Ақпараттық портал

KazNARU – ТАЛАПКЕР ЖАСТАРДЫ БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

Ғасыр белесіндегі университет

Ел болашағы зерделі, білімді, білікті жастардың қолында. Бұл өмірдің бұлжымас қағидаты. Жастардың жан-жақты терең білім алып, кемелденуі – ұлттың келешек тағдырын анықтайды.
Жастар аға буынның жеткен жетістіктерін одан ары дамытып, елдің өркендеуіне үлкен үлес қосатын зор әлеуметтік күш. Мемлекеттің рухани тірегі, осы стратегиялық ресурсын дайындайтын жоғары оқу орындарының орны мен рөлі ерекше.
Отандық үздік оқу орындарының көш басында – жүз жылға жуық бай шежіресі бар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті тұр. Бүгінге дейін аграрлық білім ұясынан 160 мыңнан астам маман түлеп ұшты, біз оларды мақтан тұтамыз. Олардың арасынан Премьер-министрлер, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері, Парламент депутаттары, белгілі кәсіпкерлер, 30-дан аса Еңбек Ері мен Кеңес Одағының батырлары шықты. Көптеген университеттер мұндай жетістіктермен мақтана алмайды.
Менің өзім де осы қара шаңырақтың түлегімін. 1983 жылы «Агрохимия және топырақтану» мамандығы бойынша үздік бітіріп, В.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ҒЗИ базасында лаборанттан бастап, Ауыл шаруашылығы министрі, бүгінде ҚР ҰҒА Президентіне дейінгі қызметтік баспалдақтардан өттім. Соның бәрінде осы университет қабырғасында жүріп алған білімім, тәлім-тәрбием мен тәжірибем темірқазықтай жолбасшы болды.
Бізді таңдаған талапкерлер арасынан да ертеңгі күні ауыл шаруашылығының білікті маманы, ел басқаратын әкім, министр, депутаттар шығатынына кәміл сенімдімін.
Өйткені, QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарына енген білім ордасында оқу әр жастың арманы! Қазіргі таңда университетте 7000 студент, магистранттар және докторанттар оқиды.
KazNARU қабырғасында білім алғысы келетін талапкерлер қатары жыл сайын өсіп келеді. 2024-2025 оқу жылында біздің университетімізге 1600 мемлекеттік грант иегерлері қабылданды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен екі есеге көп. Сондай-ақ, облыстық әкімдіктердің, «Қазақстан халқына» Қорының гранттарын иеленген талапкерлер де қатарымызды толықтырды. Олардың арасында 9 «Алтын белгі», 36 «Қызыл аттестат» иегерлері және көптеген спорт шеберлері мен көп тіл меңгерген алғыр жастар бар.
Сонымен қатар Қытай, Ресей, Малайзия, Камбоджа, Египет, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан т.б. шет мемлекеттерден келген 200-ден астам студенттің біздің университетімізді таңдауы – кездейсоқтық емес. Бұл KazNARU-дың әлемдік қауымдастыққа таныла бастағынының айқын дәлелі.

