Ұлы Жеңістің құрдасы
Мейрамбек Асылбаев адамзатқа қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы аяқталып жатқан, яғни 1945 жылдың 9 мамырында қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген екен. 1952 жылдан бастап Ақыртөбе орта мектебінде оқып, 1960 жылы сол мектептің 9 сыныбын бітіріп, 1962 жылы сол ауылдағы СПТУ-ды тракторист-комбайнер, автокөлік жүргізуші мамандығымен тәмамдайды.
1962-1967 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қорағаты және Ленин совхоздарында тракторист-комбайнер, жүргізуші болып еңбек етсе, 1967-1969 жылдары Кеңес армиясы қатарында, Қиыр Шығыста, яғни Приморский крайдағы Даманский аралында болып, әскери борышын өтеу барысында соғыс іс-қимылдарына қатысады. 1969-1982 жылдар аралығында үкіметтің жолдамасымен Луговой, Свердлов, Меркі аудандарының ішкі істер саласында аға учаскелік инспектор болып қызмет атқарады. 1982-1996 жылдар аралығында Шу аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор, аға учаскелік инспектор болып қызмет етіп, 1996 жылы осы мекемеден милиция майоры шенімен зейнетке шығады.
1997 жылдан 2002 жылға дейін Шу аудандық көлік құралдарын жүргізушілер одағы филиалында директор, 2002 жылдан 2012 жылға дейін СМП-да және №10 кәсіптік мектепте ұстаз болып, аудан экономикасын көтеруге өз үлесін қосады. Зейнетке шыкқан соң аудандық ардагерлер кеңесінде билер алқасының мүшесі бола жүріп, жастарды патриоттық тәрбиеге баулу ісіне де өз үлесін қосады.
Уақыт ағымында ішкі істер саласының қызметіне және қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны үшін облыс, аудан басшылары тарапынан бірнеше марапаттарға ие болып, «Шу каласының 80 жылдығы және Шу ауданының 90 жылдығы», «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталған.
Зайыбы Қыздаркүл Бектенова екеуі алты баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, олардан он төрт немере, екі шөбере сүйеді.
Мейрамбек Асылбаев ішкі істер саласында қызмет еткен жылдарында талай қылмыстың бетін ашып, өз жұмысына қырағы қарап, артылған міндетті жауапкершілікпен атқара білген. Оған оны Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының 1979 жылы қазіргі Байзақ ауданының Сарыкемер ауылына учаскелік инспектор қылып арнайы жіберуі дәлел. Алдыңғы атқарып жүрген жұмыстарына қарағанда мұндағы жұмыс айтарлықтай ауырлау болады. Соған қарамастан, ол күндіз-түні ұйқы көрмей, талай қылмыстың бетін ашады.
Аудан орталығы облыс орталығы Жамбыл қаласымен жалғасып жатқандықтан, тәртіп бұзушылардың, ұры-қарылардың жолы ашық, өрісі кең болатыны әлімсақтан белгілі. Мұндайда іскерлік керек. Оқыс қимылдың өзі опық жегізуі мүмкін. Осындай сәтте оның ұтқырлығы әрдайым қиындықтан алып шығатын.
Өткенді ойға алып, аса қауіпті қылмыскерлермен болған бір оқиғаны Мейрамбек ағамыздың өзі былай баяндады:
-1982 жылдың тамыз айында «Трудовой пахарь» ұжымшарында аға учаскелік инспектор болатынмын. Сол кезде аудан көлемінде дүкен тонаушылар көбейіп кетті. Бірде үлкен дүкен тоналып, қымбат бұйымдар мен заттар ұрланды. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, милиция подполковнигі Сартаевтың бұйрығымен қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы, милиция капитаны Жақсыбек Рәпілбеков, курсант Болат Төлтаев үшеуімізден жедел-іздестіру тобы құрылды. Рәпілбековтың айтуынша, ұрланған заттар, магнитофондар «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы бір телемастердің үйінде екен деген ақпар бар. Біз соны тексеріп, магнитофондардың нөмірлерін анықтауымыз қажет. Менің жеке көлігіммен айтылған үйге келдік. Рәпілбеков екеуміз үйге кірген мезетте тергеу органдарынан жасырынып жүрген, аса қауіпті қарулы қылмыскер ойламаған жерден бізге қарай оқ жаудырды. Бірінші оқ менің кеудеме, екінші оқ Рәпілбековтің ішіне тиді. Осылайша, екеуміз де қылмыскердің оғынан ауыр жарақат алдық. Көршілердің көмегімен жедел жәрдем көлігі шақырылып, Ж.Рәпілбековті ауруханаға жөнелттім. Өзім қансырап, жолдың шетіндегі көлігіме жүгерінің ішімен келе жатсам, әлгі қылмыскер маған тағы да оқ жаудырды. Машинамды айдап кетуге тырысты. Екеуміздің арамыздағы шайқастан кейін, оның қалаға қарай кетіп бара жатқан пойызға жармасқанын байқап қалдым. Мені ауруханаға жеткізгенше екі сағат уақыт өтіпті. Мен қансырап жатыппын, кеудеме тиген оқ өкпемді тесіп шыққан. Жақсыбек Рәпілбеков алған жарақаттан сол түні қайтыс болды. Менің милицияда, кейін полицияда қызмет атқарған кездерімде мұндай оқиғалар болып тұрды ғой,-деп күліп қойды.
