Ақпараттық портал

Бонапарттың үйлену тарихын білесіз бе?

“Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ ісі” дегенді жиі ұранға алып жатамыз. Бірақ, кейде ұлықтауға лайық ұлыларымызды танимыз ба деген ойлар мазалайды. Қазір қоғамда ұлыларымыздың еңбектерін бағалап-дәріптеу былай тұрсын, оларды жыға танымай, өмірін сөз етіп, орынсыз ғайбаттауларға жол беріп жүргендейміз. Анау Алашшыл Сәкен қырық қызға қылмыңдапты, Сәбит алаштықтарды сатыпты, берідегі Мұқағали маскүнем болыпты деген сойқандарды әлеуметтік желіде соғып отыратын сауатсыздардың сөзіне еріп жүргендер де жоқ емес. Мейлі, солай-ақ болсын делік. Бұлай біреудің жеке өмірін қазбалап, өсек-аяңға ілесе беретін болсақ, қайтіп ел боламыз?! Дамуға бет түзетіп жатқанда неге рухани жұтаңдыққа аяқ тартып барамыз?! Сол қоғам қайраткерлерінің, ел арыстарының, ақын-жазушы, сал-сері, әнші-күйшілердің шығармашылығына бойламай, шырғалаңға толы өмірін шырмауықтай шатыстырып, шыңға шығуға талпынбай, шыңырауға кетіп бара жатқанымыз жан қынжылтады.
Кеше ғана Мұхтар Мағауиннен айырылдық деп мұқым жұрт күңіренсе, ізін суытпай Дулат Исабековтен көз жазып, қабырғамыз қайысты. Тірісінде қадіріне жетпей, таудай биік қалпы болса да тақиядай жерде төрге шығара алмағанымызға налыдық. Тұлғатану ісінде тындырған түгіміз жоқ екен. Мұхтар Мағауин арғы-бергі тарихымызды түгендеп, қолымызға ұстатса да барымызға еге бола алмай жатырмыз. Көркем прозасы мен драматургиясы арқылы өз заманының шынайы бейнесін жеткізе білген Дулат Исабековті танитындар кейінгі толқында саусақпен санарлық. Қош…
Яки көркем қара сөз түрінде, не болмаса өлең түрінде жазылатын проза мен поэзия жанрындағы әдеби шығарма атаулының тек тамшыдай ғана нәрін алғаннан болар, өзім болысып-толысып шығарма жазуға әлі бекінген жоқпын. Мүмкін, жазбаспын да… Бірақ оқығанды көңілге тоқып, ойлы ортаға бара қалсам, шығарма желісін айтып беруден тартынбаймын. Мен сөз еткен алыптардың бірі Мұхтар Мағауинге кейінірек тоқталамын. Бүгін Дулат Исабековтың шығармашылығы төңірегінде бірер ауыз сөз айтсам…
Университет қабырғасында 3-курс оқып жүрген жылдар болуы керек, Алматы қаласындағы “Цезарь” кинотеатрында белгілі драматург Дулат Исабековпен кездесу өткен болатын. Сонда Дулат Исабековтың өзін көріп, ол туралы “Исабеков әлемі” атты деректі фильмді тамашаладық. Мектеп қабырғасында “Әпке” шығармасынан әсер алып, балалық шақтағы теледидардан “Гауһартас” фильмін көріп өссек те, шығармашылығымен толықтай таныс емес едік. Жетпісінші жылдан былайғы студенттер Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдарын” жата-жастана, жарыса оқыса, біз студент болған жылдарда Дулат Исабековтың “Қарғыны” жастар арасында танымал болған еді. Жасын мен Бағила есімді кейіпкерлердің арасындағы сезім шынайы суреттелген роман басылған шағын ғана кітап өз арамызда қолдан-қолға өтіп жүруші еді.
Дәл сол бірінші курсқа аяқ басқан жылдың екінші семестрінде “Әдебиеттануға кіріспе” пәні бойынша Жолдасбек Мәмбетов ағайымыз дәріс оқушы еді. Әр дәрісін аяқтағаннан кейін үйге тапсырма ретінде оқуға бір кітап немесе екі-үш әңгімені тізіп беретін. Бірде Дулат Исабековтің “Бонапарттың үйленуі” және “Талахан-186” әңгімелерін оқуға берді. Сабақ аяқталысымен бірден Ұлттық кітапханаға жол тарттым. Өзі шағын ғана әңгіме болғандықтан, екі шығарманы да бір деммен оқып шықтым. Ол әңгіме жазылғаннан бері жарты ғасыр уақыт өтсе де сол замандағы мәселелердің күрмеуі әлі күнге шешілмей, елдің деңгейі де сол құралпылас күйінде. Онда неге «Елу жылда ел жаңа» дейді?
