Бес техника сатып алынды
Ағымдағы аптаның сейсенбісінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен аудандық аппараттық кеңес өтті. Жиында өзекті мәселелер қаралып, атқарылған жұмыстар жайы жеткізілді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Шу ауданы әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Жадыра Каликов баяндама жасап, өңірдегі жылыту маусымының өту барысы, көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын өткізу туралы мәлімет ұсынды.
Оның сөзінше, жылыту маусымы барысында 6 мәрте штаб отырысы өткізілген. Сондай-ақ, ҚР құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес аудан бойынша жылыту маусымы 164 тәулікті құраса, бүгінде соның 139 тәулігі өтелді. Күннің райына байланысты 187 тәулікке дейін созылу мүмкін екенін айтқан бөлім басшысы тазалық шаралары жөнінде дерек келтірді. Атап айтқанда, Шу ауданындағы 22 полигонды сүргілеу жұмыстарын жүргізу үшін «Төле би» КМК-ы 5 ауыр техникамен қамтамасыз етілді.
-Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қ.Қ.Мәдібектің тапсырмасына сәйкес, жасыл белдеу бағдарламасын іске асыру мақсатында 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуірі аралығында «TazaLike» іс-шарасын өткізу бекітілген. Аталған іс-шара бойынша Шу қаласында орналасқан «Жеңіс» және «Теміржолшылар» саябағына 1000 дана тал көшетін отырғызу жоспарланып отыр,-деді Жадыра Әбиғазыұлы.
Аудандық аппараттық кеңес барысында Шу аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Мұрат Сәулебаев өз саласындағы өңірдегі ахуалды баяндаса, аудандық статистика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айсұлу Сәрсенова биылғы ауыл шаруашылығы санағы бойынша хабарлама жасады.
Сөз алған басшылардың барлығын мұқият тыңдаған Бақытжан Оразалыұлы жұмысты жүйелендіріп, әрбіріне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар тиісті бөлім басшылары мен әкімдерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Байжан Емберді.