Бәсекеге қабілетті маман атану – уақыт талабы

Қазіргі таңда білім мен ғылымның сипаты мүлде өзгерді. Бұл талап университетке жаңа міндеттер жүктейді. Біздің негізгі басты мақсатымыз – жоғары оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу.
Бұл бағытта әлемдік деңгейдегі ЖООлар тәжірибесіне сүйене отырып, білім алушылардың білікті маман ретінде шыңдалып шығуына барлық мүмкіндіктерді жасап отырмыз.
KazNARU базасындағы оқу процесінде бүгінде үлкен бетбұрыстар жүріп жатыр. Біздің құрылымға 4 бірдей ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылық қосылды. Осылайша, біз функционалды жүйе болып табылатын зерттеу университетінің заманауи институционалдық моделіне көштік: «ҒЗИ – университет – тәжірибелік шаруашылық» жүйесі білікті кадрлар дайындау ұстаханасына айналды. Бұл дамыған елдердің ең үздік тәжірибесі.
Университетте оқыту процесі 6 факультет пен 24 кафедрада 168 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бұл арада білім беру мен кәсіптік даярлыққа инновациялық әдістерді енгізу, стартап-экожүйелерді дамыту және әлеуметтік ұтқырлық деңгейін арттыруға баса назар аударамыз. «Агробиология», «Ветеринария және Зооинженерия», «Орман шаруашылығы және жер ресурстары»», «Инженерлік технологиялар», «Су ресурстары және ІТ технологиясы», «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің студенттері заманауи, кең де жарық аудиторияларда білім алуда.
Интерактивті технологияларды пайдалану аясын кеңейту үшін аудиторияларға интерактивті тақталар мен проекторлар орнатылды, интернет жүйесіне қосылды. университетте жыл сайын Еуропа, Азия, АҚШ және Қытайдың жетекші елдерінен шақырылған 100-ден аса оқытушы дәріс оқиды. Шетелдік таңдаулы ғалымдардың дәрістерін тыңдауды қамтамасыз ету мақсатында Coursera Халықаралық платформасына көштік. Білім беру бағыттары бойынша инновациялық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғаса бермек.
Ең үлкен жаңалық – 2024 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру бағдарламалары үшін шекті балл – 50 балл болып белгіленді. Енді ауыл мектептерінің түлектері үшін аграрлық университеттерге түсуге тікелей жол ашылды. Білім алушыларымыз жоғары стипендия алады.
Осы орайда, мектепті үздік бітірушілер, пәндік олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары, талантты балалар университетімізге жеңілдікпен қабылданатынын баса атай кеткім келеді.

Студент жастарға барлық жағдай жасалған

Білім алушылардың алаңсыз оқып, жақсы маман болып шығуы үшін ЖОО-дағы материалдық-техникалық базаның мықтылығы маңызды рөл атқарады. KazNARU Алматы қаласындағы өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет. Жайлы да жарық тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары заман талабына сай жасалған. Студенттерге қажетті жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары, газ плиткалары қойылған. Қазіргі уақытта «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхана, студенттер үшін Медициналық орталық тұрғызылуда.
Жастардың қосымша ізденіп, бос уақытында мәдени, спорттық шаралармен айналысуына толық жағдай жасалынған. Орталық кітапхана, жаңа стадион, спорт залдары заманауи техникалық құралдармен толық жабдықталған. Білім алушылар үшін жеңілдетілген бағамен азық-түлік ұсынатын «Студент» дүкені, дәріхана жұмыс істейді.
Сонымен бірге, университетте Әскери кафедра жұмыс істейді, онда студентер запастағы офицерлер мен сержанттар бағдарламасы бойынша қосымша әскери білім алып шығады. Мұндай мүмкіндік Алматы қаласындағы санаулы ЖООда ғана бар.

Халықаралық ынтымақтастық – басты бағыттың бірі

Біздің оқу ордамыз әлемнің 170 жетекші университеттерімен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан, оның ішінде, 40-тан астам серіктестеріміз Қытай елінен. Небраска-Линкольн университеті (АҚШ), Вагенинген университеті (Нидерланды), АгроПарижТех университеті (Франция), Қытай ауылшаруашылық университетімен (ҚХР) тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Студенттеріміз Малайзия Паханг университеті, Варшава жаратылыстану ғылымдары университеті, Литва денсаулық ғылымдары университеті, Вайнштефан-Триздорф Университетімен екі дипломдық бағдарлама бойынша білім алып жатыр. Бұл халықаралық жүйе оқу бітіруші түлектердің табысты жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік береді.
Оқу орнын «цифрлық университетке» айналдыру жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Қытай аграрлық университеті және Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана», Ланьчжоу университетімен бірге «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы» орталығы, Қытай ауылшаруашылық университеті және Eavision компаниясымен бірлескен «Қазақстан-Қытай ауылшаруашылық дрондарын басқару бойынша зерттеулер мен оқыту орталығы» ашылды.
Сонымен бірге, Хэнань ауылшаруашылық университеті және «Цянлян ландшафты дизайн инженериясы» компаниясымен бірлесіп «Қазақстан – Қытай ландшафттық инновациялар орталығы», «Көшеттерді өсіру питомнигі», «Ветеринариялық медицина және азық-түлік қауіпсіздігінің халықаралық зертханасы», «Қытай мәдениеті мен тілі орталығы» құрылды.
2024-2025 оқу жылында екі ел Президенттерінің қолдауымен КазNARU базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институты» ҰЗУ Филиалы ашылды. Мұнда бәсекеге қабілетті су шаруашылығы мамандарын даярлау 2+2 принципімен жүзеге асырылады. Студенттер екі жыл Алматыда, екі жыл Ташкентте оқиды. Бітіруші түлектер екі университеттің дипломын алып шығалы.
Алдағы уақытта су бағыты бойынша АҚШ-тың Небраска-Линкольн университетімен EXTENSION service орталығын құру жөніндегі жұмыстар қолға алынуда. Аталған жобалар біздің білім алушылардың ең озық әлемдік тәжірибені игеруіне ықпал ететін болады.

