Ассамблея – бірлік пен келісімнің киелі бесігі
Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Ұмтылу жолы өте ауыр болса да қанына, бойына, санасына мықты рухты сіңірген қазақ еліне бұл зілді болмауы тиіс. Осы тұрғыда мемлекеттің бірден-бір алға қойып мақтанар айнасы – этносаралық татуластық деп айтар едім. Жер шарының картасына көз салсақ, қазақ жерінің ұлан-байтақ атырапты алып жатқанын көреміз. Қазақ елінің көңілі де дәл сондай кең, дархан. Соның арқасында Қазақстан жерінде 130-дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді.
Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады. Тұңғыш Перезидентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғышарты ретінде бірінші экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға қойған. Сол себепті, «Алдымен экономикаға» қағидасын ұстана отырып, экономиканың әр саласында білек сыбана қызмет істеп жүрген барлық этностың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы – өзге халықтарға үлгі-өнеге бола білді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін жете білуі керек. Дегенмен, олар өз ұлтының құндылықтарын да еркін меңгеріп өсіп келеді. Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалап, құрметтейді. Өзге ұлт өкілдері қоныстанған аймақтарда, сол ұлттың тілінде балабақша, мектеп көптеген ұйымдар өз міндеттерін атқарады. Өз тілдерінде еркін сөйлеп, өз ойларымен биік шыңдарды бағындырып жүргендері де бар. Бұл қазақ елінің жомарттығының айқын дәлелі.
Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. Қазақстан бірлігінің моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған ассембляның құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осыған орай, Бірлік ауылдық кітапханасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қалың оқырман қауымға кітап көрмесі таныстырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты-Қазақстан халықтары ассамблеясы туралы айта отырып, ұлттар достығының нығаюы мемлекет тыныштығы мен бейбіт өмірінің белгісі екендігін ұғындыру. Әрі ұлтқа, нәсілге бөлінбей-ақ тату-тәтті өмір сүруге, Қазақстанда өмір сүретін басқа ұлттарға құрметпен қарауға, сыйлауға үйрету. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдерін сыйлай отырып, өздері өмір сүріп жатқан қазақ елінің ұлттық құндылықтарын құрметтеуіне әсер ете білу болып табылады.
Жаңыл Үркербай,
Бірлік ауылдық кітапханасының кітапханашысы.