Заң үстемдігі – әділетті Қазақстанның негізі
Өткенге өкпе артпай, өнеге алуды құп көретін өр халқымыз қашанда жаңа жылдың бастауында үлкен жоспарлар құрып, елдің келешегін кемел етуге күшін сарқиды. Сол игі дәстүрді ұстанған көреген басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев та “Ана тілі” газетіне өткеннен сабақ алып, болашақты бағамдаған ауқымды сұхбат берді. Мемлекет тізгінін қолға алған күннен бастап экономиканы тұрақтандыру, халықтың әл-ауқатын көтеру жолдарын алға тартып, сиырқұйымшақтанып кеткен мәселелердің шешімін ел болып шешуге үндеп жүрген Президентіміздің алға қойған жоспарлары көңіл қуантады.
2024 жыл төтеннен келген түрлі табиғи апаттармен бетпе-бет күрескен жыл болса да ел Президентінің салмақты саясатының арқасында талай қиындықтарды дер уағында еңсере білдік. Сол арқылы қай жағынан ақсап тұрғанымызға талдау жасап, кем-кетіктердің орнын толтыруға бар күшімізді жұмсаудамыз. Заң мен тәртіпті алдыңғы орынға қойып, әділетті Қазақстан құру стратегиясын күн тәртібінен бір күн де түсіруге болмайтындығын баса айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының қазіргі қоғамдық ахуалға берген саяси бағасы мен алдағы жоспары көңіл қуантады. Былтырғы жылы нәтижесін берген жүйелі істеріміз жалғасын тауып, алдағы бес жылдың шеңберінде жүзеге асатын ауқымды жоспарларымыздың айы оңынан тусын дейміз.
Жасұлан Әбенов,
аудандық мәслихат төрағасы.