Ақпараттық портал

Білім мен біліктілік сынға түскен сәт

Жуырда ауданымызда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңа мектепке жаңашыл ұстаз» атты республикалық жас педагогтар байқауының аудандық кезеңі өтті.
Байқаудың мақсаты – жас педагогтардың әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық потенциалын арттыру, инновациялық белсенділіктерін дамыту, кәсіби шеберліктерін шыңдауға ықпал ету. Ал міндеті – талантты жас педагогтарды анықтау, педагог еңбегінің дәрежесін көтеру, жас педагогтардың инновациялық идеяларды енгізуде және ізденуде мотивацияларын арттыру, дәстүрлі мәдени-білім ортасына тарту, педагогикалық қауымға жас педагогтардың жетістіктерін насихаттау, тарату.
Байқау шартына сәйкес оған білім мекемесінде үш жылға дейінгі педагогикалық еңбек өтілі бар жас мамандар қатысты.
Үш кезеңде өткізілетін байқаудың облыстық кезеңін ағымдағы жылдың 13-20 наурыз күндері аралығында облыстық білім басқармасы ұйымдастырады. Ал, республикалық кезеңі осы жылғы 14-18 сəyip аралығында өткізілмек.
Байқауды ұйымдастыру және өткізуге ұйымдастыру комитетімен құрылған қазылар алқасы атсалысып, әділ бағалауға күш салды.
Байқау шартына сәйкес оған қатысушылар бірнеше тапсырмаларды орындауы қажет. Атап айтқанда, «Жаңа мектепке жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазу, «Шығармашылық жолдың бастамасы» тақырыбында өзін-өзі таныстыру. Мұны фотопрезентация, бейнепрезентация, аудиожазба, көркемсөз, т.б. ерекше шығармашылықтар арқылы көрсетуге мүмкіндік берілген. Байқауға қатысушы 5-7 минут ішінде өзін таныстырып, мамандығына деген көзқарасын жеткізеді. Келесі тапсырма – 40 минуттық ашық сабақ өткізу. Байқау қатысушылары бейтаныс сыныпта (5-9 сыныптарда) сабақ өткізіп, сабақтың тақырыбын қатысушының өзі күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) анықтайды.
Қазылар құрамы байқау қатысушысының кәсібилігі мен жаңаша идеяларды ұсынуын, сабақты жаңартылған білім мазмұны бойынша өткізуін, оқушыға білім берудің жаңаша әдіс-тәсілдерін, ақпараттық-коммуникативтік технологияны меңгертуін, эссені бағалау кезінде тақырыптың сәйкестігін, түсінуін, аргументтердің сенімділігін, анықтығы мен жүйелілігін, түпнұсқалық (плагиат тексеру) сәйкестігін, таныстыру кезеңінде өзіндік ерекшелігі және шығармашылығын, презентацияның анықтығы мен жүйелілігін, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін, кәсіби тәжірибені ұсынуын, сабақ өткізу барысында оның мақсатының күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес таңдалуын, оқу мақсаттарына сәйкес қойылғандығын, ойлау қабілетінің даму деңгейіне сәйкес SMART форматында кұрылғандығын басты назарға алды. Сондай-ақ, оқыту әдістері мен тапсырмалардың оқу мақсатына жетудегі өзге де қырларына ерекше мән берді.
Айта кететін жайт, үздік сабақтар “YouTube” хостингінде пәндер бойынша ашылған каналдарға шығарылатын болады.
Осындай сан түрлі сынға толы шара соңында қазылар алқасының мүшелері сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.
-Байқауға 16 жас маман қатысты. Әр қатысушының қырын әр жағынан көріп, қуандық. Таныстыру, эссе жазу, сабақ өткізу кезеңдері, барлығын байқаудың қазылар құрамына кірген білікті мамандармен бірлесе отырып, әділ шешім шығаруға тырыстық. Байқау болған соң, оның қатысушылары арасындағы ережеде көрсетілген барлық талаптардың үдесінен шығып, оқ бойы озып шыққандарды жеңімпаз деп тану шарт. Алдымызда «Дарынды бала, талантты ұстаз» байқауы бар. Сондықтан бұл жолы жүлделі орынға ілікпей қалғандар ізденіс арқылы шыңдалып, осы секілді өзге де байқауларда топ жарады деген сенімдеміз. Қатысушылар арасында алты айлық еңбек өтілімен байқауға қатысып отырғандар бар. Мұны ерлік деп санауға болады. Ал, байқау ережесіне сай сабақты қырық минут ішінде толық аяқтап, мазмұны жағынан ерекшеленген әль-Фараби атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Айгерім Бекежанқызының, 45 минут ішінде аяқтаса да, байқаудың барлық талаптарын толық қамтыған Төле би атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Мадина Ерғазықызының есімдерін ерекше атап өтуге болады.
Сабақ өткізу барысындағы олқы тұстарды бірден сол жерде өздеріңізге ескертіп отырдық. Бұл алдағы уақытта сіздерге оң септігін тигізеді деп білеміз. Бас жүлде бұйырған жеңімпазымыздың келешекте байқаудың облыстық кезеңінен сүрінбей өтіп, республикалық деңгейде жүлдегер атануына тілектеспіз,-деген аудандық білім бөлімінің әдіскері Сержанкүл Әметқызы мұның барлығы түптеп келгенде жас мамандарды шәкіртке сапалы білім беруге дағдыландыруды, жалпы білім сапасын арттыруды көздейтіндігін назарға салды.
Тағы бір айта кетерлігі, жас мамандар күнделікті көз көріп, алдарында отырған оқушыларға емес, өзге мектептердің окушыларына сабақ өткізді. Мұны да қазылар алқасы ескеріп, әділ шешім шығарды. Нәтижесінде, белсене қатысқан жас мамандар аудандық білім бөлімінің сертификатымен, байқау барысында өзіндік ерекшеліктерге ие болғандар «Ізденімпаз педагог», «Шығармашыл педагог» сынды арнайы номинацияларға негізделген Алғыс хаттармен және жүлделі орындарды еншілегендер І, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Бірінші орынды М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Жұмакүл Нұржігітқызы иеленсе, Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гиназияның мұғалімі Жандос Бағдатұлы бас жүлдені жеңіп алып, «Жаңа мектепке жаңашыл ұстаз» республикалық байқауының облыстық кезеңіне жолдама алды.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.