Тәртібі түзу елдің түтіні түзу шығады
Өңірімізде “Шу – қауіпсіз аудан” профилактикалық іс-шаралар бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына жылдың жүзі толды. Былтырғы қаңтар айында бастау алған бағдарлама Шу ауданындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуды көздейді. Аудандық прокуратура мен полиция бөлімі, жергілікті атқарушы орган басшыларымен бекітілген жоспарға сәйкес жыл бойы Шу қаласы мен ауылдық округтерде түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ауқымды жоспарда профилактикалық іс-шаралар бірнеше бағыт бойынша түзіліп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелген.
Мәселен, құқық бұзушылықтың алдын алуда кәмелет жасына толмаған жастарға ерекше мән берілген. Себебі көптеген келеңсіз дүниелер ақпараттандырылмаған жастардың қолымен жасалып, оған алкогольді тұтыну, түнгі уақытта бей-берекет жүру мен зиянды заттармен әуестену өз ықпалын тигізбей қоймайды.
Осы мақсатта аудандық полиция бөліміне әкімдікпен бірлесіп түнгі уақытта арақ-шарап сатушыларды анықтау, жасөспірімдердің көңіл көтеретін орындарда жүруін тию, тіркеудегі азаматтардың жай-күйін біліп отыру, заңсыз қару айналымын тұсаулау тапсырылған. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар да аз емес.
Сонымен қатар аталмыш жоспарда отбасылық-тұрмыстық жағдайдағы құқық бұзушылықтарды құрықтау да көзделген. Ондағы міндеттер де тиісті органдарға жүктеліп отыр. Одан бөлек, меншікке қарсы қылмысты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларын қолдау мен қолданыстағы бейнебақылау жүйесін ұтымды пайдалану, қылмыс жасауға қолайлы орындарды жою мәселесі осы жоспарда қамтылған.
“Шу – қауіпсіз аудан” профилактикалық іс-шаралар бағдарламасындағы ерекше назар аударатыны кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы. Бағдарламаның осы бөлігіне сәйкес орта, арнайы орта оқу орындарының оқушылары мен студенттерімен тығыз байланыс орнатып, олардың қажеттілеріне құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдерінің басшыларын бекітіп, тұрақты жұмыс жүргізу тапсырылған. Оның ішінде жайсыз отбасылар мен ата-аналық құқықтарына немқұрайды қарайтын жандардың тізімін жасақтап, олардың үй-жайларына ұдайы барып тұру, балаларымен аракідік әңгімелесу көрсетілген. Бұл өз кезегінде жұмысты жеңілдетіп, көздеген мақсатта жетуге оң әсерін тигізері сөзсіз.
Әкімдіктің әлеуметтік желісін парақтай отырып аталған бағыттарды іске асыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілгенін байқаймыз. Себебі жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полиция инспекторлары, білім ошақтары басшыларының қатысуымен рейдтік жұмыстар жүргізілген.
Сондай шаралардың бірі ретінде Шу қаласында жүргізілген жұмысты тілге тиек етуге болады. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев бастаған топтың құрамында шаһар әкімінің орынбасары Б.Төлендиев, аудан әкімі аппаратының бас инспектор-заңгері М. Балқожа, қала әкімі аппаратының заңгері мен полиция қызметкері болды. Аталмыш топ қаладағы оннан аса дүкендерге бас сұғып, алкоголь өнімдерін сату кезіндегі заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтың ащы судың рұқсат етілмеген кезде сатылғандығынан болатынын түсіндірді. Одан бөлек, дүкендердің иелері мен сатушыларына ақпараттық парақшалар таратылды.
Найман Кенжеханұлының айтуынша, шараның негізгі мақсаты – алкоголь өнімдерін сату кезіндегі заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
-Алкоголь өнімдерін сату -қатаң бақылауды қажет ететін сала. Сондықтан заң талаптарына бағыну кәсіпкерлермен қатар қоғамның қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Осы бағытта бүгін Шу қаласының бірқатар дүкендерінде болып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. “Шу – қауіпсіз аудан” профилактикалық іс-шаралар бағдарламасын түсіндіріп, өскелең ұрпақтың болашағына оң ықпал етуге шақырдық,-дейді аудан әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар Н.Сұлтанбаев бағдарламаның «Құқық бұзушылық профилактикасы» аясында Балуан Шолақ ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебі, Бөлтірік ауылындағы Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебі, Бәйдібек ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектептерінде ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту дейді ұйымдастырушылар.
Кездесуде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстың өсуіне жол бермеу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және интернет алаяқтық мәселелері жан-жақты талқыланды. Аталмыш жиында тойлардың ерте басталуы мен ішімдіксіз өткізілуінің қылмыс деңгейін төмендетуге ықпалына ерекше назар аударылды. Ас мәзіріндегі ысырапшылдықты қысқарту туралы ұсыныстар да қызу көтерілді. Кәмелетке толмағандардың тойларда даяшы болып жұмыс істеуіне жол бермеу қажеттігіне байланысты ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Көптеген мәселелер қамтылған мәжілісте ауылда ішімдіксіз өмір салтын қалыптастыру кеңінен сөз болды. Жеке кәсіпкерлердің ішімдікті сатудан бас тартуына бағытталған түсіндіру жұмыстарын қолға алу жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл бастама ауыл тұрғындарының ынтымағын нығайтып, ұсақ бұзақылықтар мен ұрлықтың азаюына оң әсер етеді деп күтілуде. «Ішімдіктен бас тартып, ізгілікке бет бұрайық!» үндеуі жиын барысында ерекше қолдауға ие болғанын айта кеткен жөн.
Шараға Шу АПБ ЖПКБ ЮПТ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Н.Қыздарбеков, Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Д.Сандыбаев, Дулат ауылдық округінің әкімі Б.Кірпікбаев, Шу ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Балтабай қатысқан.
Дәл осындай нұсқадағы басқосу Ақтөбе ауылдық округіндегі Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебі, Қорағаты ауылдық округіндегі Мойынқұм мен Жиенбет елді мекендеріндегі білім ошақтарында өтіп, өзекті мәселелер талқыланды.
Байжан Емберді.