Ақпараттық портал

Алғыс айту – асыл қасиет

Алғыс айту күні – халқымыздың дәстүріне айналған мейірімділік және жанашырлық секілді асыл қасиеттерін күллі әлемге паш ететін күн. Алғыс адамды өсіреді, алғыс арқылы адам ұрпағымен көктейді. Тіпті, біздің алған алғысымыз бірнеше ұрпағымызға азық болады екен. Осыдан болар, елімізде «Алғыс айту» күні белгіленіп, бірнеше жыл көлемінде аталып өтуде. Алғыс айту деген ризашылық білдіру деген сөз. Алғыс айту адам талғамайды, ол жүректен, таза көңілден шығу керек. Бұл мереке 2016 жылдан бас-тап аталып өтіп келеді. Осы күнде адамдар бір-біріне, ата-аналарына, балаларына алғыс айтып, уақытын отбасымен және достарымен бірге өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, алғыс айту күні – адамдардың бір-бірімен достық, туыстық, жағымды қарым-қатынас орнатуға бір қадам жасауы.
Қазақстан сонау зобалаң заман жылдарында тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлтты өз бауырына басып, өзім деп қабылдаған ел. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін талай қиындықты бастан кешсе де, басына күн туған өзге ұлт өкілдеріне қамқор бола білді. Қазіргі таңда ауданымызда алуан этнос өкілдері бірлікте, тату-тәтті өмір сүруде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Мәңгілік ел» құру жолында бұл мерекенің маңызы басым. Сана тұрғысынан алсақ «Алғыс айту күні» қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарасымды мерекесі. Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау шақта бар ауыртпалықты бірге көтеріп, Мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні.
Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке үндейді. Кең пейілді қазақ халқы қашанда әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған.
Ендеше, көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын. Сіздерді елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін! Еліміздің біртектілігі мен бірлігі нығая берсін! Мереке құтты болсын! Баршаңызды көктемнің алғашқы шуақты мерекесі 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Б.Сабекова,
№3 қалалық кітапхананың кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.