, осы ортадан таудай болып шыққан. Жастайынан өнерге икемі болған ол арнайы білімі болмаса да, аудандық Мәдениет үйінде аспапта орындаушы, сүйемелдеуші, әнші болып еңбек етеді. Тіпті, Красноярск қаласында азаматтық борышын өтеген 1973-1975 жылдары әскердің ансамблінде ән шырқап, аспап шерткен.
Әскер қатарынан оралған кейіпкеріміз 1978 жылға дейін мәдениет үйіндегі қызметін жалғастырған. Ал сол жылы Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге түсіп, 1981 жылы тәмамдаған. Іле-шала Құрманғазы атындағы консерваторияға құжат тапсырып, 4 жылдан кейін кәсіби маман атанады. Жоғары білім ала жүріп, Алмабек Ереншеұлы болашақ жары Әселмен танысып, 1987 жылы шаңырақ көтереді.
Тұтас ғұмырын ауданның мәдениеті мен өнеріне арнаған ардагер 41 жыл бойы тұғырдан таяқ сермеп, “Шу еркесі” оркестріне дирижерлік қызмет етті. 2017 жылы зейнетке шыққанша өскен өңірінде тер төгіп, жастарға ағалық ақылын аямаған А.Өскентаев “Туған жер”, “Бақытты бол” әндерін жазған. Сонымен қатар бірнеше күйді дүниеге әкелген. Әр жылдары мектептерде, оның ішінде музыка мектептерінде шәкірттерге тәлім берді.
– Жүйрік уақыттың жалына жабысып, жетпістің желкенін керетін жасқа жеткенімізді аңғармай қалдық. Бар ғұмырымды өнерге, балаларға білім беруге арнадым. Еліме шама-шарқымша қызмет еттім. Құрметті демалысқа шыққан соң дирижерлік еткен таяқшаны шәкіртіме тапсырдым. Зейнеткер болсам да, зерікпей шығармашылық жолында жұмыс істеп келемін. Өз уақытында жезтаңдай әнші Күлімхан Оңтаева, Ерік Мәтхалықов сынды әншілердің әндерін оркестрге ыңғайлап, нотаға түсіріп, партитура жаздым. Әйгілі Әбдімомын ағамыздың “Ерке сылқым” және бірнеше күйлерін, сондай-ақ әндерін нотаға түсірдім. Әнші Жанат Досжановаға классикалық әндермен қатар халық әндерін шырқауды үйреттім,-дейді Алмабек Ереншеұлы.
Жұбайы Әсел Ереншекелінімен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеген ардагер дирижер тоғыз тәтті немеренің сүйікті атасы. Солардың қызығына бөленіп отырған қарияның елге сіңірген еңбегі еш кеткен жоқ. Оны өзі алған орден, медальдары айқындайды.
Осыдан 10 жыл бұрын Алмабек Ереншеұлына 60 жасқа толу құрметіне орай «Мәдениет қайраткері» төсбелгісі табыс етілген. Онымен қоса ардагердің қоржынында “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл” мерекелік медалі, Жамбыл облысы мен Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін төсбелгілері бар.
Аға буынын ардақтай білген аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен оған бағынысты мәдениет үйі мерейтойға орай кездесу кешін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Шара барысында сазды бағдарлама ұсынылып, басшылық тарапынан А.Өскентаевқа құрмет көрсетілмек.
Жетілген һәм піскен жасқа жеткен Алмабек Ереншеұлы баз қалпынша ширақ. Ұдайы велосипедпен жүретін кейіпкерімізге ұзақ ғұмыр тілейміз және жүзге де бұйырса ойнақы түрде жетуіне тілек білдіреміз.
Байжан Емберді.