Ақпараттық портал

Барлығы ел бірлігі үшін жасалған қадам

Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөз сөйлеп, онда ұйым қызметіне қатысты маңызды ұстанымдарын ортаға салды. Атап айтқанда, биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Ассамблеяның құрылған сәттен осы күнге дейінгі тарихына, қоғамдағы маңыздылығына тоқталып, тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы рөлін атап өтті. Соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілгендігін тілге тиек етті. Мысалы, Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайтындығын, бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттыратынын, сондай-ақ «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобының қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысатындығын, қазіргі таңда мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысатындығын да назардан тыс қалдырмады.
Бұл елімізде қазақ халқымен біте қайнасып өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің мемлекетке деген сенімін арттырып, өзара құрмет, бірлік пен ынтымақты нығайта түспек. Ассамблеяның арқасында еліміздегі барлық этностар Қазақстандағы оң өзгерістердің бел ортасында жүргендігі халық арасында теңдіктің сақталғандығын айқындап тұрғандай.
Қ.Тоқаев Ассамблея жұмысын одан әрі жаңа бағытта жандандыруға қатысты алда тұрған міндеттерді де тізбектеді. Осы міндеттерді жүзеге асыруға атсалысу біздің де ортақ парызымыз. Сол себептен, біз де жергілікті жерде әр тапсырманы тиянақты орындауға күш сала беретін боламыз.
Ел Президентінің “Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Береке-бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай”,-деген сөзі әр қазақстандықтың бойтұмарына айналуы қажет деп білемін. Сонда ғана ырыс пен ынтымақ мәңгі жасайды. Ассамблея сессиясында айтылған тың мақсаттарды негізге ала отырып, алдағы уақытта да барлығымыз бір атаның баласындай бірлігімізді берекелі етуге күш сала беретін боламыз.
Таджир Абдуллаев,
«Әзірбайжан» этномәдени бірлестігінің төрағасы.

***

Ел болып еңсе тіктегеннен бері Тәуелсіз Қазақстан халқы “Бірлігіміз әралуандықта” деген қағиданы берік ұстанып, мызғымас бірліктің қазығын құлатып алмауға күш салып келеді. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде осы сөзді тағы да қадап айтты. “Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ. Мен көп жағдайда «Бұл қиындық та артта қалады» деп ашық айтамын” деп айтқан ел Президенті бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісін қалыптастырған халқымызды сол жолды үзіп алмауға шақырды.
“Кең пейілді кемімес” деген даналықты ұстанған қазақ елі жаратылысынан қонақжай, құшағы ашық, жаны жомарт жұрт екені әмбеге аян. Татулықтың талбесігінде тербелген текті еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерде өзге ұлт өкілдерін өгейсітпей, бірінен-бірін алаламай, бәрін бауырына басты. Еліміздегі этносаралық ынтымақ пен қоғамдық келісімнің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бұған дейінгі сессияларында көтерілген тақырыптардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да зор маңызға ие. Мәселен, «Бір халық» бұл – барлық қазақстандықтар үшін ортақ ұлттық мүдделер деген сөз. «Бір ел» бұл – барлығымыздың Отанымыз ортақ екенін білдіреді. Ал, «Бір тағдыр» бұл – бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңіс жолдары. Міне, осы үш ұғымды ұштастырудың да зор мәні бар.
Мемлекеттің экономикасының дамуы, халықтың тұрмысының жақсаруы мен барлық салалардың ілгерілеуі алдымен қоғамдағы саяси тұрақтылық пен этносаралық татулыққа тікелей байланысты екені даусыз. Осы уақытқа дейін табысты жүргізілген әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларға этносаралық келісім мен түсіністіктің арқасында қол жеткізілгенін көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат жақсы біледі. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан қоғамдық һәм этносаралық келісімнің дүниежүзіне үлгі боларлықтай өзіндік моделін қалыптастыра білді. Біз осы игі істі әрі қарай жалғастыруымыз керек. Яғни елдегі бірлікті бекемдей түссек, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Шындықтың алдаспаны Шерағаң «Дүниеде не жаман? Бүлінген жаман. Іргеңді сөгіп, қабырғаңды қақыратып, шаңырағыңды ортаңа түсіретін сол. Ауызбірлік кеткенде солай болады. Бүтінделе аласың ба, содан кейін. Жағаласқан қол, жыртылған жаға, қалған көңіл қашан келеді орнына. Ұмытылмас азабы мен шері бар ғой оның. Бір-бірімізге кекті көзбен қарап, сумаңдатып сұқ саусақты кезесек, қараулық жасап, қарадай қауып тастасақ өзіміз өксіп, артымызда келе жатқан ұрпақ опынбай ма, күні ертең» деп тегін айтпаса керек. Қазіргідей қиын кезеңдерде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін бір шаңырақ астында бірлікпен жұмыла тірлік қылуымыз керек. Еліміздің егемендігі баянды болып, Қазақстанның бірлігі күллі әлемге үлгі болсын!
Умар Алиев,
«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.