Ақпараттық портал

Мен атаммен мақтанамын

Соғыс! Кез келген адамның көңіліне үрей туғызып, жүрегіне қорқыныш орнатар ауыр сөз. Осы бір соғыс сөзімен 1941-1945 жылдары біздің аталарымыз бетпе-бет келді емес пе?! Ел басына күн туып, аспанды қара бұлт үйіргенде, кеудесінде жаны бар, көкірегі намысты ер азаматтар қолына қаруын асынып, елін қорғауға аттана бастаған.
Менің апамның айтуы бойынша, атам үйдің жалғыз баласы болған. Атамның әкесінің інісі сол кезде басқарма болып, менің атамды соғысқа баратындардың тізіміне қоспай алып қалады. Замандастарының бәрі кетіп жатқанда атам ауылда жүргенді намыс көріп, соғысқа өзі сұранып арыз жазады. Сөйтіп, 1942 жылдың көктемінде атам “Ворошилов” маңындағы соғыс алаңына түседі. Соғыста өз міндетін абыроймен атқарып жүреді. Бірнеше орден, медальдармен марапатталады. Соның ішінде “Қызыл жұлдыз” ордені, Ұлы Отан соғысының 1, 2-ші дәрежелі медальдарын кеудесіне таққан.
Бірде 1944 жылы атаммен 3-4 жауынгерге жеке құпия тапсырма беріледі. Осы тапсырманы орындау кезінде екі жауынгер қаза тауып, атам мен жолдасы ауыр жараланып, ес-түссіз госпитальға түседі. Жазылып шыққан соң аса қауіпті тапсырманы орындағаны үшін атам «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Бірақ, оқ жарықшағы денсаулығына зиян келтіріп, сол қолы жарамай, елге қайтарылады. Ата-анасы баласының аман-есен оралғанына қуанады. “Жеңіс” күнін ауылда қарсы алады. Ауылға келген соң тынбай еңбек етеді. Колхозда есепші, кассир болып, еңбегімен зейнетке шығады. Мен атамды көрген жоқпын. Атам туралы әкемнің, басқа да үлкен кісілердің айтуы бойынша білемін.
Жеңістің 70 жылдығына орай Тараз қаласында “Жеңіс” саябағы ашылып, соғыс ардагерлеріне ескерткіш орнатылған. Сол жерден атамның аты-жөнін оқығанда төбем көкке жеткендей болды. Мен – Отанын, елін жауларынан қорғаған, немістермен аянбай шайқасқан, өз елінің патриоты – Қазақ жауынгерінің немересімін! Мен – осындай атаның ұрпағымын деп мақтанышпен айта аламын.
Аянат Ілияс,
Жамбыл атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.
Көктөбе ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.