Шоқпарда жаңа спорт кешені бой көтереді
Бүгінде ауылдық округтерде шешімін күткен мәселе шаш етектен екені сөзсіз. Әлбетте, оның бірқатары ауыл әкімінің ұйымдастырушылық қабілетіне қарай шешілетін түйткіл болса, енді бірі қазынадан бөлінетін қаржыға келіп тірелетіні анық. Одан бөлек, тұтас ауылды әбігерге салған даулы мәселелер де жоқ емес. Дәл осындай шешімін күткен шаруаларды көзбен көріп, өзектілігіне көз жеткізгенде ғана нақты шараларды қолға алуға болады.
Осыны ескерген аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков кейінгі екі жылда барлық ауылдық округтерде болып, түрлі түйткілдерді көзбен көріп, ауыл тұрғындарымен пікір алмасқан болатын.
Бұл бір шетінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бастамалар болса, екінші жағынан аудан әкімінің халықпен тығыз қарым-қатынас орнату бағытындағы жұмыстарының оң бағытта жүзеге асып жатқанын білдірсе керек.
Енді міне, аудан басшысы Бақытжан Жәнібеков аудан прокуроры Қайыржан Қуатбековпен бірге шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы кездесуі дәл осы Шоқпар ауылында өтуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені, аудан орталығынан ең шалғайда жатқан Шоқпарда шешімін күткен мәселе аз емес. Сол себепті де ауыл тұрғындарына ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың бірпарасын жеткізуді әрі тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түруді көздеген Б.Оразалыұлы шоқпарлықтармен кездесті. Жиын барысында ауылдықтар білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу, ауыз су және электр бағаналарына қатысты мәселелерді көтерді. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да бірнеше сауалдар қойылды. Өз кезегінде аудан әкімі аталған мәселелердің расымен де күрделі екенін айтып, оны шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Иә, қазіргі кезде елді мекендерде қордаланған мәселе аз емес. Олардың ең алғашқысы әрі күн тәртібінде тұрғаны – жарық мәселесі. Ауданда жел тұрса, қар немесе нөсер жауса болғаны бірден жарықтың сөндірілетіні шындық. Ал, табиғаты бөлек, жылдың төрт мезгілінде де жел саябырсымайтын Шоқпар ауылында бұл мәселе өте өзекті. Өйткені, өңіріміздегі электр бағаналары мен ондағы сымдардың барлығының дерлік тозығы жеткен. Осы мәселені шешу мақсатында өткен жылдан бері бірқатар жұмыстар қолға алынғанын айта кету керек. Дәлірек, айтқанда былтырғы жылы Алға және Сауытбек елді мекендеріндегі электр бағаналары толығымен жаңартылып, қайта жаңғыртылды. Ендігі кезекте біз жауапты мекеме басшылығына дәл осындай жөндеу жұмыстарын шалғай елді мекендерден бастау туралы ұсынысымызды жеткіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді аудан басшысы.
Бұл ретте Шоқпар жол дистанциясының инспекторы Ахан Нартбаев электр сымдарына тұрғындар болып қаржы жинасақ, жөндеу жұмыстарын аудандық ЖЭС жүргізіп берсе деген ұсынысын айтты. Оған қоса, ауыл тұрғыны көшенің жарықтандыруына да көңіл бөлу керектігін жеткізді. Басқосу барысында көтерілген негізгі мәселенің бірі – ауыл маңындағы шағын көлдерді кәдеге жарату туралы болды. Ауылдықтардың айтуынша, аталған көлдерде балық шаруашылығын дамыту қажет. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі көлдерді жеке кәсіпкердің қолына бермейінше ауыл маңындағы көлдерді дамыту мүмкін емес екенін ашық айтты. Сол себепті де, ең алдымен жеке кәсіпке бет бұруға ниетті тұрғындарға жол көрсетіп, бағыт беру қажеттігін ескертті. Ал кәсібін кеңейтіп, сол арқылы тұрмысын тіктегісі келетіндерге тәжірибе мен қолдаудың керек екені айтпаса да түсінікті. Өз кезегінде Б.Оразалыұлы бұл бағыттағы жұмыстар әлі де пысықталып, ауыл тұрғындарымен келісіп шешілетінін жеткізді.
Аудан әкімінің жергілікті ауыл тұрғындарымен кездесуінде көптеген мәселелердің көтерілетіні белгілі. Әсіресе, тұтас ауылға қатысты түйткілдер ақсақалдардың назарынан тыс қалған емес. Дәл осындай мәселелер Шоқпар ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуде де айтылды. Әсіресе, ауыз су мәселесі күн тәртібіндегі өткір мәселенің бірі болып тұрғанын айтты. Аудан әкімі қариялар көтерген түйткілдердің барлығы назарға алынып, жеке-жеке зерделенетінін айтты. Одан бөлек, үстіміздегі жылы ауданымызда екі бірдей заулім спорт кешені салынатынын, оның бірі Жаңа жол ауылында болса, екіншісі дәл осы Шоқпар ауылдық округінде бой көтеретінін жеткізді.
Ерғали Қартайған.