Қазаққа қымбат қос ақын
Парасаты мен пайымын поэзиямен ұштастырған қауымға Мұқағали мен Қадыр ақындар бірдей аяулы. Олардың оралымды, көкейдегі ойды дөп басып, сезімді саф күйінде жеткізетін шығармаларын халық жата-жастана оқиды, жаттап айтатыны аз емес.
Қос ақынның мұраларын жас ұрпаққа табыстау бүгінгі таңда бізге жүктелген міндет. Әдеби-сазды кештер мен еске алу шаралары – бұл ақындардың шығармашылығын бағалау мен дәріптеу үшін қажетті кезеңдер. Олар арқылы жастар ұлы ақындардың өмірі мен шығармашылығын танып-біліп, қазақ поэзиясына деген құрметтерін арттыра түсетіні ақиқат.
Қазақтың күпі киген қара өлеңін шекпен жауып иесіне табыстаған Мұқағали Мақатаевтың туған күні дүйім жұрттың мерекесі. Сол күні ақын өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндері шырқалатыны белгілі.
Бұл дәстүрден айнымаған аудандық мәдениет үйі ақпан айының атаулы күнінде «Есіңе мені алғайсың…» атты әдеби-сазды кеш өткізген болатын. Кеш барысында вокалды- аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен М.Мақатаевтың өлеңдері мәнерлеп оқылып, мәнді мәтіндеріне жазылған әндер әуеледі.
Бедері бөлек кештен көрермендер ерекше әсерге бөленіп, рухани ләззат алды. Ақиық ақынның мол мұрасына қанығып, оймақтай ой түйді.
Аудандық Мәдениет үйінің директоры Айнұр Рахымбаеваның айтуынша, туғанына 94 жыл болған ақынның туған күніне орай ауылдық мәдени ошақтарда да іс-шаралар өткізілген. Атап айтқанда, Ақсу ауылдық клубы Ж.Баласағұни атындағы орта мектебімен бірлесе “Шалкөде туған жерім,кең жайлауым” атты М.Мақатаевтың өлеңдері мен өмірінен драмалық сахналық қойылымдар байқауын ұйымдастырған.
Одан бөлек, Алға ауылдық клубында “Көркемсөз” үйірмесіне қатысушыларымен М.Мақатаевтың 94 жылдық туылған күніне орай “Поэзия әлемінде” тақырыбында Амангелді атындағы орта мектебінің 8-9-10 сынып оқушыларының қатысуымен әдеби кеш өткен. Аталған байқауға жоғары сынып оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Бұдан өзге аудандық мәдениет үйі қазақтың сүйікті ақыны, халықтық хиттердің авторы Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына орай «Қазақтың дана Қадірі» атты әдеби-сазды кешті көрермен назарына ұсынған. Аталған кеште 200-ден аса әнге сөз жазған ақынның шығармалары вокалдық аспаптармен шырқалып, өнерпаздардың жанды дауысында тыңдарман жүрегіне жол тартты.
Байжан Емберді.