Ақпараттық портал

Оң өзгерістерге толы орталық базар

Даму жолы әр жыл сайын түрлі арнаға ойысып, жан-жақты өркендеп келе жатқан ауданымызда бірқатар игілікті істер атқарылуда. Жаңа зауыттар соғылып, өз жұмысын жолға қойса, шағын кәсіпкерлік нысандар қатары да күн санап артуда. Әсіресе, кәсіпкерлік саладағы ауданның келбетін осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра қарайтын болсаңыз, айтарлықтай өзгерістерді анық байқайсыз. Мейрамханалар мен дәмханалар, дүкендер мен шағын сауда орталықтарының саны көбейген. Мұның барлығы бірінші кезекте халық үшін ыңғайлы болып, сапалы қызмет көрсетуге лайықталса, нұр үстіне нұр.

Кәсіпкерліктің маңызды бағыты – сауда-экономикалық дамуы туралы сөз қозғағанда әуелі оның ірі ошағы – «Сауда-Сервис» ЖШС (Жауапкершілігі шектеулі серіктестік), яғни Шу қаласындағы бірегей орталық базар ойға оралады. Жоғарыда айтып өткендей, кәсіпкерлерге де, сауда жасауға келген қарапайым халыққа да қолайлы жағдайлар жасау үшін бүгінгі таңда мұнда серіктестік басшылығы тарапынан игі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Оны өзіміз де күнделікті қажеттілікпен орталық базарға барған кезде соңғы жылдары үздіксіз жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарынан аңғарамыз. Сол себептен, біз базардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен оның жұмысына қатысты келешектегі жоспарлары туралы біліп, оны оқырман қауыммен бөлісу мақсатында жуырда «Сауда-Сервис» ЖШС-нің басшылық өкілдеріне жолығып, біраз мағлұматқа қанық болдық. Қалың жұрт негізі сауда орталығының басшысы ретінде осы ортада бірнеше жылдан бері табысты қызмет етіп келген Аманбек Қойшыбеков пен Владимир Лыткинды жақсы танитын болса керек. Алайда, біз қызметтік міндетпен Аманбек ағаға жолыққан сәтімізде ол кісі өзінің де, бірге қызметтес болып жүрген есімі аталған әріптесінің де бұл күндері жастары ұлғайғандықтан, қазіргі уақытта серіктестікке басшылық қызмет өтпелі кезеңде тұрғандығын жеткізді. Яғни, оның айтуынша, кейінгі буын өкілдерін алмастыратын кезең келгендіктен, қазіргі уақытта жастармен өзара тәжірибе алмасу үстінде. Сол себептен мақалаға қатысты сұхбатты басшылық қызметтің тізгінін ұстауға лайық деп танылған сол жаңа мамандармен жүргізуге кеңес берді.
Солардың бірі, біз жолыққан Разимбекова Жанар Аманбекқызы «Сауда-Сервис» ЖШС-нің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы жан-жақты мәлімдеді. Біз де өзара сұхбат барысында көкейіміздегі бірнеше сұрақтарға нақты жауаптар алып қайттық.
Жанар Аманбекқызының айтуынша, «Сауда-Сервис» ЖШС Қазақстандағы сауда кәсіпорындары қауымдастығының мүшесі болып табылады және билік пен бизнес арасындағы конструктивті диалог пен өзара іс-қимылды қалыптастыруға белсене қатысады. Жалпы аумағы 5 гектарды қамтитын, сауданың өркениетті процесін жүзеге асыруға арналған бұл заманауи әрі жайлы сауда кешені ғимараттар мен инженерлік құрылымдардан тұрады. Кешенде кәсіпкерлерге арналған 1000-нан астам сауда нүктесi бар. Қазіргі уақытта қызметкерлердің саны шамамен 200 адамды құрайды. Олар әкімшілік бөлім қызметкерлері, есепшілер, менеджерлер, көлік жүргізушісі, тазалықшы, қарауыл сынды кіші қызметкерлер, сантехниктер, өндірістік базаның жұмысшылары, тағы басқалар. Арнайы лицензиясы бар құрылыс бригадасы да, базардағы кәсіпкерлер де осы сандық көрсеткіштің құрамында.
