Әкемнің ізгі ізі – жүрегімде
2025 жыл – қазақ тарихында ұлы ерліктің, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтетін жыл. Бұл күн – бейбіт таңның, тыныш өмірдің бастауы. Ұлы Жеңіс мерекесі біздің отбасымыз үшін ерекше мереке болып саналады. Өйткені асқар тау әкеміз Нұрғиса Толғанбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері.
Әкем көзі тірісінде анама: «Менің бір ғана мерекем бар, ол 9 мамыр – Жеңіс күні» – деп айтып отырушы еді. Ал, анам «Ұстаздар күні» мерекесін ерекше ұлықтайтын. Қазір өткенге көз тастап, ойласам, анам өзінің және өмірлік жарының мамандығын бағалағаны екен ғой. Әкемнің абыройлы қызметінде, отбасындағы береке мен молшылықта анамның еңбегі зор болған екен. Мұғалімдік қызметімен қоса, он екі баланы өмірге әкелу, өсіру, бағу, тәрбиелеу, қала берсе, жұбайына қолдау көрсету – көзсіз ерлік дер едім. ”Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің” демекші, соның бәрін өз басыңа келгенде түсінеді екенсің. Осыған дейін де әкем туралы біраз мақалалар жазғанмын. Бүгін, міне, әкеме деген сағыныш тағы қолыма еріксіз қалам алдырды.
Менің әкем… Өмірдің ащысын да, тәттісін де бір кісідей көрген жан. Жастайынан ата-ана мейірімінен ажыраса, белі қатаймай жатып еңбекке араласа бастағанда сұрапыл соғыс та басталады. Мектептегі ұстаздық жолын артқа тастап, 1942 жылы өзі сұранып, соғысқа аттанып кетеді. Алғашында Киев, Харьков қалалары маңында, одан соң Курск шайқасына түседі. Қаһарлы жылдардың қаһарманы батальон комсоргы болады. Кеудесіне 5 жылда 5 медаль тағып, 1946 жылы елге оралады. Сол жылдан бастап ауылдағы Ленин атындағы мектепте мұғалімдік қызметін жалғастырған. Еңбектен қол үзбей жүріп, оқуын да бітіріп алады. Қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденудің арқасында сол мектепте ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Менің айтпағым, әкемнің атақ-дәрежесі ғана емес, оның даналық мектебі туралы еді. Ол 40 жыл бойы мектеп басшысы болып, талай шәкіртке білім мен тәрбие берді.Оның есімі ел жадында тек мықты басшы ғана емес, әділ, қарапайым, бала жүрегіне жол таба білген жан ретінде қалды. Әкемнің еңбегіне деген құрметті халықтан жиі көремін. Ауылдастарының, әріптестерінің, шәкірттерінің айтқан жылы лебіздері мен үшін үлкен мотивация. Өйткені, әкем – менің өмірлік ұстазым ғана емес, тағдыр жолымды айқындап берген шырағым. Мен де бүгінде мектеп басшысы ретінде әкем салған сара жолмен жүріп келемін. Жауапкершілік жүгі ауыр, бірақ маған күш беретін әкемнің ізі. Басқару үлгісі, мұғалімдер мен оқушыларға деген қамқорлығы, тәртіп пен талапты үйлестіре білген басшылық қабілеті – мен үшін өмірлік бағдар. Әке болмысы, аманаты, сөздері, көзқарасы мен өмірге деген ұстанымы – менің жүрегімде мәңгі сақталған. Әке жолын жалғастыру – мен үшін тек мамандық емес, үлкен аманат. Бұл аманатты абыроймен алып жүру – менің борышым. Менің әрбір адал еңбегім, жақсылықпен өткен әрбір күнім – әкеміздің рухына арналады. Әкемнің ізгі ізі – жүрегімде, ал оның қалдырған ізі – мектебіміздің қабырғасында, ұрпақ санасында. Мен де әкем секілді жарқын із қалдыра білсем деймін.
Маралжан Нұрғисақызы,
Көктөбе бастауыш мектебінің директоры.