Ақпараттық портал

Интеллектуалдық ойын – ой-өрісті дамытудың тиімді жолы

Қазіргі заман – білім мен бәсекенің заманы. Әрбір жас тұлға тек теориялық біліммен шектеліп қалмай, сол білімін өмірде қолдана алатын, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуы керек. Осы орайда жастардың ойлау қабілетін, логикасын, сөйлеу мәдениетін, ұжымда жұмыс істеу дағдысын жетілдіретін тиімді құралдардың бірі – интеллектуалдық ойындар.
Интеллектуалдық ойын – бұл тек ойын емес, бұл – өзін-өзі дамыту, іздену, жаңа ақпаратты қабылдау және оны қолдану шеберлігі. Осындай ойындар жастар арасында білімге деген қызығушылықты арттырып, таным көкжиегін кеңейтеді. Олар топпен жұмыс істеуге, жауапкершілікке, тез шешім қабылдауға үйренеді.
Жастар үшін мұндай ойындарда жеңу – тек мақтаныш емес, өзін-өзі дәлелдеу, ішкі сенімді арттыру, ортада бедел жинау жолы. Сонымен қатар, түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап беру арқылы олар өз білім деңгейін саралап, қай салада жетілуі қажет екенін аңғарады.
Интеллектуалдық ойындар – жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі. Ойын арқылы олар жаңа достар тауып, топпен пікір алмасып, қоғамдық белсенділікке үйренеді. Бұл – әсіресе, қазіргі технология мен әлеуметтік желіге тәуелді болып бара жатқан жастар үшін пайдалы балама.
Жаңа жол ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Индира Халиеваның ұйымдастыруымен ауылдық округтегі әр сала мамандарының басын қосқан “Quiz Ui” этно-интеллектуалдық ойыны өтті. Ойынға 5 команда қатысты. Атап айтсақ, “Sana” тобы (мектеп ұжымы), “Бірлік” тобы (әкімшілік ұжымы), “Бәйшешек” тобы (балабақша ұжымы), “Денсаулық” тобы (аурухана ұжымы), “Ауыл жастары” тобы (жастар тәжірибесінің мамандары).
Ойын барысында қатысушылар “Кереге”, Есік”, Уық” және “Шаңырақ” кезеңдері бойынша білімдері мен логикалық қабілеттерін сынға салды. Эмоцияға толы қызықты ойында үздіктер қатарынан “Sana” тобы көрініп, І орынды иеленді. ІІ орынға “Бірлік” тобы, ІІІ орынға “Бәйшешек” тобы жайғасты. Жеңімпаздарға «Шу жастар ресурстық орталығы» КММ-нің дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.
Қорыта айтқанда, интеллектуалдық ойындар – қазіргі жастардың бойындағы жасырын таланттарды оятатын, өзіндік пікірін қалыптастыратын, көшбасшылық пен ой еркіндігін дамытатын бірегей құрал. Мұндай ойындар жастардың тек ақылды ғана емес, рухани бай, білімге құштар тұлға ретінде қалыптасуына зор үлес қосады. Сондықтан жастарды білімге, ізденіске, пікірталас пен тапқырлыққа баулитын интеллектуалдық ойындарды жиі ұйымдастыру – уақыт талабы.
Зере Қабланбекова,
Б.Момышұлы атындағы орта мектептің бағдарламашысы.
Жаңа жол ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.