Өмірі өнегелі, өлеңі өрелі ақын
Былтыр ғана 85 жылдығы жоғары деңгейде аталып өткен Жамбыл облысы жақсылар мен жайсаңдар туған мекен. Оның ішінде аты Алашқа озған ақын-жазушылар көп. Олардың есімдерін өскелең ұрпаққа өнеге етіп, құнарлы шығармаларын таныстыру – тікелей біздің міндетіміз.
Осыған орай өткен аптада Ақсу ауылдық кітапханасы Ж.Баласағұни атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушыларымен бірлесіп «Жазушымен бір күн» кітапханалық жобасын жүзеге асырды. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асановтың 80 жас мерейтойына арналған «Ақын – елдің ардағы» атты мәнерлеп оқу сағаты ұйымдастырылды.
Шайыр шығармашылығы насихатталған шара барысында ақынның өмірбаянына шолу жасалып, кітап көрмесіндегі «Күзгі шуақ», «Нұрлы дүние», «Ай мен күннің сәулесі» шығармалары таныстырылды. Сондай-ақ жергілікті ақын, айтыскер, Ақсу ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Б.Жұмабеков шараның құрметті қонағы болды. Ол аталмыш білім ошағының оқушыларына Қ.Асановтың өмір жолдары мен жеткен жетістіктерінен, шығармаларынан сыр шертіп, ақынның «Күзгі шуақ» өлеңінен үзінді оқып берді.
Естеріңізге сала кетейік, Қайырбек Асанов 1945 жылы 19 ақпанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы бұрынғы «Қызыл орақ» қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында қызметкер жанұясында дүниеге келген. Ғибратты ғұмырында биік белестерге шығып, ел руханиятына орасан зор еңбек сіңірді. Қазақстан Жазушылары және Журналистер одағының мүшесі, аяулы жары ақын Күләш Ахметовамен құрмет құшағына бөленіп отыр.
Жұлдыз Дощанова,
Ақсу ауылдық кітапханасының кітапханашысы.