Ақпараттық портал

Тіл тағдыры баршамызға ортақ мәселе

Тәуелсіз Қазақстан тарихының мыңдаған парақтарын ақтарып, егемен ел атанғалы атқарылған істерге көз жүгіртер болсақ, ел өмірінің түрлі саласында жүзеге асырылған игілікті істер мен оң өзгерістерді айқын байқауға болады. Алайда, елдікпен бірге жасауы тиіс мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде ақсаңдап, артта қалғандығымыз көңіл қынжылтады. Бүгін де Тәуелсіз мемлекет ретінде күн кешіп жатқанымызға отыз жылдан астам уақыт өтсе де, бұл мәселенің әлі де күн тәртібінен түспей келе жатқандығын өз басым елдігімізге сын деп қабылдаймын. Оған басты себеп – мемлекеттік тілге шекеден қарайтын шенеуніктер мен қарапайым тұрғындар арасында орыс тіліне әлі де болса басымдық беріліп отырғандығы болса керек.

Мемлекет басшысы тарапынан талап болғанымен, төменгі сатыдан талпыныс жоқтығы ащы болса да, шындық. Керек десеңіз, әлі күнге дейін мемлекеттік тілде анық сөйлей алмайтын, ойын еркін жеткізе алмайтын басшылар мен қосшылар қауымы жетерлік. Мұны біз көпшілік басқосқан мемлекеттік қызметке қатысты түрлі жиындарда жиі аңғарамыз. Көкейіндегі ойын өзінің туған тілінде еркін жеткізе алмай, бейшара күйге түскен кейбір ұлты қазақ шенеуніктерді көріп, қынжыламыз. Тіпті, өз қызметтеріне қатысты есептік баяндаманы орыс тілінде жазып келіп, енді бірі қағазға жазылған қазақша баяндаманы ежелеп оқып, қара тер болатын басшылар әлі күнге дейін арамызда әр салаға жетекшілік етуде. Қалалық өңірді былай қойғанда, ана тілін меңгермегендігін арсынбайтын азаматтар аудандық жерлерде де басымдыққа ие. Оған есептік баяндаманың бастапқы сөйлемдерін қазақ тілінде жазып келіп, ортасына жетпей жатып орысша жүйткіп жөнелетіндер дәлел. Бұл тағы да қазақ тілінің орыс тілінің көлеңкесінде күн кешіп жатқандығын аңғартады. Дәл осындай көріністердің орын алуына өзіміздің қаракөздеріміз себеп болып жатса, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тіл мәселесі төңірегінде қандай да бір талап қоюымыз артық болар.
Халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген екен. Өкінішке орай, сол тіл мәселесі отыз жылдан бері әлі де орнын таппай келеді. Оған жоғарыда айтылған мысалдар дәлел. Егер, еліміздің әр тұрғыны өзі өмір сүріп жатқан Отанға деген сүйіспеншілікпен мемлекеттік тілді қастерлеп, оның аясын кеңейтуге тым болмаса өзінің қазақ тілінде сөйлеуі арқылы үлес қоспаса, елдігіміздің қандай қасиеті қалмақ? Бұл жоғарыда айтқандай, сөзбен қоса, ұлттың өзінің жоғалуына жол ашпай ма?!
Ал, соңғы жылдарда қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» – деген сөзі мемлекеттік тіл мәселесінің әлі де өткір күйде қалып отырғандығын айғақтайды. Оған қоса әр өңірде Тіл дамыту орталықтарының жұмыс жасап отырғандығы, оның ішінде қазақ тілін оқыту курстарының әлі күнге дейін қатарда жүргендігі тағы да жаныңды жабырқатады. Бұған қарап, сонда біздің тәуелсіздігіміз қайда қалды, егемен еліміздің ең басты құндылығы саналатын тіліміз неге жұтаң?-деген жауапсыз сұрақ туындайды. Тәуелсіз мемлекет ретінде күн кешіп жатқанымызға отыз төрт жылға жуықтаса да, әлі де тіл мәселесінің шырмауынан шыға алмай келеміз. Аталмыш мәселенің күн тәртібінен түспеуі қашанға дейін жалғасады? Оның себебі неде? Кінәлі кім?
