Құтыру – қауіпті дерт
Құтыру – бұл аса қауіпті, жіті өтетін, жүйке-жүйені зақымдайтын, соңы өлімге әкеп соқтыратын жануарлар мен адамға ортақ вирусты ауру. Ауруды жұқтыру көзі құтыру вирусын жұқтырған үй жануарлары мен жабайы аңдар болып табылады. Вирус қаңғыбас иттер, мысықтар, ауыл шаруашылық малдары мен жабайы аңдарда таралады. Таралу механизмі – қарым-қатынас арқылы, әдетте адамды ит қабу, мысық тырнау, кеміргіштердің тістеп алуы және құтыру ауруын жұқтырған ауыл шаруашылық малдарының сілекейінен таралады. Аэрогенді таралу жолдары да ықтимал (жарғанаттар мекендейтін үңгірлерде, зертхана ішінде жұқтыру), тамақтан және трансмиссивтік (жәндіктердің шағуы арқылы).
Құтырудың ең басты және жіті өтетін белгілері:
Жануарларда – ол бір түрлі күйде болады, кейде сұлық жатады, мазасызданады, ауызы көбіктеніп, ішіп-жей алмайды, жанына жолағанның барлығын қауып, тістеуі мүмкін, жануар 5-7 күннің аралығында өледі. Адамдарда – жарақаттанған жері ауырып ысиды, алқынып демалады, көздері қатты жасаурайды, ауырсынып және қиналып жұтынады, аузының сілекейі қоюлана береді, адамды үрей билейді, ашуланшақ болып, құтырынып, аласұрады, өлім алдында талма ұстап, дене құрысып, сал болып қалады.
Денеге енген соң құтыру вирусы жүйкеде таралып, барлық жүйке жүйесін зақымдайды. Құтыру ауруымен ауырған жануарларды сілекей және көз жасының көп ағуынан, бақылағанда судан қорқуынан анықтауға болады. Бұл ауруды емдеу әдістері жоқ. Ауруды болдырмаудың тәсілі оны ұрық кезінде жою. Бұл әдіс арнайы құтыруға қарсы алдын алу вакцинасын егу болып табылады. Жануар 10 күн бақыланып, сау екендігі анықталса немесе құтыру вирусы жоқ болса терапия тоқтатылады.
Егер сізді қаңғыған ит, мысық, жабайы аң және т.б. тістеп алған жағдайда медициналық мекемеге барып қаралу керек, құтырудың алдын алу сіздің дер кезінде дәрігерге қаралуыңызға байланысты.
Алдын ала екпе қабылдау кезінде денсаулыққа аса қатты көңіл бөлу және 6 айға дейін спирттік сусындарды ішуден бас тарту қажет. Денсаулықтың қандай да бір төмендеуі (бас ауру, дене қызуы және т.б.) байқалса тез арда дәрігерге қаралған абзал.
Дәрігерлердің нұсқамаларын орындамау, егу тәртібінің бұзылуы, екпе курсының аяқталмауы салдарынан құтырумен ауыру әбден мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Жүйелі түрде өткізілген құтыруға қарсы екпелер құтырумен ауырып қалудан алдын ала сақтандыратынын есте ұстаңыз!
Қ.Бахтиярова,
Шу ауданының ветеринария бөлімінің эпизоот-дәрігері.