Ақпараттық портал

“Әжелерден өнеге” атты есеп беру концерті өтті

 

Осы уақытқа дейін газетіміздің бетінде жарық көрген жергілікті халықтың мәдениеті мен өнеріне қатысты мақалалар барысында Шу өңірінің елімізге танымал өнер адамдары мен мәдениет майталмандары туып-өскен өлке екендігін айтып келеміз. Бұл жалпы Шу ауданына бағытталып айтылса, бұл жолы осы аудан ішіндегі ауыл, сол ауылдың өнерпаз тұрғындары туралы сөз қозғамақпыз. Нақты айтар болсақ, бұл жолы Балуан Шолақ ауылдық округіндегі өнерлі әжелер қауымынан құралған “Шуақ шашқан әжелер” тобы туралы сөз етпекпіз.
Өткен жылдың бірінші наурызында құрылған аталмыш топ құрамында Күлән Анарбаева, Жексенкүл Тортаева, Асылхан Қожақова, Жұмакүл Тәжібаева, Ғалия Қойшыбаева, Райхан Джунбасова, Роза Қонақова, Күлиза Рахымбердиева есімді 8 әже бар. Олардың ең үлкені 76 жаста, ең жасы 59 жасты құрайды. “Қыз жат жұрттық” демекші, айта кетерлігі, топ құрамындағы ақ жаулықты аналардың басым бөлігі осы ауылдың келіндері. Ал, Асылхан Қожақова есімді топ мүшесі, осы ауылдың тумасы, яғни қызы әрі келіні. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылып, республикалық деңгейде өнер көрсеткен “Мәтхалықовтар” отбасылық ансамблінің белді мүшесі. Сондай-ақ, топ құрамында бір-біріне абысын-ажын болып келетіндер де бар. Бұл ауылдың аға буыны арасындағы өзара ынтымақтастық пен ауызбіршілікті аңғартса керек.
Әже дегенде көз алдымызға ақ жаулығын тағынып, бүкіл әлемге мейіріммен қарайтын жан елестейді. Әженің аялы алақаны, айтқан ақылы, жүріп өткен жолы барлығы келешек ұрпақ үшін үлгі. “Шуақ шашқан әжелер” тобының мүшелері де дәл осындай жандардан екені сөзсіз. Өйткені, халық алдында өнер көрсетуге кез келген адам шыға бермейтіні анық. Оған да біріншіден бойдағы өнер, шығармашылық қабілет, ерік-жігер мен батылдық қажет. Топтың құрылу мақсаты да өскелең ұрпаққа үлгі көрсету, ұмыт қалған халық әндерін, дәстүрлі әндерді, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын, ата-баба дәстүрін насихаттап, үлгі етуді көздейді. Топ мүшелерінің мәлімдеуінше, “Шуақ шашқан әжелер” тобының құрылуына осы топтың жетекшісі, ауыл мектебінде қырық жылға жуық ұстаздық қызметті абыроймен атқарған Жексенкүл Тортаева көп еңбек сіңірген көрінеді. Осы кісінің тынымсыз тірлігі мен үлкен ізденісінің арқасында дүниеге келген топ Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында көпшілік қауымға өздерінің “Әжелерден өнеге” атты жылдық есеп беру концертін ұсынды.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен шараға жергілікті тұрғындар көптеп жиналды. Сонымен қатар, аудан орталығынан яғни, аудандық ардагерлер кеңесі қатарынан арнайы шақырылған қонақтар да бар.
Аталмыш шара ана туралы, жалпы нәзік жанды қауымға арналған әсем әндермен ашылды. Осы сәтте көпшілікке шашу шашылып, көрермен болып отырған аналар қауымына тәттіге толы шағын сыйлық ұсынылды.
Мұнан кейін ауыл әкімі Д.Сандыбаев пен ақсақалдар алқасының төрағасы Е.Текебаев құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік жылы лебіздерін білдірді.
-Осыдан бір жыл бұрын ауылдық ақсақалдар алқасы төрағасының қолқа салуымен осы топ құрылған болатын. Бұл кісінің де еңбегі зор. Өйткені, ол әр отырыстан, ас, той жиыны секілді әрбір көпшілік басқосудан өнерге жақын жандарды іздеді. Осындай ізденістің нәтижесінде құрылған топтың атқарып жатқан жұмыстары орасан. Өздерінің үлкен жастарына қарамастан, өскелең ұрпақты өнегелі тәрбиеге баулуда көптеген жұмыстарды жолға қойып, жастар тәрбиесінде ерекше рөл атқарып келеді. Сондықтан, топ құрамындағы барша аналарға зор алғысымды білдіремін. Біз қандай жетістіктерге қол жеткізсек, ол осындай аналарымыз бен әкелеріміздің арқасы деп білемін. Баршамыздың тілекшіміз болып жүрген аналарымыз аман болсын,-деген Д.Сандыбаев “Шуақ шашқан әжелер” тобының мүшелерін арнайы Алғыс хатпен марапаттап, мерекелік сый-сыяпатын тарту етті. Сондай-ақ, Балуан Шолақ ауылдық округіндегі медициналық пунктте 33 жыл акушер болып абыройлы еңбек етіп, көпшілік аузында ауылдың кіндік шешесі атанып кеткен, қазіргі таңда 6 баланың анасы, 28 немере мен 9 шөберенің әжесі болып отырған Үміт Оразалиеваға жергілікті әкімшіліктің атынан “Құрметті ардагер” төсбелгісін табыстап, кеудесіне тақты. Сонымен қатар, Данияр Көкталұлы биылғы жыл Мемлекет басшысының бастамасымен “Жұмысшы мамандықтары” жылы болып жариялануына орай алдағы уақытта мұндай марапатты мерекелік шараларда жылдар бойы еселі еңбек етіп, елді мекеннің әлеуметтік-эканомикалық дамуына зор үлес қосқан өзге де жерлестерге табыстауды жоспарлап отырғандығын жеткізді.
