Тарих төрінен орын алған тұлға
Биыл қазақтың маңдайалды тарихшысы, тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ермұхан Бекмаханұлы Бекмахановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Тағдырын тауқыметке алмастырған академик 1915 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Төре
ауылында туған. Ауылының аты айшықтап тұрғандай төре руынан, яғни Абылай ханның жетінші ұрпағы. Тарқатып айтқанда Абылай, Уәли, Тәуке, Жанпейіс, Жанбөбек, Беген, Бекмахан, Ермұхан.
«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Әлихан Бөкейхановтың ұстанымын басшылыққа алған Е.Бекмаханов ақтық демі қалғанша халқына, оның қатпарлы тарихына еңбек сіңірген қайраткер.
Бекмаханның Бәпіш атты әйелінен Дінше, Ермұхан және Қамияш деген үш бала дүниеге келген. Әкесі Зында Шорманның малын бағып күнелтіп жүріп, өкпесіне суық тигізіп, артынша өмірден өткен. Бұл кезде бала Ермұхан алты жаста болатын. Осылайша, анасы үш перзентімен жесір қалып, тұрмыстың қиыншылығын тартуына тура келеді. 1925-1931 жылдар аралығында Е.Бекмаханов Баянауылдағы мектепте оқиды. Ұлтарақтай кезінен ұлы мұрат ұстанған ұланға жоғары оқу орнына түсуге жеті жылдық мектеп жеткіліксіз еді. Бірақ, Ермұхан мектепті тәмамдаған кезде туған ағасы Дінше қос өкпесіне суық тигізіп, бақилық болады. Көз ашқаннан қиыншылық көрген отбасының Дінше аудандық деңгейде орташа шенеунік болып қызмет еткенде ғана тұрмысы түзелгендей болған. Ағасы қайтыс болғаннан кейін анасы баласының оқуын жалғастыруына қарсылық танытқан. Алайда, арманы асқақ бала Семейдегі «Жұмыс» факультетіне оқуға тапсырады.
Өкінішке қарай, сол жылдары елімізде кеңестік кері саясат жүргізіліп, жаппай ұжымдастыру салдарынан ашаршылық орнайды. Осы қысталаңда Ермұхан анасы мен қарындасынан көз жазып қалады. Бұл оқиға оған оңайға соқпай, қос қимасының денесі қай жерде қалғанын да білмей қалады.
Семейде оқи жүріп ол ауылына көмектескісі келіп, күш жинауға кіріскен. Алайда, Алаш қозғалысының белді мүшелерінің бірі Асылбек Сейітовтің ақылын алып, ойынан бас тартады. Кейінірек, Алаш қайраткері Ермұханды өз қамқорлығына алып, көп жәрдем береді.
1933 жылы Семейдегі «Жұмыс» факультетін аяқтаған түлек Алматыдағы ҚазПИ-дің «Физика-математика» факультетіне түсуге аттанады. Құжат тапсырып жүріп Дінше ағасының досы Диқан Әбілевке ұшырасады. Алғашқыда досының отбасы аман қалғанына күмәнданған ақын кейін інісін танып, оған Алматыдан кетуді өтінеді. Себебі мұнда шолақ белсенді жерлестері Ермұханның төре тұқымынан екенін жария етіп, қудалауға ұшырауы мүмкін екенін ескертіп, Ресейге оқуға түсуге кеңес береді.
Ағаның ақылына құлақ түрген ол Мәскеу мен Ленинградтың оқу орындарына кешігіп, жаңадан ашылған Тамбов педагогикалық институтының тарих факультетіне құжатын тапсырады. Халықтық ағарту комиссариаты абитуриентке ақша бөледі. Осылайша, тарихшы болу түсіне кірмеген оның ғылымдағы алғашқы қадамы басталады. Бірақ Тамбовтағы оқу ғалымның көңілінен шыға қоймайды. Дегенмен, бағына орай 1936 жылы Халықтық ағарту комиссариатының шешімімен тарих факультеті жабылып, студенттер Воронеж педагогикалық институтына ауыстырылады. Осы жылдың күзінде тарихшы Алаш қозғалысының айдауда жүрген қайраткерлері Халел Досмұхамедов және Мұхамеджан Тынышбайұлымен танысып, солармен ой бөлісу нәтижесінде ғалымның тарихқа деген танымы тереңдей түседі. Қос тұлғаның әсері Ермұханның болашақта белгілі ғалым болуына зор ықпал етеді. 1937 жылы Воронеж қаласындағы оқу орнын аяқтағаннан кейін, Ермұхан Бекмаханұлы Қазақ КСР халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Ал соғыс жылдары комиссариаттың басқарма бастығы болған екен.
