Ақпараттық портал

Шаһарға 8 түтін қосылды

Бүгінгі таңда бұқараның басты мәселесі баспана екені белгілі. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстігінде тұрғын үй кезегі қалың.
Бір ғана Шу өңірінде үйден үміттілердің саны 1800-ге жетіп жығылады. Кезектің төменгі жағында тұрғандардың күдері үзілер шақта республикалық бюджет есебінен тұрғын үй салу және сатып алу бағдарламасы көмекке келді.

Биыл Шу ауданында 2023-2029 жылғы республикалық бюджет есебінен тұрғын үй салуды және сатып алуды қаржыландыру және мемлекеттік бағалы қағаздар шығару, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрғын үйді мониторингілеу және өткізу қағидалары негізінде жүзден аса баспана сатып алынды.
Өткен жылғы өнегелі жұмыстар биыл да жалғасын тауып, Шу қаласындағы “Жетісу” тұрғын алқабында 8 үйдің кілті кезегін күткен жандарға табысталды. Аталмыш салтанатқа аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Досымбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің жетекшісі Мелс Бейсембаев пен өңірдің бас имамы Алмас Кенжемолдаев қатысты.
Ең алғашқы құттықтау сөзді алған Ерболат Әбдіжапарұлы ізгі тілегін жеткізсе, Мелс Нысанбайұлы қариялық лебізін білдірді. Одан бөлек, аудан басшысы жаңа қоңыс иелерін қуаныштарымен құттықтап, жүзеге асырылып жатқан жақсылықтар мемлекеттік қолдаудың аясындағы амалдар екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың мәселесін шешу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Мемлекеттік қолдаудың аясында ел алғысына бөленетін осы бағдарлама жүзеге асып, жерлестерімізге қуаныш сыйлап келеді. Осы орайда сапалы жұмыс істеген мердігерлерге риясыз алғысымды айтамын. Қоныстарыңыз құтты болсын! Іші жанға, тысы малға толсын,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің құттықтауында.
Мұнан соң меймандар пәтер кілттерін арманы орындалған отбасыларға тапсырды. Жаңа жылдары жаңа баспанада басталған отанасының бірі – Перизат Бақытжанқызы. Отағасымен бірге 7 баланы өсіріп отырған батыр ана тұрғын үй кезегіне 2017 жылы тұрған екен. Шаттық кернеген шаңырақ иелері аудан басшылығына өз ризашылықтарын білдіруде.
– Бүгін ұзақ жылдан бергі арманымыз орындалып, жаңа үйге қол жеткізіп отырмыз. Жалдамалы баспананың жыры аяқталып, балаларымыз уайымсыз күн кешеді. Үйдің орналасқан жері ыңғайлы. Балабақша, мектеп, аурухана мен саябақ, дүкен сияқты керекті нүктелер жақын орналасқан. Осындай қуанышқа себеп болған аудан басшыларына, құрылысшыларға мың алғыс. Осы көшеде өсіп-өніп, көршілерімізбен тату-тәтті тіршілік кешеміз деген сенім мол,-дейді көпбалалы келіншек.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.