Ақпараттық портал

Бітім – келіспеушілікті жоюдың ең қолайлы әдісі

Сот ісінде қос тарапты риза ететіндей заңды шешім табу өте қиын. Осы жағдайдан шығудың бір жолы – бітімгершілік келісім жасасу. Өйткені, даулы мәселелерді келіссөздер арқылы дербес шешу азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді жоюдың ең қолайлы әдісі болып табылады. Әр істі мәні бойынша қарауды бастаған сот тараптарға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Оның ішінде сот тараптарға татуластыру рәсімдерімен дауды қысқарту құқығын жеке түсіндіреді және істің мәні бойынша шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін тараптардың істі бітімгершілік келісіммен аяқтауына мүмкіндігі барын ескертіп, тараптардың істі бітімгершілік келісіммен аяқтауға қатысты пікірін анықтайды.
Татуласу келісімін тараптар міндетті түрде жазбаша нысанда жасасуы және оған өздері немесе олардың өкілдері кол қоюы тиіс. Азаматтық процестік кодекстің 61-бабына сәйкес, бітімгершілік келісім жасасуға өкілдің өкілеттіктері сенімхатта арнайы көзделуге тиіс. Бітімгершілік келісімнің шарттарын бекіту туралы арыздың түпнұсқасын осы келісімді бекіткен сот іс материалдарына қоса тіркейді. Келісім бекітілгенге дейін сот тараптарға татуласу келісімі бекітілгеннен соң, іс жүргізу тоқтатылатынын, тараптар арасындағы, сол нысана туралы және сол негіздердегі дау бойынша сотқа екінші рет жүгінуге жол берілмейтіні түсіндіріледі. Татуласу келісімінде міндеттемелерді орындау шарттары, мөлшері және мерзімдері туралы тараптар келіскен мәліметтер қамтылуға тиіс. Шарттар нақты көрсетілуі керек.
Бітімгершілік келісімді бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы сот ұйғарымы сот шешіміне теңестіріледі. Татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар ерікті түрде және көзделген мерзімде орындайды. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі тараптың өтініші негізінде сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Қазіргі кезде даулардың басым бөлігі татуласумен реттелуге жатады. Сондықтан, тараптар татуласуға бірінші қадам жасап, кішіпейілдік танытып, ренішті ұмытып, қателік орын алса, оны мойындап, кешірім сұрағаны жөн. Себебі сотқа жүгінген тараптардың ерікті түрде, өздерін қанағаттандыратын, қолайлы шарттар негізінде ортақ шешімге келуі – дауды реттеудің ең тиімді тәсілі.
Дау қуған елде даму жоқ. Бұл ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Аталы сөзге тоқтау, әділ айтылған билікке бас ию, ортақ келісімге келу ата-бабаларымыздан бері жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Осы дәстүрді жалғастырып, халықтың әуре-сарсаңын азайтып, даулардың бітімгершілікпен бітуіне көмектесетін медиацияны көптің қолдауымен ғана дамытуға, қолданысын кеңейтуге болатынын ұмытпауымыз керек.
Абылай Мырзақұлов,
Шу аудандық сотының әкімшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.