Жаңа кітаптың тұсауы кесілді
Өткен күннің өнегесін өскелең ұрпақтың жадына сіңіру зиялы қауым мен қариялардың еншісіндегі іс. Ал оның тетігі тарихи кітап пен насихатшы екені даусыз шындық. Оның үстіне қазіргі таңда кітап оқу қайта трендке еніп, насихаттаудың тың тәсілдері қолға алынуда.
Олай дейтініміз, жуырда Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде еліміздің Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Болат Оңғарбайдың «Ақыртөбе» кітабының тұсаукесері өтті. Аталмыш еңбектің дүниеге келуіне Шу өңірінен шыққан жас кинорежиссер Шыңғыс Әбдібек тікелей мұрындық болған. Оны автор өзінің кітабының беташар тұсында көрсеткен-ді.
Жазушының айтуынша, Шыңғыс Талғатұлымен кино түсіру алаңында танысып, тарихи тақырыптарды талқылайды. Сонымен қатар жас тарланға «Биназар батыр» романын табыс етеді. Бірер күн ішінде кітапты бірдеммен оқыған Шыңғыс шабыттанып, кітап желісімен кино түсіруге бекінеді. Сценарийін жазушыға жазып беруді қолқалайды.
Шығармашылық байланыстары беки түскенде Ш. Әбдібек қаламгер ағасына Секер мен Барақ батырлардың әкесі Қоғыл батырдың туған інісі Маса бабасының ерліктері мен ұрпағының ержүректігі туралы кітап жазып беруді өтінген. Осылайша, екі бөлім, 11 тараудан тұратын еңбек оқырманға жол тартып отыр.
Жазушы Болат Оңғарбай тарихи тақырыпқа қалам тартып жүрген қаламгерлеріміздің бірі. Ол «Ақыртөбе» хикаятында қазақ халқының Жоңғар, одан бергі Қоқан хандығының шапқыншылығына қарсы қауқар танытқан батырларының ерен ерліктері жайында кеңінен баяндайды. Шығармада Сиқым руының Қоғыл, оның ұлдары Секер, Барақ, інісі Маса бабаның, оның немерелері Жәпек, Мәмбет, Қоғылдың немересі Тайлақ пен Нар жайында айтылады. Бір әулеттен шыққан батырлар туған жерлерін қалың жаудан қорғайды. Шығарманың оқиғасы жүздеген жылдардың тарихи кезеңін қамтиды.
Тұсаукесер рәсіміне ауданның зиялы қауымы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қалалық және аудандық Жастар ресурстық орталығының ұжымы мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Одан бөлек, Болат Шымшықбайұлына сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алды.
Тарихтан тіл қататын туынды иесі де игі іске куә болғандарға еңбекті қысқаша таныстырып, демеушілік еткен жерлесімізге көпшілік алдында алғысын білдірді. Сондай-ақ ОКЖ директоры Б.Алжанбаеваға «Ақыртөбе» хикаятын табыс етті.
Жиын соңында қатысушылар жазушыға шығармашылық табыс тілеп, құнды дүние жазғаны үшін ризашылық сезімін жеткізді.
Айта кетерлік жайт, аталмыш шараның өтуіне өңірдегі жастар ұйымы да өз үлестерін қосты.
Байжан Емберді.