Ақпараттық портал

Халық қамқоршысына айналған қария

Осы мақаланың кейіпкері «Бір елде, бір ауылда бір жоқтаушы, бір айқайшы, бір батыр болмаса, халық болмайды» дейді. Бұл мақала желісінде бір ауылдың жоқтаушысына айналып, үлкен-кіші жиында ауылдың жарқын келешегіне негізделген өзекті мәселелерді ортаға салып, сол ауылдың әлеуметтік ахуалының артуына үлес қосып келе жатқан Кеңесбек Дуанбаев туралы сөз болмақ.
Бұл азамат 1936 жылы ауданымыздың Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1955 жылы он жылдық мектепті бітіріп, «Ақ егіс» бригадасында еңбек етті. Ол кезде астықты комбайннан қос ат арбамен тасыған екен. Кейіпкеріміз жас болса да белсенді еңбеккерлер қатарынан көріне білді.
1957 жылы отбасын құрып, жұбайымен бірге 10 қыз, екі ұлды тәрбиелеп, өсіреді. Қазіргі уақытта жасы тоқсанға таяған қария 45-тен астам немере мен 35 шөберенің ардақты атасы. Отбасын құрғаннан кейін де 1958-61 жылдары мал фермасында 4 жыл учётчик, 1962-1970 жылдары звено жетекшісі болып жұмыс жасады. Қызылша алқабында 500-600 центнерге дейін өнім алып, орталық партия комитетінің медальдарымен марапатталды. Ерен еңбектің ықпалымен 1971-81 жылдары қызылша бригадасының бригадирі болды. Айтуынша, сол жылдарда өнім көбеймесе, азайған емес. Қант зауыты да күндіз-түні жұмыс жасап, көрсеткіш жаман болмаған көрінеді.
Алайда, осы салада бірнеше жыл еңбек еткен кейіпкеріміз кейінірек күнкөріс қамымен мал шаруашылығына ойысады. Мал бағу да оңай іс емес. Дегенмен, істің ебін тапқан азамат малды ауылда жалға мал бағып, жыл сайын 50 өгізді 350-400 келі салмақпен қожайынға өткізіп, бұл ортадан да алғыс арқалап, адал қызмет етті.
1996 жылы зейнеткерлікке шықса да, қол қусырып, қарап жатпады. Малды ауылдан Еңбекші ауылына тұрақтап, ауылдың әлеуметтік ахуалына алаңдаған қария Кеңес үкіметі кезінен Еңбекші ауылынан Белбасар ауылына қатынап оқитын балаларды тасымалдап келген автобус көлігінің қысқаруына орай, алты шақырым қашықтыққа жаяу барып келуді тоқтатқан оқушылар үшін жоғарғы билік өкілдеріне өтініш жазып, облыс әкіміне дейін барып, нәтижесінде Еңбекші ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің дербес бөлініп, алғашында орталау мектеп, кейін яғни 2002 жылдан орта мектеп болуына ықпал етті.
Сол кездердегі тағы бір өзекті мәселе – жарық мәселесі еді. Болса да уақытпен берілетін. Мұнда да Кеңесбек ағаның ұйымдастыруымен әр үйден бірдей сомада қаражат жиналып, ол қаражатқа трансформатор жөнделіп, халық жарықпен қамтылды.
«Жолдың жәйін жүрген білер» демекші, бірнеше жыл жөндеу көрмей, жарамсыз күйге түскен ауыл жолдары да қарияның назарынан тыс қалмады. 2010 жылы Қ.Жабағиев ауданға басшылық еткен тұста көпшілік жиында К.Дуанбаев осы мәселені ортаға салып, ауыл жолдарына асфальт төселуіне ұйытқы болды. Сол секілді ауылда 2008 жылы қолға алынып, 2010 жылы өз жұмысын бастаған жанында асханасы бар мешіт, 2009 жылы халыққа қызмет көрсете бастаған емхана сынды нысандардың іске қосылуы, жергілікті тұрғындардың 2012 жылы көгілдір отынмен, 2023 жылы ауыз сумен қамтылуы, барлығы осы азаматтың халыққа жанашырлық танытып, билік өкілдері алдында бірнеше рет өтініш жасауының арқасында орын алған.
-Бүгін де монша мен интернеттің жоқтығы болмаса, жалпы ауыл ахуалы біршама жақсарды. Қаламен теңесіп қалдық десек те болады. Мұның барлығы халық қамын әрдайым алдыңғы қатарға қойып жүретін Кеңесбек ағаның ерен еңбегінің жемісі. Осы еңбегін бағалаған аудан басшылары К.Дуанбаевқа «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Қазір бұл кісі 90 жасқа таяп қалды. Жүз жасасын деген тілегіміз бар. Бұл көптің тілегі деп білген жөн. Ұрпағының қызығы мен қуанышына бөленіп, жүре берсін демекпіз,-дейді Еңбекші орта мектебінің ұстазы Асылхан Жапсарбаев.
Біз де өз кезегімізде елдік жолындағы ерлік істерімен танылып жүрген қарияның көрер жақсылығы көп болсын дейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.