Ақпараттық портал

Шу ауданында қос зауыт іске қосылды

Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қолдау бойынша кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Сондай жоспарлы жобалардың бірі – Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағының аумағындағы металлургиялық зауыт. Кәсіпорын құрылысының басталу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Аймақ басшысы аталған жоба – мемлекет пен бизнес арасындағы табысты ынтымақтастықтың жарқын үлгісі әрі тұрақты өсудің символы екенін жеткізді. Оның айтуынша, зауытты іске қосу – сабақтас салалардың дамуына берік негіз қалап, өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен ел Үкіметінің қолдауының арқасында өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, ірі халықаралық жобалар іске асырылуда. Экономиканың стратегиялық салалары жүйелі түрде дамып келеді. Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 3,6 триллион теңге болатын, 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 82 жоба бар. 2025 жылы жалпы сомасы 175,2 миллиард теңгеге 30 жобаны іске асыру жоспарланған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға көп инвестиция тартылды, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянь мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдіріп, жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтудағы қосымша дәнекер болатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы Қытай мемлекетінің жетекші металлургиялық кәсіпорны. Аталған компания өндірістік қуаты жылына 3 миллион тоннаға дейін жететін металлургиялық зауыт салады. Ал, инвестиция көлемі – 564 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында 2,5 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде, алғашқы кезеңнің өзінде-ақ бір мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Жалпы, компания өкілдері мол тәжірибесін пайдалана отырып, сапалы және бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін темір рудасын терең өңдеудің толық циклін жолға қоюға ниетті. Нақтылай түссек, бірінші кезеңде 1 миллион тоннаға дейін арматура, созба сым, бұрышты болат өндірілсе, екінші кезеңде 2 миллион тонна профилді және жолақты болат шығарылмақ. Сондай-ақ, мұнда темірді тікелей қалпына келтіру технологиясы енгізіледі. Бұл өнім құрамындағы темірдің жоғары мөлшерде сақталуын қамтамасыз етеді. Өнеркәсіпте ғылыми тәсіл мен заманауи технологиялардың тиімді үйлесуі өндірістің экологиялық тұрақтылығын арттыра түседі.
Сонымен қатар, бұл күні Шу ауданында ауылшаруашылық өнімін, оның ішінде жүгеріні түбегейлі өңдеуге бейімделген Fufeng Group компаниясы зауыты да іске қосылды. 1999 жылы іргетасы қаланған осынау кәсіпорын осыдан он сегіз жыл бұрын Гонконг қаржы биржасына шықса, бүгінде әлем бойынша қызметкерлер саны 20 мыңнан асады. Облыс әкімі өнімдері жүзден аса елдерде қолданылатын компания тек Шу өңірінің ғана емес, тұтастай еліміздің экономикасын көтеруге оң септігін тигізетінін жеткізді. Атап өтейік, дәл осы жүгеріні терең өңдеу зауыты Орталық Азияда теңдесі жоқ деп есептеледі.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.