Ақпараттық портал

От кешіп, жалын жастанған жауынгер

Туған халқының қамын жеп, артында өнегелі сөз, өшпейтін із қалдыру арқылы жұрт жадында сақталған қаһармандардың есімін өскелең ұрпақ үлгі тұтып, әркез естеріне алып келеді.
Сондай азаматтың бірі –
Шаймахан Жолтайұлы.
Шаймахан Жолтайұлы 1913 жылы Шу ауданы, Мойынқұм колхозында дүниеге келген. Жасынан зеректігі мен еңбексүйгіштігінің арқасында сауатын ашып, өзін аямай ауыр еңбекке араласқан. Шаймахан атамыз жалындаған бар күшін салып, уақытпен санаспай, туған жерінің, елінің қамын ойлап, Ақтөбе ұжымшарының бригадирі, содан соң ұжымшар төрағасының орынбасары сынды қызметтерді атқарды.
Ұлы Отан соғысына Шаймахан атамыз 1942 жылы аттанып, №807 атқыштар дивизиясы сапында шайқасады. Ол соғыста Сталинград шайқасының бел ортасында болады. Ел басына күн туған аласапыран заманда халқымыз үшін Сталинград шайқасының маңызы зор болды. Себебі, жау күшінің басым бөлігін осы бағытқа қарай жұмсаған. Сталинград шайқасында №807 атқыштар дивизиясы мыңдаған фашисті жойып, жүз офицерді тұтқынға алады. Осы бір жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыстағы жанқияр ерлігі үшін ол 1943 жылы партия қатарына қабылданады.
Келесі шайқас та жойқын болды. Жер мен көк астасып кеткендей. Зуылдаған оқтар, жарылған бомбалар, өртенген дала, айналаның бәрі қара түнек. Біреуді біреу біліп болатындай емес еді. Алға қарай жанұшыра еңбектеген ол кенет мойнына асып алған қалташасындағы партиялық билетінің жоқ екенін байқайды. Тап осы мезетте командирі жауынгерлеріне артқа қарай шегінуге бұйрық береді. Себебі, күш тең емес еді. Жауынгерлер артқа қарай шегіне жөнеледі. Ал Шаймахан атамыз жанұшыра алға қарай еңбектей жөнеледі. 20-30 метрдей ұзаған соң аласа талдың бұтағына партия билетінің ілініп тұрғанын көріп, қуанышы қойнына сыймай кетеді. Осы бір қайтпас қайсарлығы мен табандылығы атамыздың беделін асқақтата түседі. Сталинградты жаудан азат ету үшін болған ұрыста бригада жауынгерлері жан аямай шайқасты. Сталинград шайқасында көзсіз ерлік танытқан қазақстандықтар құрметіне осы қалада «Казахстанская» деп аталған көше бар.
1943 жылдың ақпан айында Сталинград шайқасы жаудың жеңілуімен аяқталды. Курскіні алудағы алапат шайқаста Шаймахан атамыз снарядтан ауыр жарақаттанады. Госпитальда 11 ай емделіп, 5 қабырғасы алынып, 1944 жылы екінші топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралады.
Екінші майдан – тылдағы еңбекті ұйымдастыруға жарымжандығына қарамай құлшыныспен кіріседі. Қанды қасап майданды көзімен көріп келген ардагер атамыз жетім-жесірлерге қол ұшын беріп, көп қолдау көрсетеді. Әлсізге қорған, тұрмысы төмендерге қалқан болады. Ашқа-тамақ, ауруға-демеу болып, ел құрметіне бөленеді. Қиын-қыстау кезеңде өзі үшін емес, елінің мүддесі үшін ғұмыр кешкен, тынымсыз тірлік пен мызғымас бірлікті ту еткен Шаймахан атамыз өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет етті.
«Германияда Жеңіске жеткені үшін» медалімен, «ҚазССР-не 50 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Жеңістің 20, 25, 30, 40 жыл» медальдарымен марапатталды.
Соғыстың аяқталғанына 80 жыл толса да Шаймахан атамыздың жарқын бейнесі туыстарының жадынан кетпейді. Басқыншы жауға қарсы тұрып, Ұлы Жеңістің жақындауына өз үлесін қосқан, Отан қорғау жолында от кешіп, жалын жастанған майдангердің ерлігі, ел мүддесі үшін сынға түскен шешуші сәттерде жүзден жүйрік шығып, өнегелі істерге ұйытқы болған Шаймахан Жолтайұлының өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болады деп сенеміз.
Дәнегүл Батырбекова,
немересі.
Төле би ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.