Татулық қайнары
Мен қазақпын, биікпін,
байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге
қайта келдім.
Мың да бір тірілдім деп
мәңгі өлмеске-
Айта бергім келеді,
айта бергім.
Жұбан Молдағалиев
Биыл — Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл.
Бірлік, татулық және ынтымақ — елдігіміздің мызғымас тұғыры және мемлекетіміздің басты құндылығы екені баршаға аян. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр аталған ұйымның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, ел саясатының бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтқан еді.
Ассамблеяның мақсаты – этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету, Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту екені даусыз.
Ауданда түрік, күрді, неміс, орыс, қырғыз халықтары және т.б. этнос өкілдері тұрады. Барлық ұлт бір шаңырақтың аясында тату-тәтті өмір сүріп, ынтымақ құшағында тірлік етіп келеді. Аудандағы түркі тілдес ұлттар бір-бірімен мемлекеттік тілде-қазақ тілінде сөйлеседі. Бірлі жарым орыс пен неміс халқының өкілдері де өз ойларын қазақ тілінде еркін жеткізе алатын жағдайда. Ауданда әр ұлт өкілдерінің ұлттық мәдени орталықтары ұйымдасқан, олар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениетін насихаттап, жастардың бойына сіңіру жолында нәтижелі істер көрініс беруде.
Бұл орайда түрік, күрді, неміс ұлттық мәдени орталықтарының татымды істерін өзгелерге үлгі ретінде ұсынуға болады. Бүгінде ұлттық мәдени орталықтары аудан басшылығымен иықтаса жүріп, ұлтаралық татулықты сақтау жолында және аудан мәдениеті мен экономикасын көтеру жолында игілікті істердің бастаушысы болуда.
Әр кезде қолынан қаламы түспейтін, өлкеміздің ақыны, арнаулар шығарудан жалықпаған өнер өлкесінің дарыны, ҚР мәдениет қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Базарбай Асқартегі Ассамблеяның 30 жыл толуына арнауын арнады.
Төле би туған төріміз,
Төрелік айтқан еліміз.
Құшағын жайған әр ұлтқа,
Нұрын шашқан жеріміз.
Қадірін елдің ойлаған,
Қазақша тілі сайраған.
Әр түрлі ұлттың өкілі,
Мерекесін бірге тойлаған.
Қазақ елі бұл өмір,
Ынтымақты жыр өңір.
Керей хан мен Жәнібек,
Ту тіккен жер Шу өңір.
Қаһарман Қайрат тағы бар,
Батырларды айтсам табылар.
Татулықты ту еткен,
Шу өңірдің бағы бар.
Тату-тәтті тірлігің,
Жарасып әр кез бірлігің.
Шаттанып өтсін жәй күнің,
Тарқамасын той күнің.
Ағайынбыз араласқан,
Татулығы жарасқан.
Гимні ортақ қазақтың,
Достығы мәңгі жарасқан.
Г.Бердібаева,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің
библиографы.