Теория мен тәжірибе егіз

Теориялық білімнің тәжірибемен ұштастырылуында бірнеше артықшылықтар бар. Ең алдымен, студенттеріміз заманауи жоғары оқу орнында жан-жақты терең білім алып, бәсекеге қабілетті білікті кадр атана отырып, агорөнеркәсіп саласының интеллектуалды элитасын құрайды.
Жыл сайын 700-ден астам студентіміз 350-дей ірі агрокәсіпорындарда тәжірибенің барлық түрінен өтіп, инновациялық технологияларды – «шикізаттан дайын өнімге дейін» меңгеруді үйренеді. Мысалы, «Жеті дән» ауылшаруашылық компаниясымен бірлесіп құрылған «Саймасай» тәжірибелік базасында 39 гектар алқапта жүгерінің бірнеше сорттары өсірілді. Осы арқылы Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағын жүгері тұқымымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Университетке қосылған 4 ҒЗИ мен «Мерке» тәжірибелік шаруашылығында «ғылым – университет – өндіріс» жүйесі бойынша оқу үрдісі ғылымға жас таланттардың келуін күшейтеді.
Хоргос қаласы әкімдігінің қолдауымен KazNARU студенттеріне арналған өндірістік тәжірибелік база құрылды. Қытайдың Чжэцзян технологиялық университетімен кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлау жөніндегі Халықаралық институт құру туралы жұмыстары жүріп жатыр. Осылайша университет түлектері болашақта агротехника мамандығының нағыз майталман иесі атанып, өңірлерді цифрландырудағы басты тұлғаға айналады деп отырмыз.

Студент жастар – университет мақтанышы

Ойшыл философ-ақын Абай айтқандай: «Адам баласы бір-бірінен тек білім-ғылым арқылы ғана оза алады». Адамзат ғылым-білімнің арқасында дамиды, табиғаттың құпия сырларын меңгереді, техниканы өрістетеді, қоғамды ілгері бастырады.
Университетімізде білім алумен қатар, өнер қуған, спортпен айналысатын жастарға да кеңінен қолдау көрсетіледі. Кезінде республикаға аты әйгілі болған «Алтын дән» вокальді-аспаптық ансамблі қайта жаңғырып, жаңа құраммен халықаралық концерттік байқауларға белсенді қатысып жүр. Университеттің бишілер тобы «Хореография» бағыты бойынша Алматы қаласындағы 22 жоғары оқу орны арасында жүлделі орынға ие болды. Жайдарманшы командалар «KazNARU Қырандары» Аймақтық лигаға, ал «Алматы аграрка» NOMAD LIGAға жолдама ұтып алды.
Спорт саласында (грек-рим күресі, самбо, бокс түрлерінен) халықаралық жарыстарда ел абыройын асқақтатып жүрген талантты жастарымыз да аз емес. Ең бастысы – жұлдызы жанған осы жастардың барлығы да ауылдан шыққан өрендер.

KazNARU жастарды білім мен табысқа жетелейді

Алматы – мәңгілік жастар қаласы. Алып Алатаудың баурайындағы әсем шаһарда жоғары білім алғысы келетін жігіттер мен қыздарымыз ел болашағының алтын тірегі.
Егер, сіздер рухани астанамыздағы осындай инфрақұрылымы дамыған жетекші оқу ордасында білім алып, білікті маман атанып, туған елімізге шексіз қызмет етуді мақсат тұтсаңыздар келіңіздер – KazNARU сіздерді күтеді!
Бізді таңдау арқылы сіздер үлкен өмірге жолдама аласыздар! Аграрлық мамандықтар сіздерді зор табыс пен үлкен жетістіктерге бастайды!

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
Басқарма Төрағасы-Ректоры, академик,
ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.