Нарық ордасы аумағында «Сулпак», «Достық», «Олжа-1», «Олжа-2», «Олжа-3», «Береке», «Самал» сауда үйлері жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сауданы дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар бар. 2018 жылы «Сауда-Сервис» ЖШС-нің кедендік бақылау аймағы – уақытша сақтау қоймасы және еркін сақтау қоймасы құрылып, транзиттік жүк тасымалдау және сақтау үшін үлкен мүмкіндік туындады. 2024 жылы өндірістік базаның және уақытша сақтау қоймасының тиімділігін арттыру үшін барлық техникалық талаптарға сәйкес жабдықталған арнайы орындар салынды. Сондай-ақ, көлік техникасы мен механизмдер үнемі жаңартылып отырады. 2023 жылы жаңа «Сәлем 1», «Сәлем 2» сауда павильондары салынып, іске қосылса, кейінірек «Сәлем 3», «Фуд-корт», «Тұлпар», «Шудың бойында» сауда үйлері бой көтерді. Ал ағымдағы жылы «Пайда» сауда үйі салынып, іске қосылды.
Айта кететін жайт, құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында 1000-нан астам кәсіпкердің лайықты жұмыс жасауы үшін қандай да бір нысанның жылумен қамтылуы, жаз кезінде салқындатқыштың жұмыс жасауы, сумен жабдықтау сынды барлық қажетті жағдайлар ескеріліп, сауда жасауға келген сатып алушылар үшін де барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Үстіміздегі жылы сауда орталығының 1700 м² астам аумағы асфальтталып, кәріз құдықтары мен жауын-шашын суын ағызатын жүйелер орнатылды. Естеріңізде болса, бұған дейін жауын-шашын кезінде базар ішінің ой-шұңқыры суға толып, жүргіншілер үшін қолайсыз жағдай туындататын. Енді, бұл мәселе де біртіндеп шешімін табуда. Ел аузында «Крытый» аталып кеткен базар ішіндегі «Азық-түлік павильоны» ғимаратының кейбір бөліктеріне қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлерді заманауи қажеттіліктермен қамтамасыз ету мақсатында 30 кәсіпкерге дүңгіршектер салынып, бұрын сыртта тұрған азық-түлік сатушылар осы дүңгіршектерге орналастырылды. Енді, базар басшылығының өкілдері нысан ішіндегі ет сатушылардың орнын ретке келтіру келешектің жоспарында барын, алайда оларды уақытша орналастыратын орын мәселесі күрделі болғандықтан, бұл шаруаны қолға алу ертерек екендігін айтады. Яғни, бұл мәселе пысықталу үстінде. Дегенмен, бұл да өз уақытында оңды шешімін табады деген сенім бар. Кіреберіс аймақ қайта жаңғыртылып, қазіргі заманға сай өзгертілді.
