Ақпараттық портал

Ене мен келін етене жақын болса…

Ұлы, текті, рухты деген теңеуге лайық халқымыздың тұрмыс салтынан-ақ бұл тіркестер тауып айтылғандығына көз жеткізесіз. Мәселен, бірнеше бөліктерден құралатын киіз үйдің құдіретін сөзбен айтып жеткізуге шеберлігіміз жетпейтіндей. Бір шаңырақтың өзінде үлкен мән бар. Ал, есік пен төрге дейінгі аралықтағы ішкі жиһаздардың үйлесімділігі мен құрылымының орны да тым бөлек. Әр бөлшегінің маңыздылығы ескеріле отырып құрылатын киіз үйдің шаңырағынан күннің сәулесі түсуі үшін түндігі түрілуі керек болса, сол түндікті күлімдей ашатын әрі береке ұйытқысы бола білетін әйел затының орны қашан да ерек. Біз қашан ұлы, текті, рухты болдық десек, қазақ анасының даналығы арқылы сол дәрежеге жеттік деп шімірікпестен айта алған елміз. Ал, сол ұлылығымыздың бүгінде тінін үзіп алмау – бізге жүктелген жауапкершілік.
Бүгінде қоғам талқысына жиі түсіп жататын мәселелердің ішінде ене мен келін арасындағы кикілжіңнің арты үлкен дауға ұласып жатқандығын көз көріп, құлақ естіп жүр. Көшпелі салты, көмбелі тарихы бар халқымыздың өткеніне жүгінсек жер дауы, жесір дауы дегенді ғана құлағымыз шалатын еді. Ал, ене мен келін дауы дегенді бүгінгі қоғамда ғана көріп-біліп жүрміз. Содан шығар, тойдағы асабалар “Малдың жауы – кене, келіннің жауы – ене” деп сойқанды соғып тұрады. Қай заманнан ене мен келін жау болған еді?! Тарихымызда қазақтар жоңғарлармен, қалмақтармен жауласыпты дейтін еді, қашаннан ене мен келін жауласып үлгерген?! Ене мен келін дауы бір ғана отбасының мәселесі болып көрінгенмен, ақырына үңілсең бүтіндей бір ұлттың қасіреті. Бұл күндері тәрбиені жиі ауызға алып, үйлестіру жолдарын қарастырып жүргеніміз келешектің қамы емес пе?!
Соның дәлелі, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Өндіріс ауылдық округіндегі Абай ауылдық мәдениет үйінде “Көреген ене, өнерлі келін” атты мән-маңызы зор іс-шара өтті. Бұл іс-шараның ұйымдастырылып өтуіне Өндіріс ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Мәрзия Омарова мен Өндіріс ауылдық округінің аналар алқасы мүшелерінің үлесі басым. Аталған іс-шараға Өндіріс ауылдық округінің әкімі Санат Карбозов, Абай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тобахан Байгисиев, Шу аудандық аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, Шу аудандық аналар алқасының мүшесі Ләйлә Сатыбалдиева және ауыл тұрғындары қатысты.
Тағылымы мол іс-шарада Өндіріс ауылдық округінің аналар алқасының мүшелері мен осы жолдардың авторы келіндерімен бірге қазақилықтың үлгісін көрсетті. Ең алдымен ене мен келін өздерін таныстырып өтсе, екінші кезеңде халық әндерін айтты. “Әннің де естісі бар, есері бар” деп дана Абай айтпақшы, халық әндері ауыл тұрғындарына ерекше шабыт сыйлады. Бұған қоса ене мен келіндері ұмыт болған қазақтың тағамдарын жасап, оны қонақтарға таныстырды. Сахна төрінде келіндердің бірі ел алдында күбіге айран пісіп, май алып, құрт дайындаса, енді бірі көрермен алдында бозаны бабына келтіріп жасаса, тағы біреуі тарыны диірменге түйіп, майсөк жасады. Сол секілді енелер де үйден жасап алып келген ет, қимай, қарын бүрме сынды тағамдардың жасалу жолдарын түсіндірді.
Бұған қоса ене мен келіндерге сұрақтар қойылып, сол сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді. Табалдырықтың киесі, кір жуу және оны жаю мәдениеті, жеті шелпек таратудың мәні, қамшы ілу дәстүрі сынды сұрақтар енелерге қойылса, тоқымқағар, құрсақ шашу, байғазы, жарысқазан секілді жоралғылар бойынша сұрақтар келіндерге қойылды. Әр сұрақты байыппен бастан-аяқ тәптіштеп түсіндірген ене мен келіндерге көпшілік тәнті болды. Іс-шара соңында енелер мен келіндерге Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Мейраш Жаңылова,
Өндіріс ауылдық округі аналар алқасының төрайымы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.