Дулат Исабековтың «Бонапарттың үйленуі» атты әңгімесін оқымай тұрып, кәдімгі ХІХ ғасырлардағы француз императоры Напалеон Бонапарттың қалай үйленгендігі жайлы жазылған ба деген ойға қаласың. Бірақ, әсте олай емес. Бонапарт деген өзіміздің қазақтың қара баласы. Ұлттық трагедияның өзін юмор арқылы жеткізе білген қаламгердің шеберлігіне бас шайқамай қоймассыз. Әңгіменің әу басында қазақтың ат қою мәдениетінен ажырап қалғандығы, баласына аузына түскен атты қоя салатындығы, одан қала берсе дүниежүзілік есімдерді емін-еркін иемдене бастағандығын айтып налиды. Әңгімеде баяндалатын «Жиделі» деген ауылда Испанәлі, Вьетнамбек деген аттармен қатар, жаңадан дүниеге келген нәрестеге Бонапарт деген есімді қойып, ауыл адамдары айды аспаннан бір-ақ шығарғандай болады. Сол Бонапарттың әкесі Әбдіәшім дегеннің он бір баласы болады, оның бесеуі қыз, алтауы ұл болса, ұлынан кенжесі осы Бонапарт еді. «Балаң Бонапарттай болса тақияңа тарлық қыла ма?» деп стакан соғыстырып отырғандардың қоя салған ныспысы еді бұл. Бұл ұлттық трагедия осы уақытқа дейін үдемесе, бәсеңсіген емес. Бір әңгіменің өн бойында бір ғана емес, бірнеше мәселе қылаң береді. Сол кездегі қазақ ауылдарын кеңестендіру саясаты кері әсерін тигізбей қоймайды. Екі қазақтың тепсе темір үзетін жігіттері араққа әуестеніп, басы қосыла қалса стакан соғыстыратын әдетті шығарады.
Баланың көптігінен бе, әлде белгілі себептер болды ма, үйдің отағасы да, анасы да Бонапартты сүндетке отырғызуды ұмыт қалдырады. Онысы Бонапарт жігіт болып, үйленемін дегенде естеріне сап ете қалады. Бұл енді бір шаңырақтың ғана емес, бүтіндей ауылдың қайғысы болады. Сол үшін ауыл үлкендері күнде мәжіліс құрып, аяғында Бонапартты сүндетке отырғызамыз деп шешеді. Бонопартты жеке отауға кіргізіп, сүндетке отырғызу рәсімін жасайды. Нағыз қызықтың көкесі осыдан кейін басталады. Дәл осы тұста оқиға шиеленісе түседі. Сүндеттелген Бонапарттың оңалып, жазылуы қиын болады. Бұл әңгіме құдалар жақтың құлағына жетпесін деп қанша сақтанса да, Бонапарт сүндеттеліпті деген сөз желдей тарап кетеді. Құдалар жағы Әбдіәшімнің ауылына жансыздарын жіберіп, бұл қауесеттің растығына көз жеткізіп, бір түнде көшіп кетеді. Шағын ғана Жиделі ауылындағы ағайындар осылайша ұятқа қалып, санын соғып қалады. Бұған Әбдіәшім мен әйелін кінәлайды. Бұнымен қоймай Бонапарттың жайы ағайын-туысты шынымен әбігерге түсірді. Оны молдаға да қаратады, кешкілік ақ тауықпен аластап, қара қой сойылып, еті жұртқа таратылады, әулиенің басына түнетіп, үй сыртынан мылтық атылады. Абдыраған ауылдағы ағайындар білген-баққандарының барлығын жасаса да бәрі зая кетеді. Салдары суға кетіп, амалы таусылған ағайын-туыс не істерін білмей дал болып отырғанда, Масақбай деген кейіпкер жерден жеті қоян тапқандай қуанып, Кашпировскийдің сеансына қатыстырайық деп соңғы амалды айтқандай болады. Содан не керек, Кашпировскийдің тікелей сеансына ауыл жұрты қалғып-мүлгіп отырып қатысады. Сеанстың да жүйесі солай екен өзі. Кашпировскийдің сеансынан кейін Бонапарт құлан-таза айығып кетеді. Сөйткен Бонапарт Кашпировскийге алғыс хат жазып, хаттың соңына “Сізге табынушы Бонапарт” деп түйіндейді.
Сондай соқыр сенімнің жетегіне ерген қазақ әлі де өзгерген жоқ. Әлі де сәуегейлерді жағалап, сан соғып қалып жатқандары да жетерлік. Бұрынғы Кашпировксийдің жалғасын не оқымаған, не тоқымаған коуч, тренерсымақтар жалғап, қара елді адастырып жатқанын көз көріп жүр. Трагедиялық юморға құрылған әңгімесін Дулат Исабеков былай түйіндейді: «Арада он күн өткен соң Әбдәшімнің жұртында қалған қараша үйдің сыртқы жағына қылжақбас жігіттер мынандай жазуы бар тақта іліп кетіпті: «Бұл үйде 1989 жылы 8 июль мен 28 июль аралығында Бонапарт сүндетке отырғызылған». Бұл жазуды көрген адам күлмей өтпейтін болды. Қазақ боп өмір сүру қызық сияқты». Біз әңгімені оқымай тұрып “Бонапарттың үйленуі” деген тақырыпқа қарап француздардың патшасының қалай үйленгені туралы жазылған ба деген ойға қалсақ, ал осы әңгімені оқымай сол үйдің маңынан өткенде шынында Напалеон Бонапарт сол үйде сүндеттелген екен деген ойға қалар едік. Шынында Дулат Исабеков айтқандай, қазақ болып өмір сүру – қызық…

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.