Қазіргі уақытта «Сулпак» сауда үйінің де кіреберіс аймағына қайта жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ, жертөле қайта құрылымдалу үстінде. Ал, келешекте орын алатын өзгерістер жөнінде айтар болсақ, көшеден үлкен және әдемі кіреберіс ашылады және бұл базарға келушілер үшін ыңғайлы болады деген сенім бар. Бірінші қатардағы жол бойында жалға берілетін кең аумақты (800 м²-ден астам) орындар ұсынылады. 2025 жылдың жоспарында «Алтын бұлақ» атты екі қабатты, заманауи сауда орталығының құрылысы бар. Қазіргі уақытта құрылыс жобасы дайындық үстінде. Сонымен қатар, нақты уақыты белгісіз болғанымен, орталық базардың бас қақпасы жағынан барғанда жеміс-жидек, көкөніс, нан өнімдері сатылып тұратын шатырдан кейінгі ашық алаңда, көпшілік жүретін жолдағы көкөніс пен жеміс-жидек сатылатын жайма базарды ретке келтіру жұмысы да келешектің еншісінде тұр. Бұл сол тұстағы базарға кіретін қақпа тұсынан басталып, соңы «Жусан» банкі жағына шығып кететін үлкен қақпаға дейінгі аралықты қамтиды. Осы аумақтағы ескі ғимараттар бұзылатын болғандықтан, жаңа нысанның нақты көлемі әзірге белгісіз. Алайда, орнына екі қабатты, әйнек қабырғадан көтерілген, жабық ғимарат салынып, жерге асфальт төселіп, нысан су, жылу, әжетхана сынды өзге де қажеттіліктермен толық қамтылатын болады. Ал, сатушылардың нысан ішіне қалай орналасатыны олардың тауарларының көлеміне байланысты. Сондай-ақ, әркім өз тауарын көлеміне қарай қоймаға немесе сол нысанда сақтауына болады. Дегенмен, бұл бүгінгі таңда өзіндік себептеріне байланысты өте күрделі мәселе болып отыр.
-Серіктестік пен кәсіпкерлер арасында өзара заңды келісімшарт бар. Кәсіпкерлер өздеріне тиесілі орындарды жалға алу төлемақысын төлеп отырғандықтан, оларға ыңғайлы жағдай жасау – біздің міндет. Мысалы, жаңа орынға орналасқан сатушылар бізге алғысын айтуда. Өйткені, кейбір сатушылар бұрынғыдай әр күн сайын тауарын қоймаға тасып әуре болмайды. Әсіресе, көкөніс пен жеміс-жидекті күнделікті тасымалдау оңай іс емес. Енді, әркімнің өз дүңгіршегі болғандықтан, тауарын ішіне қалдырып, есігін бекітіп кете береді. Бұл айтарлықтай жеңілдік және барлық нысан толықтай күзетте. Жалға берілген нысандардан түсетін кіріс тек құрылыс жұмысына ғана жұмсалмайды. Ол жұмысшылардың жалақысы, салық, коммуналдық төлемдер сынды берешектерге де бағытталып отырады.
Жалпы, базар аумағына қатысты құрылыс жұмыстарының толық аяқталу мерзімі әзірге нақты белгісіз. Мәселенің шешімі қаражатқа байланысты. Барлығын бірден қамту мүмкін емес. Алайда, соңғы екі жылда көзге көрінетіндей жұмыстар жасалды. Атап айтар болсақ, бұрын әр жерде шашыраған тамақтану орындары бір орынға орналасты, аяқ киім базары «Сауда әлемі» болып өзінше бөлек құрылды, жаңа нысандар бой көтерді, көлік қоятын орындар да белгіленді, жауын-шашын кезінде бұрынғыдай балшық кешіп жүру азайды, соңғы екі жылда жаңадан соғылған барлық нысандар көгілдір отынмен қамтылды, жұмысшылардың жалақысы көтерілді. Осы сынды тың өзгерістердің барлығы жалғыз басшылықтың бір өзі атқаратын жұмыс емес. Бұл тұста жалпы командалық жұмыс жүзеге асырылды. Сондықтан, қандай да бір жетістікке қол жеткізсек, ол осындағы жұмыс күшінің ерен еңбегінің жемісі деп білемін,-дейді Жанар Аманбекқызы.
Тағы бір айта кететін жайт, «Сауда-Сервис» ЖШС-нің өзіне тиесілі 12 гектар аумақты алып жатқан өндірістік базасы бар. Онда 2181 метр ұзындықтағы теміржол тұйығы және 580 м³ жалпы алаңы бар қоймалар орналасқан. Қазіргі уақытта базаны кеңейту және реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл тұста серіктестік инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, қызығушылық танытқандармен ынтымақтастық жасасуға дайын.
