Шыңға шыққан шулық шынарлар дәріптелген күн
Жыл басында мәнді мақаланың орайы келіп, биылғы атаулы жылдардың қатарында Балуан Шолақтың туғанына 160 жыл, Жапар Түйебековтың туғанына 105 жыл, Саттар Естемесовтың туғанына 105 жыл, Нәмет Бәзіловтің туғанына 100 жыл, Қарауылбек Қазиевтің туғанына 85 жыл, Әлдихан Қалдыбаевтың туғанына 85 жыл екендігін тілге тиек еткен болатынбыз. Шу өңірінен шыққан даңқты тұлғалардың атаулы жылдары Жамбыл облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұрғаны тарихи сәт екені даусыз. Ауданымыздың тарихында ойып тұрып орын алған, өз дәуренінде ел дамуына үлес қосқан атпал азаматтарымыздың осы бір даталы жылдарын туған жер төрінде атап өтпесек, азаматтығымызға сын болар еді. Бұл күндері “кімге қарап бой түзейміз?” деп жүрген жастарға аты дардай тұлғаларды үлгі ету ісін жолға қоймасақ, кімге қарап еліктеп өсері белгілі.
«Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» деген нақылдың өміршеңдігін дәлелдей түсетін тұлғаларымыздың болмысы мен ел мүддесі жолындағы нәтижелі еңбегін, жеткен жетістіктерін дәріптеу арқылы, өнегелі ісіміздің өрісін кеңейтеріміз анық. Соның дәлелі, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, “Тарих пен тұлға-туған жер төрінде” атты аудандық форум өтті. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, аудандық аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, ардагер ұстаз Жақсыбала Иманбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, көктөбелік ақсақалдар, жалпы білім беру ұйымдарының тарих пәні мұғалімдері, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Тағылымы мол форумның шымылдығы Жапар Түйебековтың еңбек жолынан көрініс беретін әсерлі қойылыммен басталды. Бірі Төле би ауылында, бірі Қонаев ауылында орын тепкен Балалар-жасөспірімдер орталығының өнерге жақын қызметкерлері Жапар Түйебековтың қызметіне оң бағасын берген Дінмұхамед Қонаевтың образдарын сахналап, әрі Кенен Әзірбаевтың аупарткомның хатшысына арнаған өлеңін дөңгелек үстел басында шабыттана жеткізді. Бір емес, төрт бірдей тұлғаның образын дәлме-дәл келтіруге барын салған қосымша білім беру мекемесінің қызметкерлері көрермендерін Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Дінмұхамед Қонаев, Жапар Түйебековтердің дәуіріне тап келгендей күй кештірді.
Мұнан кейін Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының білім алушылары Қарауылбек Қазиевтің туған жердің төсін, атырабын, құм-сайын, дөңін, күнінің шығуын, ай сәулесінің көл бетіне шағылысуын, бәрін-бәрін әсем суреттеген шығармаларынан үзінді оқыды. Олар табиғаттың тамашасын көркем сөзбен суреттеген Қарауылбек Қазиевтің шығармаларынан әсер алып, онысын пейзаж ретінде ақ параққа түсірген. Әр оқушы өзі салған картинаның жанында тұрып, керемет үзінділерді жатқа оқып, тыңдарманды тәнті етті. Шу өңірінің көз тартар табиғатын дәл Қарауылбек Қазиевтей жырлай алу-мың бақыт екендігін ұғындырған тағылымы мол іс-шара әр мектепте жалғасын тапса дейміз.
Форумға қатысушылар әр бөлмеге бас сұққан сайын пай-пай десіп, таңданыстарын жасырмай, орайы келгенде алғыстарын да үйіп-төгіп жаудырып жатты. Тағылымы мол шарада Әлдихан Қалдыбаевтың да шығармашылығы тасада қалған жоқ. Оқушылар сарайының қызметкерлері тыңғылықты дайындалған бөлмеге кіргенде тап бір байырғы қазақ ауылына кіргендей күй кештік. Сексеуілдің шоғына бұрқырап қайнап тұрған самаурын, тезекке піскен көмбеш нан, қазанда бабы келісіп тұрған ас, құрт-майы, ірімшік-қаймағы, бауырсағы, қымыз-бозасының иісі қолқаны қауып, танауды жарып кетердей. Қазақы ауылды суреттеген бөлмеде Әлдихан Қалдыбаевтың “Шаншар атайдың шертпегі” атты әңгімесінің желісі бойынша мәні зор қойылым көрсетілді. Ауыл балаларының тазалығына баса мән беретін Шаншар ата кір-қожалақ болып жүрген балалардың басынан шертпек алып, келесі жолы таза жүру керектігін құлағына құйдырады. Бұл да болса тәрбиенің бір үлгісі. Мұнан кейін дастархан басында ауылдас інсімен дойбы ойнап, ауыл жайын айтып, өнегелі үлгісін көрсетті. Әлдихан Қалдыбаетың әлеміне бойлатқан сахналық қойылымды көрсеткен Оқушылар сарайының қызметкерлері кәсіби әртістерден кем түспеді. Қойылымды көре отырып әр кейіпкердің прототипі Әлдихан Қалдыбаев өмірге келген Кербұлақ ауылында бар ма деген ойға қаласың. Осындай көркем шығармалармен өскелең ұрпақты сусындатар болсақ, тәрбиенің мәйегін алар еді. Алысқа бармай-ақ, әдеби көмбенің үстінде отырғандығымызды, соны әжетімізге жарату қажеттігін ұғындырған шара әдемі концертке ұласты.
Сөзімізді қорытындылай келе, “Асыл азаматтардан айырылармыз, ол-өмір заңы, бірақ олардың артында қалдырған өшпес ізі-өнегелі ісін ұмытуға хақымыз жоқ. Қайта мақтаныш етуге тиіспіз. Ұрпақ жалғастығы осымен баянды, осымен құдіретті” деген Дінмұхамед Қонаевтың сөзін алға тартпақпын. Бір іс-шарада ауданның абыройын асырған атпал азаматтарымыздың барлығын қамти алмайтынымыз анық. Дәл осындай игі шаралар Шу өңірін жағалай орын тепкен барлық ауылдарында жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Жуырда ғана ауданға ат басын бұрған “Ұлағат отауы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлжаһан Кәрібайқызы ауданнан шыққан белгілі тұлғаларды өскелең ұрпаққа дәріптеу ісін жолға қоюдың бір жолын айтып, сол іске ауданның атқамінерлері мұрындық болса деген ойын жеткізді. Оқушылар сарайының алаңқайына ақын-жазушысы, әнші-күйшісі, би-болысы, батыры-қайраткері бар Шу өңірінің танымды тұлғаларының аты мен өмір, еңбек жолы жазылған тақтатас орнатса, кейінгі ұрпағымызға үлгі болар істің бастауы болатынын жеткізді. Ойдағы дүние іс жүзінде орындалмай қалатын сәттер көп. Ал, бұл ойға алған іс тиісінше жүзеге аспай, сол орындалмаған ойлардың қатарында қалар болса, сынымыз да, мініміз де сол болмақ.
Айғаным Асқарбек.