Бір күні кеңшардың жылқышысы Нұрғали Есімбеков қарамағындағы он жылқының колды болғанын хабарлады. Сонда Мейрамбек ағамыз мән-жайды анықтаған соң шұғыл іске кірісіп, ізге түскен. Күдікті деген жерлерді аралады. Малшылармен сөйлесті. Осындай іздестіру шараларының арқасында ұры Қырғызстанның Қарабалта қаласының тұрғыны, атақты баукеспе Т.Бишеналиев деген болып шықты. Өзінің мол тәжірибесінің арқасында жерлесіміз оны бұлтартпай ұстап, қылмысын мойындатты. Кеңшардың он жылқысы иесі Нұрғали Есімбековке қайтарылды. Баукеспе ұры тиісті жазасын алды.
Мейрамбек Асылбаев аудан орталығы – Төле би ауылына ауысты да, 1996 жылға дейін полицияда еңбек етіп, зейнетке шықты. Бүгінде еңбек жолын «ДСУ-85» мекемесіне қарасты Шу астық қабылдау базасында әскери күзет тобының жетекшісі болып жалғастыруда. Жұбайы Кыздаркүл екеуі тәрбиелеп өсірген алты баланың төртеуі үйлі-жайлы. Бүгінде екеуі немерелері мен жиендерінің қызығына бөленуде.
Ұлы Жеңістің құрдасы Мейрамбек Асылбаев өзінің туған күнін жыл сайын осы мерекемен ұштастыра тойлайды.
Мамырдың таңы атқанда,
Жеңіс күні Мейрам деп.
Тойлап елім жатқанда,
Дүниеге кепті Мейрамбек.
Құтты болсын алпыс жасың,
Ұлы Жеңіс құрдасы!
Тілек 100-ге жақындашы,
Аман болып отбасың.
***
Базарбай Асқартегінің төмендегі жыр шумақтары мерейтой иесіне арналады.
Аз емес кезің жау қуған
Аянбаған елінен.
Ісіне шын берілген.
Асылбаев Мейрамбек,
Тектілігі тегінен.
Халыққа көңіл бөлгенсің.
Қиындықты жеңгенсің.
Даманский аралда,
Соғысты да көргенсің.
Елің күткен армансың.
Жеңіс күні туғансың.
Шымырлығың шыңдалып,
Жігерлі жігіт болғансың.
Қызу еңбекте қайнадың.
Машина, трактор айдадың.
Молайтып халық байлығын,
Нұрлы күндерді тойладың.
Туған жерге ту тігіп,
Тірегі болдың тірліктің.
Өзіңе карап талпынған,
Ұшқыны болдың бірліктің.
Көлік жүргізген фирманың,
Директоры боп самғадың.
Бейнетқорлығың тәнті қып,
Енбегіңді жалғадың.
Абыройдан танбадың.
Алғыс болды алғаның.
Зейнеткерлікке шыққан соң,
Билерге мүше болғаның,
Адамгершілік айбарың.
Қызметіңде өрледің.
Қылмысқа жол бермедің.
Шенін алып майордың,
Бұл жолда талай терледің.
Аз емес кезің жау қуған.
Қылмыскер оқ та жаудырған.
Тайсалмай жаудан Жақсыбек
Досыңыз жан тапсырған.
Өкпеңді оқ тескенде.
Елес боп өмір көшкенде.
Қырық күн қырғын болса да,
Көретін жарық өшкен бе?!
Қылмыскердің жолынан,
Сонда да қалмай соңынан.
Тығырыққа тіредің,
Құтылмады торынан.
Кыздаркүлмен біргесің.
Өмірге алты ұл келгесін.
Он төрт сүйген немерең,
Қызығын бірге көргейсің!
Тарих боп қалар өткен күн.
Мамыражай күні көктемнің,
Бес жыл бойы сағынған,
Уралап дауыс жеткен күн.
Динара Батырхаирова.