Осы орайда, С.Керімбай мен Ә.Нәби бірлесіп жазған «Қаныш және ғылыми майдан» еңбегінен үзінді келтіргенді жөн санаймыз. Себебі тарихты жазып, тепкі көрген тұлғаның танылуына академик Қаныш Сәтбаевтың үлесі мол. Аталмыш кітаптың «Алғашқы тарихшы» тарауында төмендегідей тамаша дүние жазылған:
«1941 жылы Алматыға Мәскеуден эвакуацияланып, бір топ тарихшы ғалым келді. Олар А.Панкратова, Я.Зутиц, Д.Баевский, М.Вяткин, М.Дружинин, А.Кушкин, Р.Авербух, А.Миллер, Ф.Нотович, Ф.Потемкин.
Бұл уақытта СССР Ғылым академиясының қазақ филиалы кәсіби тарихшының жоғынан Қазақ ССР тарихын жаза алмай отырған. Көктен іздегені жерден табылған академия филиалында жиырма алты жастағы Ермұхан Бекмаханов тарихшы болып жұмыс істейтін. Ол Панкратова мен Вяткинді бірден таниды. А.Вяткин Сырым Датұлы көтерілісін зерттеген ғалым. Ермұхан Орталық комитет хатшысы М.Әбдіхалықовқа келіп:
-Мұхамеджан аға, мына тарихшылар іздесең қолға түспес кәнігі мамандар. Қазақ ССР тарихы оқулығын осылар барда жаздырып алайық,-деді».
Осылайша, басшылықтың қолдауымен уақытында архивті уысында ұстаған тарихшылар екі жылдың ішінде жұмысты аяқтайды. Ал Кенесары қозғалысына арналған 14-тарауды Е.Бекмаханов жазып шығады. Еселі еңбек жарыққа шыққаннан кейін, тарихшылардың қарсылығына ұшырайды. Оның ішінде орыс шовинизмі сүйегіне сіңіп, қанына біте қайнасқан Яковлев «Ұлы орыс халқынан басқа жұртта дербес тарих болмауы керек. Совет адамына совет тарихы жетеді» деген пікір айтады. Бірақ, Анна Панкратова бастаған тарихшылар тобы оны жекпе-жекке шақырып, дәлелдерді алға тарта отырып, күл-талқан етеді. Ертесіне Панкратоваға келген Яковлев кітаптың керемет жазылғанын мойындап, тек Кенесары жазылған тұсын алып тастауды ұсынған. Өйткені оны қазақ тарихшысы жазғандығын айтады.
Бірақ, Анна ханым: «Біреу ұнатпады екен деп талантты тарихшының сүбелі еңбегін жоққа шығара алмайсыз» деп өз пікірін кескен көрінеді.
Тағы да «Қаныш және ғылыми майдан» еңбегіне үңілсек, онда Е.Бекмахановтың ғылыми майдан жолындағы ерліктері ерекше баяндалады.
-Мәскеулік тарихшылар осы еңбегінің негізінде Е.Бекмахановқа кандидаттық диссертация қорғатты. Ол да шағын шайқаспен басталған. Бірақ А.Панкратова мен Б.Греков жас тарихшыны жалғыз қалдырмады, дұшпанға алдырмады. Оған ғылыми дәреже алып берді. Артынша «Енді, ВАК-тың қарарын тезірек алуға тырыс. Докторлық атағың бекіген күні көкезу даукестерге басымды қатырмаңдар дейсің»,- деп жігер сыйлайды.
1946 жылы 14 қазан күні Е.Бекмаханов докторлық диссертациясын қорғайтын болды. Қорғайтын орын Мәскеудің Тарих институтының үлкен залы. Оған Мәскеу мен Ленинградтың мүйізі қарағайдай, «менмін» деген тарихшы, академик пен докторлар қатысты. Олар 31 жастағы қазақ тарихшысының докторлық жұмысын сынап отырғандай. Олай жасайтын жөні де бар. Бұған дейін Мәскеуде бірде-бір қазақ тарихшысы ғылыми атақ қорғамаған. «Алматыда біз санасатындай мықты тарихшы бар деп есептемейтін»,-делінген аталмыш кітапта.
Ұлт мәселесінде ұйыса білген қайраткерлер Ермұхан Бекмахановтың ғылыми атағын қорғау жиынына барып, үлкен қолдау көрсеткен. Тарихшылар қатысатын жиынға әйгілі биолог Кәрім Мыңбаев, химик Ерден Әзірбаев сияқты өзге саланың мамандары қатысқан. Онымен қоса, «Волоколамск тас жолы» кітабының көзі тірі кейіпкері Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин қорғаудың куәсі болды. Қос батырдың мысы тарихшыны аяқтан шалғысы келген шовинистердің арынын бірден басқан болса керек.