Осы тұста кінәні өзгеден емес, әр қазақ өзімізден іздеген жөн деп білемін. Әсіресе, билік өкілдері қазақ тілінде сөйлеп, халық алдындағы әр сөзін қазақша жеткізіп, түрлі жиындардағы баяндамаларын мемлекеттік тілде баяндап, сұрақ-жауап мәселесінде қандай ұлт өкілі болса да, өзгелерден мемлекеттік тілдің қолданылуын талап етіп, осы ұстанымды үзбей жалғастыратын болса, мемлекеттік тілдің мерейі өсіп, аясы кеңейетіні ақиқат. Алайда, бұған биліктің қолдауы мен аға буынның ықпалы аз болып тұр. Халық қалаулысы саналатын депутаттар қауымы мемлекеттік тілде міңгірлеп сөйлеп, өздерінің қағазға қарап айтқан сөздерінің мәнін өздері ұғынбай жүргенде, өзгелерден не қайыр?
Ағымдағы жылда «Тик-ток» әлеуметтік желісінен ҚР Парламентінің мәжілісі SMM маман іздеп, жұмыс туралы хабарлама бос жұмыс орындарын іздеуге арналған арнайы платформада жазылып, жұмысқа орналасқысы келетін қызметкер мәжілістің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізетіні, алайда басты талаптардың бірі – орыс тілін жетік меңгеру екені айтылып, қазақ тіліне аса басымдық берілмеген. Байқасаңыз, бұл да балықтың басынан шіритіндігін айқын аңғартып тұрғандай. Сондықтан, мәселенің түйінін тарқатамыз десек, оның шешімін табудың жолдарын жоғарыдан бастаған жөн болар.
Көрнекті қоғам қайраткері, жазушы Асылы Осман апамыз да өзінің бір сөзінде: «Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам тілін де үйренсін!» деген еді. Осы сөзді еліміздің әр тұрғыны көкейіне тоқыса дейміз.
Бүгін де егемен еліміздің жаңа ұрпағы өсіп келеді. Жас буын өкілдері арасында тіл тағдырына шынайы алаңдайтын, патриот жастардың басым көрініс беруі де көңіл қуантады. Оған күні кеше «Магнум» сауда орталығына қатысы орын алған оқиға айқын дәлел.
Қазіргі уақытта Қазақстан атты тәуелсіз мемлекетте дүние есігін ашқан жерлестеріміздің алды түрлі мемлекеттік қызмет саласында аға буынмен аралас-құралас еңбек етуде. Сол аға буын мен жас буын арасындағы байланыс қазақ тілі арқылы қанат жайып жатса, бұл да елдікке қосқан бір үлес болар еді.
Тарихымыздың жаңа парағы ашылып, жаңа әрі әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында еңбек етіп келеміз. Оның қозғаушы күші ең әуелі билік өкілдері болуы хақ. Осыған орай, мемлекеттік қызмет саласында білімді, білікті, белсенді жас буын өкілдері басшылыққа тағайындалды. Олардың алдында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру міндеті де негізгі талаптардың бірі болып қала бермек. Мұны әсіресе, өскелең ұрпақ тәрбиесі мен жастар алдындағы азаматтық парыз емес, азаматтық міндет деп білсек, ұтарымыз көп. Талап бар жерде тәртіп бар. Ал, биліктің жаңа буыны тіл мәселесі төңірегінде тәртіпке бағынған құл болмайтынын ұдайы назарда ұстаса, нұр үстіне нұр.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана, ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал, мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ, қаншалықты патриот екенін көрсетеді.
Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды. Бұл мәселеде кез келген жөнсіз әрекеттің салдары ауыр, тіпті қайғылы болуы мүмкін»-деген еді. Бұл орайда, ел Президенті мемлекеттік тілдің аясын кеңейту өте күрделі әрі саналы қадамды қажет ететін, жауапты іс екенін меңзейді. Мұны әр азамат терең түсінуі қажет. Өз басым көп жағдайда қандай ұлт өкілі болса да оған қазақша сөйлеймін. Қай тілде жауап беретіні мен үшін айтарлықтай маңызды болмаса да, өз сауалымды қазақ тілінде жолдаймын . Өйткені, қазақ тілі менің намысым. Өз тілімді құрметтеу менің азаматтық ұстанымым.
Халқымыздың «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың» деген сөзінің мен үшін де мән-маңызы ерекше. «Өсер ел алдымен тілін қадірлейді» деген сөз әр отандасымыздың жадында жүрсе, мемлекеттік тіліміздің мерейі өспей ме?
Динара БАТЫРХАИРОВА.

Leave A Reply

Your email address will not be published.