Осындай оңды істерді жүзеге асырып отырған серіктестік басшылығы қайырымдылық істеріне де үлес қосып келеді. Атап айтар болсақ, қаланың әлеуметтік өміріне белсене араласып, жекелей және жергілікті билік өкілдерінің ықпалымен аз қамтылған отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға, спортшыларға, зейнеткерлерге, қажет кезде мектептер мен діни ұйымдарға барынша қолдау көрсетіп жүргендігін атап өткен жөн.
Бізге барлық мән-жайды мәлімдеген Жанар Аманбекқызының өзі алғашқы еңбек жолын 17 жасында осы сауда саласынан бастаған екен. Алғашында азық-түлік сатып, кейін қоғамдық тамақтану орнында қызмет етсе, бірнеше жыл бухгалтерлік жұмысты да лайықты атқарған. Сондықтан, жаңа басшының да кездейсоқ жан еместігін көпшілік білген жөн деп санаймыз.
Мақала желісінен байқағанымыздай, сауда саласына қатысты аз уақытта көп шаруа атқарылып отыр. Мұның барлығы кәсіпкерлерге, халыққа жайлы жағдай жасау жолындағы жұмыстар. Сол себептен біз «Сауда-Сервис» ЖШС-гі сатушылармен де тілдесіп, орын алған жаңашылдықтар, өз кәсіптерінің бүгінгі ахуалы жайында пікірлерін сұрап, біліп, төменде мұны да оқырман қауым назарына ұсынып отырмыз:
-Жалпы, сауда саласында жүргеніме 15 жылға жуық уақыт болды. О баста даладағы ашық алаңда орналасқан кішкентай үстелде аяқ киім сатудан бастадым. Сол орында он жылға жуық сауда жасадым. Ол кезде базардың хал-ахуалы басқаша еді. Дегенмен, әр кезеңнің өзіне сай көрінісі болады деп ойлаймын. Бүгінгі таңда қоғамның өзгеруіне, уақыт талабына сай базар келбеті де өзгеше сипат алып отыр. Бірінші кезекте, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасалып, бұл өз кезегінде сауда жасауға келген қарапайым халыққа да оң ықпал етуде. Қазіргі сауда орным өзіңіз көріп тұрғандай жабық нысан әрі жылы. Қыстың суық күндерінде сатып алушыларға да жайлы. Бұл үшін базар басшылығына зор алғысымызды білдіреміз,-дейді түрлі үстел жапқыш пен күнделікті киюге арналған жеңіл киім-кешек сатумен айналысатын Азамат Дәулетұлы.
Ал, тағы бір жеке кәсіпкер Назира Сугорова:
-Сауда саласында жүргеніме 25 жыл болды. Тауарларымды жиырма жылға жуық базар аумағындағы ашық алаңда саттым. Яғни, даладағы жайма сауда еді. Кейіннен бұл орындарда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, орнымызды ауыстырдық. Қазіргі жылы орынға осы жылдың басында жайғастым. Бастапқыда орнымыз далада болған кезде аяқ киім сатумен айналысқанмын. Бертін келе жабық әрі жылы нысанға жайғасқаннан кейін, жеңіл киімдер жағына ойыстым. Өйткені, бұл орын жарық, жылумен қамтылған, сатып алушылар үшін де ыңғайлы. Сонымен қатар, жалға алу бағасы да тиімді. Осындай оң өзгерістер үшін базар басшылығына ризашылығымызды білдіреміз,-деп оң пікірін білдірді.
Жалпы халыққа да, жеке кәсіп-керлерге де тиімді жағдайлар жасауға тырысып жатқан «Сауда-Сервис» ЖШС басшылығының өкілдері мұны-мен шектеліп қалмайтындығын, алдағы кезеңде де уақыт талабына сай жаңарып отыруға барынша күш салатындығын айтады. Біз де өз кезегімізде серіктестіктің жаңа мақсат-тарына сәттілік серік болсын дейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.