Ақпараттық портал

«Даналар салған соқпақ діннен адастырмайды»

Дәстүрге берік байланған, тектілік қалпын сақтаған, ар-ұятты жанынан биік қойған қазақ даласына Ислам діні тарамай жатып-ақ шариғатта жазылған көп дүниелердің ізі сайрап жатты. Табиғатпен біте қайнасқан текті еліміз тазалыққа үлкен мән беріп, обал-сауапты біліп, бойына мұсылманға тән жақсы қасиеттерді дарытып, діннен аттаған жоқ. Кейінгі бодандықта болған 70 жылдың өзінде «Дін-апиын» деп жалаулатса да, бес парызын қаза қылмай, аза бойын таза ұстап, дін жолынан айныған жоқ.
Бұрындары шала-шарпы ілімі бар дүмше молдаларды сынап, мінін бетке баса айтатын. Ал, қазіргі күні діннің атын жамылып, теріс пиғылын жүзеге асырып жатқандарға «тек» деп айтатын сауатты имамдар ілуде бір кездеседі. Біз өзге елдің қаңсығын таңсық көріп, ілім-білімді өзгеден алуға, басқа елдердің салт-дәстүрін өз менталитетімізге сіңісті етуге барымызды салуға шеберміз. Алысқа ат сабылтпай-ақ асыл дініміз туралы асыра айтқан ойшылдарымыздың еңбегіне бойласақ, дін жолында адаспайтынымыз анық.
Хакім деңгейіне көтерілген дана Абай «Жұмыр басты пенденің бағындыратын ең биік шыңы-әулиелік. Сол рух биігіне әр кемеңгер өз соқпағымен шығады. Өйткені, хақиқат жалғыз, ал оған жету жолдары көп. Бәрі де «бек шетін, бек нәзік жол» деп дөп баса айтқан. Шын мәнінде қазіргідей жан-жақтан жау анталаған заманда дін мәселесі өте нәзік. Ал, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Нәпсіні құрбан қылып бауыздасақ, Аллаға сонда жетер қылған арыз» десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамдық борышың-халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай, ар сақта оны біл» деп қазіргі ең қауіпті жау-нәпсімен күресіп, арды сақтау маңызды екенін айтып кеткен. Бұдан бөлек, шынайы мұсылмандыққа, тура дінге жетелейтін жолдың қандай болатындығын көрсетіп кеткен тұлғаларымыз жетерлік. Өзіміздің бай әдебиетімізді бойымызға сіңірсек, тура жолдан таймайтынымыз анық. Осы жолда ҚМБД-ға тіркелген, арнайы білімі бар, Ислам дінінің ханафи мазхабын ұстанатын имам-молдаларымызды да жазбай танысақ, жат ағымға жетелейтіндердің жетегіне кетпейтініміз сөзсіз.
Кезінде шындықты шымбайына жеткізе айтқан Шерхан атамыз “Дін мен дәстүр бір-біріне үйлесімділік тауып, қабыса кеткенде ғана ақиқат биігіне көтеріліп, ұлтты тәрбиелеудің кілтіне айналады” деп тегін айтпаса керек. Міне, осы сөздің үдесінен шығу бізге артылған жүк болса, әсіресе елдің діни сауатын ашуға септесетін имамдарымыздың дін мен дәстүрді шегіне жеткізе дәріптеуде атқарар еңбегі орасан. Осыған орай, Шу ауданының бас имамы Алмас Кенжемолдамен дін төңірегінде аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
-Алмас Расханұлы, қазіргі таңда асыл дінімізді жазбай танып, тура жолға бастайтын имамдарымызды тап басып тану қоғам үшін қиынға соғып тұрғаны ақиқат. Осы тұста имам-молдалардың сауатын арттыру ісі сіздерде қаншалықты жолға қойылған, сол төңірегінде ой қозғасаңыз.
-Қазіргі таңда бізде 39 қызметкер, соның ішінде 1 бас имам, 15 имам, 6 наиб, 9 молда, 3 азаншы, 6 ұста қызмет жасайды. Өз кезегінде имам-молдаларымыздың сауатын жетілдіру, біліктілігін арттыру жұмыстары да жүзеге асуда. Имамдардың 35 пайызы жоғары білімді, 32 пайызы орта білімді, 33 пайызы діни курстардан өткендер. Олардың 1-і Сығанақи академиясында, 3-і дуалды оқу арқылы білімін жетілдіріп жатса, 10 имам семинарға қатысып, 2 имам курстан өткен. Ал, 2023-2024 жылдардың ішінде 5 имам Нұр-Мүбәрак медресесінде, тағы 3 имам ҚМБД-ға тіркелген медреселерде діни курстарға қатысқан.
Имамдарымыз уағыз-насихат жұмыстарын да өз деңгейінде атқаруда. Бесін уақытында 1746 уағыз-насихат жүргізіліп, 16236 адам қамтылған, ал Ақшам уақытында 2345 уағыз айтылып, 28140 адам тартылған. 59 ЖАНТ мүшелері 4932 адамға, 14 РАНТ мүшелері 735 адамға уағыз-насихат жүргізсе, Жұмадағы уағызға 42840 адам қамтылып, 1428 уағыз-насихат жүргізілген. Жат ағымға қарсы білікті мамандарды ауданымызға арнайы шақыртып, 32 жеке кездесуде 45 жат ағымға қарсы насихат жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ РАНТ мүшесі Елбек Хожамуратов, Нұр Мубәрак университетінің ұстазы Ризабек Батталұлы, РАНТ мүшесі Ғазиз Ахмет, РАНТ мүшесі Нұралы Бақытұлы, РАНТ мүшесі Қанат Жұмағұл, Медресе ұстаздары Ғалымбек Жапек т.б келіп, тиісті жұмыстарды жүргізіп, 5 адамды оңалтып, дәстүрлі ислам құндылықтарына қарай бағыттады.
