Ерекше жандар мәңгі есімізде
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында әкеміз Садық Мұстафаев туралы сыр шертіп, оның майдан даласындағы үміт пен күдікке толы күндері жайлы естеліктерін оқырман қауыммен бөліскенді жөн көрдік.
Әкеміз соғысқа 1941 жылы аттанып, елімізді жаудан азат етіп, 1945 жылы жеңістің туын желбіретіп, туған жеріне абыроймен аман оралғандардың бірі. Сұрапыл соғыс уақытында толарсақтан қан кешіп, 152 гаубицалық артиллериялық полкта қызмет етіп, көптеген қалаларды жау отынан арашалап, ерен еңбегімен, асқан батырлығымен, елім, жерім үшін, ұрпағымның жарқын болашағы үшін деп жанын да, тәнін де аямай, Отан үшін от кешкен азамат. Оның майдандағы ерлігіне «Ерлігі үшін», «Белградты азат еткені үшін», «Будапештті алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары айқын дәлел. Бүгінде біздерге бейбіт өмір, ашық аспан, сыйлаған әкемізді ерекше сағынышпен, қимастықпен еске аламыз.
Соғыстан оралғаннан кейін де еліне, жеріне қызмет етуін темір жол саласында машинист болып жалғастырды. Зейнетке шыққан шағында да өз ауылын көркейтіп, көгалдандыру ісіне зор үлес қосты. Жүрген жерін гүлдендіріп, жандандыруға жаны құмар еді. Әкемнің қолы тиген бау-бақша болсын, ағаштар болсын зәулім баққа айналатын. Сол заманда әкемнің бағынан жемістің түр-түрі табылатын. Ауыл тұрғындары әкеміздің бұл өнеріне тамсанып, ауылымыздың Мичурины деп атағанын талай естуші едік.
Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген ерлердің майдан даласына аттануы, кейбірінің соғыстан қайта оралмауы салдарынан еліміздің демографиялық ахуалы төмендеп кеткендігі белгілі. Дегенмен, әкем аяулы анамыз Мәрия екеуі 10 бала тәрбиелеп, жеткізді. Бүгінгі таңда олардан 23 немере, 56 шөбере тарап отыр.
Бала күнімізде денесіндегі соғыстан алған жарақаттарын байқап, «әке, бұл қалай болды?»-деп сұрайтын едік. Сонда марқұм әкеміз «Еее балам-ай, бұл жарылған снарядтан келіп тиген жарықшақтар. Жарақатты алғанда осымен дәм-тұзым таусылған болды ғой деген сәттерден қалған естеліктер ғой»-дейтін.
Сол жаны мен тәніне салынған тыртық уақыт өте келе, әкеміздің денсаулығына әсер етпей қоймады. Анамыз әкемізді аялы алақанына салып, күтіп, әйел жанының нәзіктігіне қарамай, көптеген ауыртпалықтарды өзінің қажырлығымен, қайтпас қайсарлығымен, аса еңбекқорлығымен отбасының ауыртпалығы мен қиыншылықтарын көтеріп, артынан қалған ұрпақты осы күнге жеткізеді. Әкеміздің тәлім-тәрбиесін, «Жан баласына қиянат жасама» деген өсиетін, жылы шырайлы көзінің нұрын, анамыздың аялы алақанының жылуын сағынғаннан қолымызға қалам алып, осы сағынышымызды жеткізуді ұйғарып отырмыз. Әкеміздің, анамыздың Отан алдында өтеген борышы мен елге, жерге, ұрпаққа деген ерен еңбектері үшін басымызды иіп, алғыс айтқымыз келеді. Әкеміз бен анамыздың жатқан жерлері жарық, жандары жанната болсын деп дұға етеміз!
Ұлы жеңістің басты кейіпкерлерінің бірі – Садық ата, біз сізге мәңгілік тағзым етеміз! Жеңістің 80 жылдығы бұл тек соғыста шайқасқан батырлардың ғана емес, тылда еңбек еткен, соғыс жылдарынан кейінгі уақытта да орны ойсыраған еліміздің олқылықтарының орнын толтырған, қайта қалпына келуіне атсалысқан әрбір жанды еске алатын күн. Сол кездің қиындықтары мен халықтың бірлігі бізге үлкен сабақ.
Сөз соңында өзімнің осыдан бірнеше жылдар бұрын Шу қаласы, «Қосқұдық» мөлтек ауданының, кейіннен Еңбекші ауылының тұрғыны болғандығымды айта кеткім келеді. Сол себептен, қазіргі таңда Төле би ауылында тұрып жатсам да, маған әр жерлесім, әсіресе, әкемнің замандастары ыстық. Ешкімде, ештеңе де ұмытылмайды! Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын!!
Хадиша Мұстафаева,
қызы.
Төле би ауылы.