Қасиетті Қадір түні қарсаңында ауызашар берілді
Ең ізгі амалдар жүзеге асатын, адамдар бір-біріне қайырымдылық жасайтын, мұқтаж жандардың қажеті өтелетін, молшылыққа үндейтін, ауызбіршілік салтанат құратын, сауаптардан құр алақан қалдырмайтын Ораза айы да әне-міне дегенше өте шықты. Жаратушы иеміздің мейірімінің шексіздігі соншалық, дәл осы айлардың сұлтанында барша пендесін жарылқап, әр игі ісі арқылы мәртебесін арттырып қояды. Мәселен, аузы берік жандарға ауызашар берген кісі ораза ұстаған адамның алатынындай сауапты теңдей алады екен. Сондықтан Ораза айы басталғанда көптеген жандар ауызашар беруге асығады. Сондай-ақ осы қасиетті айда садақа берудің де ерекше маңызы бар. Түрлі пәле-жаланың бетін қайтарсын деген ниетпен адамдар «Пітір» садақасын беруге де асығады. Тек Рамазан айын күтіп отырмай-ақ, күнделікті өмірде жақсылық жасауға асығатын, тапқан нәпақасынан жиі садақа беруді жөн санайтын жандар да баршылық. Сондай ізгі жандардың бірі балуаншолақтық Мадалиевтар әулеті.
Мадалиевтар әулеті Қадір түні қарсаңында, яғни наурыздың 26-нан 27-не қараған түні Балуан Шолақ ауылындағы «Қойайдар» мешітінде ауызашар берді. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудан әкімдігіне қарасты бөлім және мекеме басшылары, мектеп директорлары, Шымшық Мадалиева бастаған «Жеті қазына» құрамындағы ауылдың ардақты әжелері, ауыл тұрғындары және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Ауызашар дастарханының басында ауыл имамы Аян Смайыл сөз алып, көпшілікке ой салар уағыз-насихатын айтты.
Қуантатыны, соңғы кездері қарақұрым халық жиналған жерінде ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық ойындарымызды барынша дәріптеп, орындалуын жүзеге асыруда. Қадір түні қарсаңында берілген ауызашардан кейін арқан тарту, қол күрес, қой көтеру сынды ұлттық ойындарымыз ойнатылып, оған жастар жағы белсенді қатысты. Жеңімпаздарға арнайы орындар мен ақшалай сыйлықтар берілді. Мұнан кейін мешіттің ішінде діни, салт-дәстүр, жөн-жоралғы жөніндегі түрлі сұрақтар қойылып, жауап бергендерге де сыйлықтар үлестірілді. Мұның барлығына Мадалиевтар әулеті демеушілік көрсеткенін атап өткен жөн.
-«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, алақандай ауылымыздағы Мадалиевтар әулеті жомарттық ісімен республикаға танылған үлгілі жандар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөздің салмағын сезініп, қайырымдылық іске ұзақ жол салған жандардың әр игі ісін жария етіп айтудың да еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Ауылымыздың атымтай жомарт азаматы Сағадат Мадалиев мешітке үнемі қолғабыс етіп, демеушілік көрсетіп тұрады. Бүгінгі Қадір түні қарсаңында жасаған игі ісі көпке үлгі болса деймін. Мешіт Алланың үйі болғандықтан, мұқтаж жандардың көбісі бізден келіп көмек сұрайды, сондайда қолдарын құр қайтарғымыз келмейді. Ауыл тұрғындары берген пітір садақасынан сол жандардың мұқтаждықтары ескеріледі. Алайда, биылғы жылы ауыл азаматтарының пітір садақа беруі өте төмен деңгейде болғандығы қынжылтады. Осы уақытқа дейін Мадалиевтер әулетінің ризық-несібесі артпаса, кеміген емес. Ол, әрине, осындай игі істерге жол салғандығының арқасында. Сондықтан да игі іске барша жұртшылық атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді,-деді ауыл имамы Аян Смайыл.
“Адамның бәрі пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, жомарттық – осы жолға бастайтын қасиет” деген даналық сөздің мәніне терең үңілер болсаңыз, кез келген азамат ел аузында жақсы ісімен қалатыны сөзсіз екендігін аңғарасыз. Кешегі тарихта аты қалған “Атымтай жомарт” та өзінің көл-көсір көңілімен, қолының ашықтығымен, сауапты істе алдына жан салмайтын көркем мінезімен ғасырларды артқа қалдырып, даңқы бүгінге жетіп отыр. Тарихта атың тек даналығыңмен, ақылыңның асып туғандығымен қалмайтындығының, қайырлы ісіңмен де қалатындығының дәлелі бұл. Осы тұста сөз соңын жақсылық жасап жарысайық деген оймен түйіндегіміз келеді.
Айғаным Асқарбек.