-Бүгінде көпшілік діни ақпарат көздерін әлеуметтік желілерден алып жатады. Сіздер цифрландыру бағыты бойынша қандай жұмыстарды жүргізіп жатырсыздар?
-Уақыт талабына орай жаңашылдық бастамалардың бірі ретінде цифрландыру жан-жақты қолға алынып жатқанынан бәріміз хабардармыз. Әсіресе діни бағыттағы цифрлық дамудың алар орны ерекше. Жалпы Шу ауданында 26 мешітке бейнекамера орнатылған, ал 2 мешітке интернет желісі жүргізілген болса, өкінішке қарай 26 мешітке әлі интернет желісі тартылмаған. Біздің «Youtube», «Facebook», «Instagram» сынды әлеуметтік желілерде арнайы парақшаларымыз ашылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан тұрғындары «Shu_meshet_tolebi», «Shu_audan_meshiti», «Karibai_molda_meshiti» парақшаларымыздан ақпараттар ала алады.
-Дін мен дәстүрдің берік байланысын орнатудағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталсаңыз.
-Дін мен дәстүр-егіз ұғым. Біз тәрбиенің тетіктерін алға тартқанда сонау ықылым заманнан арқауы үзілмей бізге жетіп отырған халық ауыз әдебиетінің бай мұраларын пайдалануымыз қажет деп ойлаймын. Халқымыздың ертегі-жырлары, аңыз-әпсаналары, салт-дәстүрлерінің өн бойында адамның тұлға болып қалыптасуына жол ашатын негіздер бар. Биылғы жылы атқарылған жұмыстарымыздың барлығы дерлік дін мен дәстүр құндылығына қарай бағытталды. Дін мен дәстүрге бағытталған 88 іс-шара өтсе, соның 8-і спорттық іс-шара, 26-сы дөңгелек үстел, 19 кездесу, 12 семинар, 23 тәрбие сағаттары өткізілді.
Тал басіктен жер бесікке дейінгі ғұмырында тәрбиеге баса көңіл бөлген қазақ халқы бала өмірге келгеннен-ақ жат әдеттерден аулақ болуға үйретеді. Ислам дінінің негізі де сол ғой, яғни толық адам қалыптастыру. Мен қазақтың әрбір салтының астарына үңіліп, әр сәт сайын тәнті боламын. Мынаны қараңызшы, дүниеге келген балаға бесік жырын айтқанда “Бұл дүниеге келген соң, сұрауы бар судың да” деген жолдар кездеседі. Бұны тәрбие негізі десек, Ислам дінінде де біреуге қиянат жасамауға, өзгенің ала жібін аттамауға, әр нәрсенің сұрауы бар екендігіне үйретеді.
Қазір ұмыт бола бастаған, көбісі біле бермейтін 5-6 айға толған, еңбектеуге талпына бастаған баланың “бауырынан табақ өткізу” дәстүрі бар. Бұл ырым бойынша ауылдың инабатты, салиқалы, салмақты, жалпы бойына жақсы қасиеттерді жинаған адамдарға бір табақ асты ұстатып, баланың оң жағынан, сол жағынан алма-кезек өткізеді. Мұның мәні – бала жаман әдеттерден аулақ болсын дегені. Әрі балаға ананың сүтінен басқа тәніне азық болар өзге де ас-ауқат бар екені, ол ризықты Алла беретіні көзделеді.
Халық ауыз әдебиетінен бөлек, Абайдың қара сөздері, Шәкәрімнің жантану ілімі, басқа да ақын-жазушыларымыздың еңбектері ислам дінімен қабысып жатады. Сондықтан да кейінгі жастарымызды оқуға шақырамын. Бұған қоса бала тәрбиесінде Мағжан Жұмабаевтың «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» деген сөзін басшылыққа алу керек деп ойлаймын.
-Асыл дініміздегі ең үлкен сауапты іс-қайырымдылық жасау. Қанымызға сіңген қасиеттен бой тасалап қалу-қазаққа жат және ауыр сын. Осы игі істе ауданның аяқ алысы қалай?
-Соңғы жылдары түрлі қайырымдылық ұйымдары құрылып, ел арасынан жүрегі кең, жомарт азаматтар суырылып шығып, жоқ-жітіктің мұқтажын ескеріп, мүмкіндігі шектеулі жандардың ем-домына үлкен көлемдегі қаражат жинап, сауабы мол іске мұрындық болуда. Мемлекет тарапынан да ерекше жандарға ерекше қамқорлық жасалып, олардың мүдделері заңдық тұрғыда қорғалып, қамқорлыққа алынып, түрлі әлеуметтік көмектерге қолжетімділігі жыл сайын артуда. Бұл істе біз де артқа бұғып қалмақ емеспіз.
Қайыры мол қайырымдылық істерге тоқталсақ, Ақтөбе және Петропавл қалаларында орын алған төтенше жағдайларға байланысты ауданымыздан 2 камаз азық-түлік жөнелтіліп, зекет және қайырымдылық қорынан 2 миллион қаржылай көмек аударылды.
«Мектепке жол» акциясына орай 25 оқушыға сөмке таратылды, «Рамазан сыйы» акциясы аясында 55 отбасыға көмек көрсетілсе, Төле би мешітінде 30 отбасыға айттық үлестірілді. Бұған қоса, соғыс ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, азық-түлік себеттері таратылды. Жіпке тізіп айта берсек, қайырымдылық істің ұшы-қиыры жоқ және алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.
-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.