Кітапта көрсетілгендей, Е.Бекмаханов атақ қорғаған күн ерекше өткен. Залда ине шаншар орын қалмаған. Бұл шараға Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары түгел келген көрінеді.
Ғалым мінбеге көтеріліп, сөйлей бастағанда залға алып тұлғалы бір адам кіріп келеді. Бәрінің назары соған ауады. Бұл Қаныш Сәтбаев болатын. Ол кешігіп келгеніне кешірім сұрағандай болып, бос орынға жайғасуға бекінеді.
Осы кезде диссертациялық кеңес төрағасы Греков диссертантқа «тоқта» дегендей белгі беріп, орнынан тұрып:
-Жолдастар! Біздің ортамызға қазақтың академигі, әйгілі геолог, Қазақ Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев келді. Бұл – біз үшін үлкен құрмет әрі тарихи мезет. Қадірменді Қаныш Сәтбаевты мәжіліс төріне шақыруға рұқсат етіңіздер,-деді. Бұдан кейін дүркін-дүркін шапалақ соғылып, құрмет көрсетілді. Кесек тұлға Қаныш Имантайұлы мінбеге жақындап, «Ғафу етіңіздер, мен тыңдаушы ретінде келдім»-деп Анна Панкратованың қасына жайғасады.
Қанышты көрген Е.Бекмаханов қанаттанып, докторлығын абыроймен қорғап шығады. Осылайша, қазақ тарихында тұңғыш тарих ғылымының докторы дүниеге келеді. Бұған Қаныш атамыз да қатты қуанып, ұлттық тарих биік белеске көтерілгенін атап өтеді. Артынша қолдаушыларға алғыс білдіріп, елеулі оқиғаны үлкен мейрамханада атап өтуге шақырады. Ал орны мен уақытын Ермұхан айтады деп сөзін түйіндейді.
Содан соң Ермұхан атамызды бауырына басып тұрып:
-Ереке, сен бүгін ер атыңды ақтап, ерлік жасадың. Таңертен мейрамханадан табыл! Көмекшімді жіберемін. Жетекшіңмен ақылдасып, кем дегенде жиырма бес ғалымды қонаққа шақыр. Дастарқан мәзірінен еш қысылма.Докторлық атағыңа шашуым болсын! Ал бүгін демал, жүдеп кетіпсің, ұйқыңды қандырып ал! –деген екен арқасынан қағып.
Әрине, өмірдің барлығы балдай тәтті болмайды. Ғылымның ғажабын бір кісідей білген Е.Бекмаханов соған сай азабын да тартады. Соңы не боларын біле тұра Е.Бекмаханов Кенесары Қасымұлын қазақ батыры етіп көрсетіп, қызыл империяны сын тезіне алады.
Мәселен, 1947 жылы хан Кененің қаза тапқанына ғасыр толуына орай «Социалистік Қазақстан» газетіне «Кенесары Қасымов» атты көлемді мақала жариялайды. Сталин дәуірінде дәурен кешіп жатқан Ермұхан атамыздың ақкөз батырлыққа салынған алып мақаласының елдің басты басылымынан шығуы сенсация еді. Ол кезде орталық комитет тізгіні Ж.Шаяхметовте, ал идеологиясы І.Омаровта болатын. Демек, қазақ билігі бұл мақаланың шығуына қарсылық танытпаған деп топшылаймыз.
Араға жылдар салып, Ермұхан Бекмаханұлын қаралау ісі Тілеуқажы Шойынбаев, Хадиша Айдарова және А.Якуниннің қол қойған басты басылым – «Правда» газетіндегі 1951 жылғы мақаладан басталады. Сол жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылады.
Мұнан кейін ғалым Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді. Көп ұзамай Жамбыл облысы, Шу ауданындағы бұрынғы Новотроицк селосындағы мектепке орналасады. Кейбір деректерге сүйенсек, оны мұнда Ахметжан деген шәкірті шақырып, үйінен орын бөлме береді. Небәрі 8 айдан кейін, яғни 1952 жылдың 5-қыркүйегінде Е.Бекмаханов тұтқындалады. Бірер айдан кейін Алматыда сот өтіп, ғылым докторы 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды.