Келесі кезекте “Шуақ шашқан әжелер” тобының жетекшісі Ж.Тортаева топтың құрылу тарихы туралы баяндап, осы топтың құрылуына себепкер болған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасына, әжелердің сахналық киіміне қолдау көрсеткен ауыл әкіміне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
-Осыдан бір жыл бұрын Есен ағай осындай топ құру туралы бастама көтергенде бұл идея менің де ойымда жүргендігін айтып, бірден қолдай кеттім. Осылайша, өнерге жақын әжелердің басын қосу үшін ауылдағы әр ауланы аралап, үйде болмағандарға қоңырау шалып, оларға мән-жайды түсіндірдім. Жас үлкейген сайын адамның жүріп-тұруы қиындай түсетіні жасырын емес. Оны түсінеміз. Сол себептен бас тартқан апалар да болды. Дегенмен, ізденістің нәтижесінде көп ішінен суырылып шыққан әжелер бүгін алдарыңызда тұр. Бұл кісілерге алғысым зор. Ұйымдастыру ісінен кейін өткен жылдың бірінші наурызында дайындықты бастап кеттік. Көп ұзамай алғашқы әнімізді шырқап, оған өздеріңіз куә болдыңыздар.
Енді, міне мақсатқа талпыныстың, халықтың қолдауының, өзара ауызбіршіліктің арқасында бүгін тағы да алдарыңызға шығып отырмыз. Не айтсаң да “иә” деп келісе кететін топ мүшелері – әжелерге ризамын. Әрмен қарай да шығармашылық жұмысымызға сәттілік серік болсын, – деген Ж.Тортаева көпшілікті мерекемен құттықтады.
Толассыз жылы лебіздерден соң шараның негізгі бөлімі шымылдығын түріп, сазды бағдарлама “Шуақ шашқан әжелер” тобының орындауындағы халық әні “Угәйім-ай” әнімен басталды.
Сазды бағдарлама барысында әжелер қауымы топ репертуарындағы “Мейман”, “Шуақты Шуым” әндерін орындап, “Келіншек” күйіне әуенді-ырғақты таяқпен қимыл-қозғалыс көрсетіп, “Текемет” биін назарға ұсынды. Сонымен қатар, топ құрамындағы Ж.Тортаева, Ж.Тәжібаева, А.Қожақова, Р.Қонақовалар жеке орындауда әсерлі әндерін шырқап, көпшілік қошеметіне бөленді. Сегіз қырлы, бір сырлы әжелеріміз көрініс ұйымдастыруды да назардан тыс қалдырмапты. Атап айтқанда, атаның өсиеті мен әженің ақылына құлақ асқан баланың жаман болмайтындығын меңзейтін “Үйдің әдебі деген не?” атты көрініс қойды. Сонымен қатар көпшілікпен ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыпқа, ырым-тыйымдарға негізделген сұрақ-жауап ойынын ойнатып, сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге өз аттарынан арнайы дайындалған шағын сыйлықтарын ұсынды.
Аталмыш шараға ауылдық мәдениет үйінің әншілері, ауылдың үлкен-кіші өнерпаздары да атсалысып, бірі әсерлі әнмен әрлесе, енді бірі әсем билерімен көмкерді. Айта кетерлігі, олардың арасында “Шуақ шашқан әжелер” тобының жетекшісі Ж.Тортаеваның шәкірттері, өзге де топ мүшелерінің немерелері бар. Концертті тамашалауға келген жергілікті жұртшылық өкілдерінің сахнада өнер көрсеткен үлкен-кіші әр қатысушының құшағын гүлге толтырып, өзіндік сыйлықтарын тарту етіп жатқандығы да бұл ауылдың тұрғындарының ауызбіршілігінің, татулығының берік екендігін аңғартып тұрғандай. Бұл жастарға, жаңадан отау құрған шаңырақ иелеріне үлгі екендігі анық.
Байқағанымыздай, “Шуақ шашқан әжелер” тобының репертуарында халық әндеріне басымдық берілген. Бұл да ұлттық тәрбиенің бір тетігі болып табылады. Ал, осы шараға байланысты мәдениет үйінің дәлізіндегі қабырғаға ілінген әр саналы жан үшін күнделікті тұрмыста қажеттілігі туындайтын ырым-тыйымға қатысты қанатты сөздердің әсіресе жас буын тәрбиесінде маңызы зор екендігін ұғындық. Бұл да ұйымдастырушылардың ұтқырлығы болса керек.
Жалпы, “Шуақ шашқан әжелер” тобының бір жылдық есеп беру концерті жоғары деңгейде өтті. Мұны шара соңында сөз сөйлеген ауыл тұрғындары мен кеш қонақтары да өз сөздерінде айқындап берді және көпшілік үшін бұл кеш рухани демалыс болғандығын айтып, ризашылықпен тарқасты.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.