ШЕЖІРЕЛІ ШУ БОЙЫ
Мойынқұм ауданының біраз жері Шу өзенінің бойында орналасқан. Айдарлыдан Ұланбелге дейін ауылдар Шу өзенін бойлай қоныстанған. «Сулы жер – нулы жер» демекші, кезінде Асан қайғы бағасын беріп кеткен Шу бойы елдің малына пана, жайылым болғандықтан бұл аймақта халық үзілген емес. Тарихтың әр кезеңінде ауа көшу, қайта оралу процестері жүріп жатты. Әсіресе, маңызды тарихи оқиға Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр Шайбанидан бөлініп, осы Шу бойына қоныстанып, қазақ хандығын құрып, мемлекеттіліктің іргетасын қалауы.
Дәл осы Шу бойында қазақ деген ұлттың тұсауы кесіліп, қазақ атауының тарихқа енуі, яғни дүниеге келуі аса маңызды оқиға. Бұл туралы М.Х.Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде толықтай жазып кеткен. Кез келген дамыған мемлекеттің ауызша және жазбаша тарихы бар. Мысалы: Франция, Ресей. Біздің де ауызша тарихымыз бар және сол ауызша тарихты әр аймақта болған тарихи оқиғаларды сол аймақтың жергілікті халқы жадында жақсы сақтайды. Шу бойын мекен еткен халықтың санасында ежелгі ата-бабаларымыздан ауыздан-ауызға беріліп келе жатқан мәліметтер де баршылық. Ежелгі тарихи оқиғаларды, әпсаналарды білетін көнекөз қариялардың қатары сиреп те бара жатыр. Солардың айтқандарын хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізу үлкен міндет.
Көнекөз қариялардың айтқандарын хатқа түсіріп, мәлімет қалдырып кеткен өлкетанушылардың бірі және бірегейі Ахметәлі Жанғозиев. Ол кісінің 2003 жылы жарық көрген «Мойынқұм – тарихи өлке» атты кітабы бірден-бір құнды еңбек. Ахметәлі ағамыз жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қариялардың айтқан деректерін хатқа түсіріп және сол оқиғалардың тарихи шындыққа жанасатынын дәлелдеп кеткен.
Сол кітаптың 20-21 беттерінен үзінді келтірейін, онда «Ел мен Жер тарихына жетік, көпті көрген көнекөз қартымыз Хамит Мәуленов те бұлар жөнінде осындай бағытта орнықты ой толғайды. Аудандағы Қарабөгет ауылынан арқаға апаратын жолда, Қарабие өзенінің бойында «Қайып» деген жер бар дейді Хамаң. «Қайыптан» шығысқа қарай 12-шақырым жерді «Қасым басы» деп атайды, яғни бұл өңір Қасым хан мен Қайып ханның жайлауы болған. Осы тұстан терістікке қарай 40 шақырым жүрсеңіз «Қилықожаға» барасыз. Ол кісі Ақжол бидің (Дайырқожаның) інісі екен. Ал «Керегетаста» Жәнібек қыстауы дейтін жер бар. Мұнда Арғын-Жалайыр болысына қарасты 16 ауылдың адамдары, атап айтқанда, Махамбет, Ыбырайымқұлдың әулеттері 1929 жылға дейін қыстап келді», – делінген.
Мұндағы Хамит Мәуленовтің айтып отырғандарының бәрі шындыққа сай келеді. Ондай жер атаулары бар және ол адамдар тарихи тұлғалар, Қасым хан Жәнібек сұлтанның баласы, Қайып хан Тәуке ханның баласы. Керей мен Жәнібектің Әбілхайырдан бөлініп кетуінің бір себебі, Ақжол биді (Дайырқожаны) қара қыпшақ Қобыланды батырдың өлтіруі. Айтып отырған Жәнібектің қыстауы болған «Керегетас» деген жер Сарыөзек ауылының тұсында, солтүстігінде шамамен 30 шақырым жерде. Ахметәлі Жанғозиев кітабында тағы былай деп көрсетеді: «Ал Кіші Қамқалы ауылының шығыс жағындағы Шу өзенінің терістік беткейіндегі жер мыңдаған жылдар бойы «Қаратал» деп аталып келеді. Жері шұрайлы, тірлікке қолайлы өзеннің бұл маңының ені қысқа, яғни ұрымтал тұс. Жәнібек пен Керейдің көші міне нақ осы жерде, мұз үстімен өзеннің теріскей бетіне өткен. Жәнібек хан мен оның баласы Қасым хан қыстаған «Қараталды» ырым қылып, қойтас болысы Мәдібек Кеншімов осы жерден қыстау салған. 1960 жылы Мәдібектің қыстауының орнына «Мойынқұм» кеңшарының бірінші бөлімшесі орнықты».
Жоғарыда айтылған Керегетастағы Жәнібек сұлтанның жұртын білетін адам қалмады. Ал Қараталдағы Жәнібек сұлтан мен Қасымханның жұртының орнында Кеңес дәуіріндегі ғимараттардың орны жатыр. Мен 1983 жылы Сарыөзек ауылына көшіп келгенде қариялардан «Кенесарының өткелі» деген атауды еститінмін. Ол жерде Байтал кеңшарының малшылары жайлауда отыратын. Тарихтан белгілі нәрсе Кенесары өзіне қарасты 20 мың түтінімен орыс әскерінің қысымына шыдамай оңтүстікке ығысып Шу өзенінен өткендігі. Сол өткел Қараталдың маңында, Шудың ең енсіз жері, ұрымтал тұс. Ел қазір ол жерге «Тасөткел» деп ат қойып алған, асты керіш, тастақ, техника тығылмайды. Бұрын ол жерді Кенесарының өткелі деп айтатын қариялар өмірден өтті. Олармен бірге талай нәрсе кетті.
