Ақпараттық портал

Мәселелер бақылаусыз қалмауы тиіс

Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен аудандық аппараттық кеңес өтіп, онда әкімдікке бағынысты бөлім басшылары мен әкімдердің орындаушылық тәртібі қаралды.
Ол туралы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімшесінің басшысы Бағлан Боранбай хабарлап отырды. Оның айтуынша, Шу қаласының бас жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі кешігіп отыр. Сондай-ақ Жетісу мөлтек ауданында 80 пәтерлік үйдің құрылысы басталмауына байланысты қаржыны игермеу қаупі бар екені айтылды. Аталған нысанның мердігері «Шебербилд» ЖШС. Бұл жөнінде сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы С.Оңланбеков жауап қатып, жұмыстардың жайын жеткізді. Өз кезегінде аудан басшысы жұмыстардың сылбыр жүріп жатқанын айтып, шешімі шұғыл шаруаларды тез шешуді тапсырды. Оның қатарында құрылысы басталмаған Шоқпар ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы мәселесі де бар.
Баяндамашының мәлімдеуінше, Шу қаласы мен аудан орталығында сәулеттік келбеті келіспеген нысандар баршылық. Өкінішке қарай бұл сұрақ бойынша жұмыстар тоқтап тұр. Бұл мәселе бойынша да Бақытжан Оразалыұлы тиісті тапсырмаларды беріп, орынбасарларына бақылау ісін жүктеді. Сонымен қатар, құрылыс бөлімінің қауқарсыз екенін айтты.
Тағы бір соңына бармаған жұмыстың бірі – «Аша» мөлтек ауданындағы екіқабатты тұрғын үй мәселесі. Осыдан екі жыл бұрын тапсырылған шаруа бос үйлердің иелерін анықтау, оларды қайта жаңғырту бағдарламасы арқылы өткізу керек болатын. Қазіргі таңда 5 пәтердің құжаты заңдастырылған, 7 пәтердің тіркелген заңды иелері анықталып, 12 пәтердің иелері әлі күнге дейін белгісіз. Бұл сұрақ бойынша тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы мен Төле би ауылдық округі әкімі өз жауаптарын берді.
Аппараттық кеңесте ТКШ, ЖК және АЖ бөліміне қатысты мәселелер бары белгілі болды. Оның ішінде 65 трансформатор, «Батыс-2» қосалқы стансасы мен электр желілерін Жамбыл жарық жүйесіне сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары аяғына жетпеген. Бұған тиісті бөлім басшысы Ж.Каликов жауап беріп, 15 шілдеге дейін шаруалар аяқталады деп уәде берді.
Қорыта келгенде, аудан көлемінде қордаланған жұмыстар жетерлік. Оны ұтқыр шешуде басшылар мен әкімдердің әлеуеті әлсіз. Онымен қоса құжаттандыру ісінің мерзімдері де істі қиындатып отырғанын білдік. Баяндамашы мен басшылардың сөзін тыңдаған аудан әкімі шаруаны ширатуға шақырып, іскерлік керектігін тілге тиек етті. Себебі халыққа сапалы қызмет көрсету арқылы көп игілікке жететіні анық.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.