Ақпараттық портал

Кітап – рухани құдіретті күш

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Абай
Өркениет биігіне жеткізетін рухани құдіретті күш кітап – тұнып тұрған даналық, білім, ақыл, тіл, мәдениет, тарих, сана, рух, ғылым, тәжірибе әлемі. Рухани жетілудің мінсіз мүмкіндігі – кітап оқу. Бір сөзбен айтқанда, кітап – заманалар шежіресі, еліміздің, халқымыздың, мемлекетіміздің тағдыры, замана тудырған тұлғалармен сырласу. Енді мынандай сұрақ туады. Кітапты не үшін оқу керек? Ең алдымен білім алу үшін жаңа идеялар іздеп оқиды. Одан бөлек, кітап адамның дүниетанымын, жеке бас құндылықтары мен адами қасиеттерін қалыптастырады. Кітап адамның тұтастай өмір санасына әсер етеді.
Кітап дүниетанымды қалыптас-тырады дедік, жақсы кітап оқу арқылы адам ойының көкжиегі кеңейіп, сенімдері мен түсініктерін тереңдете түседі. Кітап оқу арқылы өзіңнің бейнеңді кітаптағы кейіпкермен салыстырып, шынайы бейнеге айналуға үйренесің, яғни елестету, ойлау, ой қорыту, пайымдай алу қабілетің дамиды. Ондағы сұраққа жауап табасың, ойланасың. Кітап өзіңді дамытуға шабыттандырады. Жетістікке жетуге ынталандырады, жаңа деңгейге бастайды. Ақыл – ойыңды тіпті біз білмейтін биік деңгейге жетелейді. Қандай да бір жағдайда «Мен дұрыс жолда жүрмін бе?» деген сұрақтың төңірегінде ойлай алуға көмектеседі. Біздер, аға буын өкілдері жас кезімізден кітап оқудың пайдалы екенін жақсы білеміз.
Ойлаңызшы, қазір жастар құнды уақыттарын пайдасыз істермен, көңіл көтерумен, ойын-сауықпен өткізеді және ұялы телефонда отырады, кітап оқымайды. Меніңше, кітап оқымайтындар өз елімен еш байланысы жоқ, тарихын да, мәдениетін де білмейтін тамырсыздар емес пе? Сондықтан, жастарға айтарым, кітап оқысаңыз сіз ойланасыз және көз алдыңызға елестетесіз. Автор сізге кітап жазып берді, ал сіз барлығын өз көзқарасыңызбен қабылдайсыз. Кітап оқудың артықшылығы мыналар: миды жаттықтырасыз, сөздік қорың молаяды, есте сақтау қабілетің артады, көңіл күйіңді көтереді, ұйқы сапасы артады және жаңа білім алуға дағдыланасың, сол үшін күніне ең кем дегенде жарты сағат кітап оқу қажет. Ата-ана балаларын жастайынан кітап оқуға дағдыландыруы керек. XXI ғасырда барлығы өзгереді. Бала болашақта бәсекеге қабілетті маман болуы үшін туғаннан бастап дамуды бастау керек. Өзінің сүйікті ісімен айналысу үшін әрі қарай оқып үйренуі керек, бұл – заман талабы.
Биылғы жылы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында құрметті кітап сүйер оқырмандар, шығармашылық қабілеттеріңізді, ой-өрісті дамытуға, рухани байлықты жетілдіріп, қоғамның зияткерлік әлеуеті мен мәдени құндылықтары жайында көптеген ақпараттар алу үшін барлықтарыңызды аудандық кітапханамыздың қорына түскен кітаптарды, үйдегі әдеби кітаптарды оқуға шақырамыз.
Жастар!
Сабыр деген аялдамада тұрсың,
Үміт деген көшті күтіп,
Бақыт деген қалаға жету үшін
Сапарларың сәтті болсын! Кітап оқып, армандарың асқақтап, жаңа идеяларға бастайтын азамат болыңдар!
Дәнен Бейсенбаева,
Шу аудандық ардагерлер
кеңесінің алқа мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.