Кенесарының баласы Ахмет сұлтанның 1889 жылы С.И.Лихтин типо-литографиясынан шыққан «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты кітабының қазақша аудармасының 16-бетінде былай деп жазылған: «Меркені жайына қалдырып, Хантау ішіндегі қырғыздарды шауып, көп олжамен Шу бойына оралып, қысқа дейін Иткешу деген жерде отырды». Қазір сұрастырсаң Иткешу деген атау бәлен жерде деп ешкім айтып бере алмайды. Айдарлы ауылының тұсында «Ағыбайдың өткелі» деген атауды «Ақ жол» газетіндегі мақаладан оқыдым. Ағыбай батыр ол өткелден өту кезеңі Кенесары мен Наурызбайдың қырғыздардың тұтқынына түскен кезі 1847 жылға сәйкес келеді. Бұл да болған тарихи оқиға ғой. Уақыт өте келе кейінгі ұрпақ ол атауды да ұмытпасына кім кепіл?
Тағы бір айтайын деген маңызды нәрсе, Керейдің хан сайлануы туралы деректер, яғни Тұлпарсаз туралы М.Х.Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде 1465 жылы Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлады, бәйге болды деп көрсетеді. Ал Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен жарық көрген «Тарихи зерде – жаңғырған атаулар» атты кітаптың 365 бетінде былай деп жазылған: «Демек, осынау қасиетті қоныс, хан жайлаған өңір Мойынқұмдағы Қозыбасы тауы қазақ хандығының алғаш Туы желбіреген жері екені даусыз. Тұлпарсаз – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының орталығы, Мойынқұм ауылынан басталып, Құмөзекке дейінгі Шу өзенінің атырауланып келіп таралатын, шамамен 40-50 шақырым аралығын алып жатқан бөлігі. Бұл жерді тұрғылықты халық ежелден Тұлпарсаз деп атаған. Сыр бойынан тышқан жылы қара күзде үдере көшкен Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған көш Мойынқұмда қыстап шығып, келесі жылы көктемде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлаған. Яғни Тұлпарсаз – қазақ хандығы тарихындағы аты алтын әріппен жазылуы тиіс қасиетті жер».
2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтті. Бұл шара Тараз қаласында өткізілді. Тараз – 2000 жылдық тарихы бар Жібек жолының бойындағы белгілі қала. Шын мәнінде, қазақ хандығы құрылған, қазақ деген ұлттың тұсауы кесілген қасиетті жер Шу бойы, «Тұлпарсаз» тағы басқа тарихи жерлерді ешкім іздеген жоқ, былайша айтқанда тасада қалды деп ойлаймын. Еш болмаса сол іс-шараның аясында ғылыми экспедиция шығып, өлкетанушы қарттарымызға жолығып, қосымша деректер жинап, я болмаса тарихи жерлерді анықтап белгі қойса болатын еді деп ойлаймын. Уақыт өте келе бұл жерлерді де көрсететін адамдардың қатары сиреп бара жатқаны және бар.
Жер бетінде 1,5 млрд мұсылман болса бәрінің тәу ететін жері Мекке-Мәдине, яғни ислам дінінің орнаған жері. Сол сияқты, жер бетінде шамамен 13,5 миллион қазақ болса, қазақ ұлтының атауы дүниеге келген жері, мемлекеттіліктің пайда болған жері Мойынқұм, төменгі Шу бойына атбасын бұрып құрмет көрсетуі керек деп ойлаймын.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өз өлеңінде:
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер,
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлетіп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер,
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке, мына аймақ бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкіршілік етемін қашан да
Осы бір Отанда тұрғанға! -деп жырлайды емес пе?
Ендеше алда-жалда осы қасиетті жерлерді іздеп келетін бір қазақ болатын болса, сол тарихи жерлерге еш болмаса стелла қойып, тақтайшаға қысқаша жазып қою сияқты әрекеттер жасау керек.
Жуырда «Қазақ хандығы» кинофильмі түсірілгенін бәріңіз білесіздер. Ол тарихи кинофильм болғандықтан сол киноның еш болмаса бір сериясын осы Шу бойында түсіріп, жер атауларын халықтың есіне салып, сол жерлерді көрсетіп, ауып келген елдің өзіне сая, малына пана болған Мойынқұмның табиғатын көрсеткенде дұрыс болатын еді.
Осы тақырыпта айтары бар, осы пікірді қолдайтын қариялар, азаматтар болса үн қосыңыздар. Осы іс-шараны жүзеге асыруды ойластырсақ сауапты іс болар еді. Кіші Қамқалыда, кезінде Сәкен Сейфуллинді Арқадан Әулиетаға жеткізген Сүйіндіктің ұрпақтары Шу өзенінің бойына, Сәкен өткен өткелге белгі қойды. Талай адам риза болды. Ол кісілерге Алланың нұры жаусын! Сол сияқты осы қасиетті жерлерге белгі қоямын дейтін азаматтар болса оларға да Алланың нұры жаусын!
Мақсұт ОМАРОВ,
тарихшы, өлкетанушы.
Сарыөзек ауылы.