Мектептегі мерейтой
Ілгеріде Ыбырай сынды тұлғалар қазақ даласына мектеп салып, Алаш баласының білімді болуын көздеген. Бүгінде ұлық жандардың ұлы мұраты орындалып, елімізде білім ошақтары көптеп салынды. Тамырын тереңге жайған мектептер ғасырлық тарихқа құлаш ұрып отыр. Солардың бірі – қазақтың бас ақынының есімін иеленген Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектебі.
Биыл бұл мектеп өзінің 95 жылдығын тойлауда. Осыған орай Абай атындағы орта мектебінде сәуірдің 25 күні қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған тәлім мен тәрбие ордасының 95 жыл толуына байланысты ауқымды шара ұйымдастырылды.
Айтулы мерекелік шараға ардагер-ұстаздар, қадірлі қонақтар мен мектеп түлектері қатысты. Осы күні меймандарға мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен сазды бағдарлама ұсынылып, сонау 1929 жылы теміржолдың ШЧ аймағында жалпы саны 40 оқушыға арналып ашылған тамыры терең мектептің 95 жыл ішіндегі сан қырлы, шежірелерге толы өмірі туралы бейнебаян көрсетілді.
Іс-шара барысында мектеп ұстаздарының мұрындық болуымен ақын өмірінен сахналық қойылымдар қойылып, Абайдың әндері айтылып, өлеңдері мен қара сөздері оқылды. Шара мәресінде мектепті басқару ісін қолына алған Еркін Ахметов сөз сөйлеп, ұлы ақынның кейінгі толқын ұрпақтарына қалдырған шығармалары әр адам үшін өшпес мұра, таусылмас қазына екенін тілге тиек етіп, ардагер ұстаздарды құттықтап, келген қонақтарға алғысын білдірді.
– Биыл халқымыз үшін, біз үшін маңызды жыл. Олай дейтініміз, ұлы ойшыл, ақын-аудармашы Абай Құнанбайұлының мерейтойы және тау тұлғаның атындағы білім ошағының 95 жылдығы. Осыған байланысты арнайы іс-шара өткізіп отырмыз. Ондағы мақсат – өткенді саралап, адамзат өміріндегі мектептің алар орнын айшықтау. Бүгін мектебіміздің іргетасы қаланған жылдардан бастап, мектеп тарихынан сыр шертілген «Прекрасное далёко» атты виртуалды мұражайына саяхат жасалды. Көрермендер одан көп нәрсені түйді деген ойдамын,-деді мектеп басшысы Еркін Тұрарбекұлы.
Байжан Емберді.