Әскери борышын Ауған жерінде өтеді
Тарих парағына көз жүгіртер болсақ, 1979 жылы Кеңес әскерлерінің қатарындағы сарбаздар интерна-ционалдық борышын өтеу үшін Ауған жеріне аттанған еді.
Он жылға созылған сол бір әділетсіз соғыста қазақ даласының 22 мыңға жуық азаматы Ауғанстан жерінде болып, оның қатарында 900 сарбаз қаза тапса, 20-ы хабар-ошарсыз кеткен. Бүгінде сол сұм соғыстың аяқталғанына 36 жыл толып отыр. Қанша уақыт өтсе де бұл оқиға оның қатысушылары үшін әрқашан жүректе ауыр сезіммен сақталады. Өйткені, кейбір жауынгерлер осы майдан даласында отандас қаруласынан айырылса, енді бір азаматтар өз Отанына мүгедек болып оралды. Қандай қиындыққа душар болса да олардың әрқайсысы өздерінің интернационалдық борыштарын адал атқарғанына күмән келтірмейміз. Сондықтан, кейінгі ұрпақ өмірден өткен интернационалист жауынгерлердің рухына тағзым етіп, арамызда жүрген осындай азаматтарға құрмет көрсетуді әрдайым назарда ұстайды.
Дәл осы майдан даласында шулық жерлестеріміздің де болғандығын атап өткен жөн. Солардың бірі – Тұрысбаев Мұрат Рзаханұлы. Ол 1961 жылы 5 наурызда Шу қаласында дүниеге келген. 1968-1978 жылдары Шу қаласындағы Ю.А.Гагарин атындағы орта мектепте білім алады. 1978 жылы тамыз айында алғашқы еңбек жолын бастап, Шу Локомотив депосына слесарь болып жұмысқа орналасады. Алайда, көп ұзамай әскер қатарына алынып, 1979 жылдың 29 желтоқсанынан Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингентінде әскери міндетін атқарып, 1981 жылдың маусымында елге оралады. Әскери азаматтық борышын майдан даласында өтеп, әскери ұстанымға адалдығы үшін кейін “Интернационалист жауынгер”, «70 лет ВС СССР», «От благодарного Афганского народа», Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 10, 20, 25, 30, 35 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталады.
Әскери азаматтық борышын аман-есен өтеп келгеннен кейін, қайтадан бұрынғы жұмыс орнында жұмысын жалғастырып, осы ортада ұзақ жыл еңбек етіп, 45 жылдан астам еңбек тәжірибесімен 2024 жылы наурыз айында зейнеткерлікке шығады. Ұзақ жылдар бойы бір ғана мекемеде тер төгіп, зейнет жасына дейін табысты еңбек етуі оның өз ісіне зор жауапкершілікпен қарап, адал еңбек еткендігін аңғартып тұрғандай. Соның дәлелі болса керек, Мұрат Рзаханұлы 2005 жылы Көлік және коммуникация министрінің Алғыс хатымен, 2010 жылы «Қазақстан темір жолы” ҰК АҚ-ның «Үздік маман» төсбелгісімен, 2016 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ президентінің Алғыс хатымен, 2022 жылы «Қазақстан темір жолына 25 жыл» төсбелгісімен, 2024 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Уақыт ағымында отбасын құрып, жұбайымен бірге екі қыз, бір ұлды өсіріп, тәрбиелеген азамат бүгінде 13 немеренің ардақты атасы.
– Майдан даласындағы күндер үміт пен күдікке толы. Алайда, бұл күндер де артта қалды. 1980 жылғы наурызда Герат қаласының кіреберісіндегі үлкен асуда бір қаруласым көз алдымда жарақат алып, мен жау оғынан аман қалдым. Жаралы азаматты жуалылық жігіт екеуміз ұрыс даласынан алып шығып, госпитальға жеткіздік.
Бір үміт, бір күдік демекші, осы Герат қаласының түбінде Ауғанстан елінде тұратын жергілікті қазақ азаматпен кездесіп, шетелдегі өз ұлтымыздың өкілін көргенде ерекше сезімге бөленгенім бар. Мен ол кісіден өзіміздің Ауғанстанның қай жерінде, қандай аймақтармен шекаралас нүктеде тұрғанымызды сұрап, білдім.
Жалпы, соғыс деген жақсы іс емес екені анық. Осы кезеңдерде бірнеше азамат көз жұмып, жақындарына қайғы әкелді. Біздің тілегіміз елімізде бейбітшілік болып, өскелең ұрпақ мұндай зұлматты көрмесе екен дейміз,- деп естеліктерімен бөліскен кейіпкеріміз ізгі тілегін де жеткізді.
Бұл тілекке біз де үн қосамыз және әскери азаматтық борышын майдан даласында өтеген жерлестеріміздің ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі етуді де әрдайым жадымызда ұстайтын боламыз.
Динара Бақытжанқызы.