Ақпараттық портал

Атқарылған жұмыс аз емес, алдағы міндет те ауқымды

Бұрнағы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде құрылған қоғамдық кеңестердің бүгінде атқарып отырған қызметі мен маңызы өте зор. Себебі, бұл – мемлекеттің қарапайым халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бір бағыты болып табылады. Мәселен, аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты басқосулары – өңіріміздегі шешімін күткен өзекті мәселелерді талқылау, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларының атқарған жұмыстары жөнінде
толыққанды есептер алу, қолға алуы тиіс шараларды белгілеп беріп, қажет жағдайда сын айтып, белсенділікке шақыруға, аудан әкімдігінің де қаулыларын қарап, қоғамдық кеңестің мақұлдауымен іске асыруға бағытталған.

Қоғамдық кеңес ең әуелі, билік пен халықтың арасын алшақтатпаудың бірегей жолы екенін айта кету керек. Мәселен, аудандық қоғамдық кеңес құрылған уақыттан бастап, жергілікті жердің қоғамдық өміріне белсене араласып, маңызды мәселелерді билік органдарымен бірлесіп шешуге үлес қосып келеді. Әсіресе, жергілікті халықтың, тіпті билік өкілдерінің қолы жетпей жүрген мекеме басшыларының, әртүрлі серіктестіктер мен мердігерлердің жұмысына зерделеу жасап, олардан есеп алу да тұрақты үрдіске айналған. Дәл осындай басқосу ағымдағы аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, аталмыш жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тынышхан Әрістеев пен кеңес мүшелері қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан басшысы Б.Жәнібеков баяндама жасап, өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы қолға алынатын бірқатар жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарын баяндады.
– Тұтастай алғанда, өткен жыл ауданымыз үшін табысты аяқталды деуге толық негіз бар. Былтыр жалпы саны 19 инвестормен кездесу өтіп, нәтижесінде 4 инвестициялық жоба жүзеге асса, тағы 3 жоба жүзеге асырылу сатысында. Оның басым бөлігі «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында орналасқанын да айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, өңіріміздегі ең күрделі түрғын үй мәселесі де кейінгі жылдары рет-ретімен шешімін тауып келеді. Мәселен, 2023 жылы 60 азаматқа баспана кілті табыс етілсе, өткен жылы да 60 тұрғын қоныс тойын тойлады. Қазіргі таңда тағы 40 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сәтін салса, жуық арада кезекте тұрған азаматтарға табысталатын болады. Білім саласы бойынша да біршама жұмыстар атқарылды. Нақтырақ айтқанда, былтыр барлығы 7 жоба қолдау тауып, Шу қаласындағы А.С.Макаренко және Тасөткел ауылдық округіндегі Ш.Мұртаза атындағы білім ошақтары күрделі жөндеуден өтті. Оған қоса, Жиенбет ауылынан 100 орындық мектептің құрылысы басталды, – дейді Бақытжан Оразалыұлы.
Аудан басшысының баяндамасынан кейін кеңес мүшелері инвестициялық жобалардың толыққанды жүзеге асырылуына, тұрақты жұмыс орындарының ашылуына және осы кәсіпорындарға жергілікті жерден жұмыс күшін тартуға барынша ықпал ету, әкімдік тарапынан жүзеге асырылатын жұмыстардың сапалы жүргізілуін бақылауда ұстау сынды бірқатар ұсынымдарды бірауыздан қабылдады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы С.Оңланбеков баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері бөлім басшысына бірқатар сауалдар қойды. Кеңес барысында қабылданған ұсынымдар қоғамдық кеңестің жіті бақылауында болмақ.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.