Ол кісінің лагерден тиісті орындарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде ғылыми жетекшісі, академик, айтулы қайраткер Анна Михайловна Панкратова сынды қайырымды адамдардың көмегінің себебімен Берия атылғаннан іс қайта қаралып, ғалым екі жылдан кейін ақталады. Азапты күндерді басынан кешіп, ауырлықты арқаласа да рухы өр тұлға өз мұратын жалғастырып, қазақ халқына өлшеусіз мұра қалдырды.
Жоғарыда айтқандай, Е.Бекмаханов қилы тағдырының 8 айын Шу өңірінде өткізген. Қазіргі таңда өзі қызмет еткен мектеп ғалым есімімен аталады. Осы мектеп-гимназияның директоры Азиза Естаеваның айтуынша, елімізде Ермұхан Бекмаханов атындағы екі мектеп бар екен. Оның бірі Кереку аймағында болса, бірі біздің ауданда.
Ширек ғасыр бұрын ғалым атын иемденген білім ошағында арнайы мұражай жұмыс істейді. Мұнда қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Бекмахановтың орындығы мен үстел шамы, еңбектері мен естелік суреттері қойылған. Одан бөлек, Сатыпалды Нарымбетовтың ғалым өмірін бедерлеген «Аманат» фильмінің кадрлары көпшілік назарына ұсынылған.
Азиза Тоқсабайқызы бұл жұмыстар 2019 жылы басталғанын айтып отыр. Білікті басшы сол жылдары ғалымның жары Халима Бекмұхамедованың үйіне тарих пәні мұғалімдерін ерте барған.
-Біздің келетінімізді білген Халима апамыз егде жасына қарамастан, есіктен тұрып қарсы алды. Апай қатты қобалжығандықтан ұйықтай алмағанын айтып, тура Ермұханы тіріліп келердей бізді күткенін айтты. Біз ауылдың сәлем-сауқатын апарып, апамызға құрмет көрсеттік. 94 жасына қарамастан апамыздың жады мықты еді. Бізбен әңгіме құрып, атамыз туралы баяндап өтті. Кездесу соңында біраз жәдігерлерді беріп жіберді. Сол мұраларды көздің қарашығындай сақтап, шәкірттерге дәріптеп келеміз,-дейді А.Естаева.
Тағы бір айта кетерлігі, жуырда Азиза Тоқсабайқызы Астана қаласында болып, елордалық «Әдістемелік орталық» ұйымдастырған «Ермұхан Бекмахановтың тарихи мұрасы» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, «Ноқталанған тарихшының тағдыры» атты көлемді баяндама мен бейнероликті меймандар назарына ұсынды.
Е.Бекмахановтың 110 жылдығына арналған конференцияға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, ҚР Президенттік орталығының мәдени және білім беру жобалары қызметінің жетекшілері, ғалымның немересі Әнуар Бекмаханов пен бірқатар құрметті қонақтар қатысқан.
Сол жиында сөз алған А.Естаеваға ғалымның немересі кітаптарды табыстап, атасының есімін ардақтап жүргені үшін көпшілік алдында алғыс айтты.
-Ермұхан Бекмаханов қазақ тарихындағы алғашқы ғылым докторы. Басын бәйгеге тіккен ғалымы. Ол кісі өмірінің 8 айын қазіргі Төле би ауылында өткізген. Шәкірттерге сабақ бере жүріп 800 беттік еңбек жазған. Біздің білім ошағында шағын мұражай жұмыс істейді. Оны меймандарымызға мақтанышпен паш етеміз. Басшылық жүкті жақсы түсінгендіктен уақытында ғалымның жары Халима апамызбен, қазір немересі Әнуармен тығыз байланыстамыз. Бұл оқушыларға мектеп тарихын білуге, айтулы тұлғаны тануға зор септігін тигізеді деген ойдамын,-дейді Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры.
Бұдан бөлек, мектеп басшысы сәуір айына ауқымды шараны жоспарлап отыр. Оған Әнуар Бекмаханов шақырылмақ. Сондай-ақ, сыйлы қонақтар келеді деп күтілуде. Жауапкершілік жүгін сезінген директордың бастамасымен жуырда ғана аталған білім ошағында кітапханашыларға арналған семинар өтіп, отызға жуық жұмыстар қорғалған.
Қорыта айтқанда, жанкешті ғалым жайлы көп айтуға, көп жазуға болады. Оның болмысын білу үшін, еңбегін оқып, ұқсап бағуымыз абзал.
Ауруы меңдеп, хал үстінде жатқан Ермұхан атамыз:
-Бауке, ер адам үшін 50 жас деген түк емес қой. Армандарым мен жоспарларымды орындай алмай кетіп барамын. Кешіріңіз мені! – деген екен.
Сіз де бізді кешіріңіз Ермұхан ата!
Байжан Емберді.