Ақпараттық портал

Халық ақынының аты ардақталды

“Ел іші – өнер кеніші” дейді халық даналығында. Өнерлілерін елеп-екшеп, тарих сахнасына шығаратын да сол халықтың өзі. Шын талант тасада бұғып жатпайды, бұлқынады, халқы оны әспеттейді, әйгілейді. Дана Абай бабамыз “Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең” десе, қазақтың сол қасиетін таныған Затаевичтің “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деуі соның айқын дәлелі. Қазақ даласының әр өңірінде шоғыр-шоғыр талант иелері болса, біздің қойнауына құт қонған шежірелі Шу өңірінен де игі жақсылар шыққанын, соның ішінде би-шешен, ақын-жазушы, әнші-күйші, батыр-болыс, сал-серілер де шығып, тарихтан ойып тұрып орын алғанын айтып та, жазып та жүрміз.

Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мәдениеті жоғары халық мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат. 200 миллион үнді халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырғаны адам баласының теңдігі-кемдігі мәдениетіне қарай екендігін сипаттайды» деп жазған екен. Салмақты сөз саналарды сілкіп, қараңғылықта қалғыған жұртты жарыққа ұмтылдыруға сеп болса… Тарихымыздың тереңіне бойлаймыз деп жүргенде тарихтардың қатпарларында қалып кетпеу үшін, жоғымызды енді түгендегенде өзіміз жоғалып кетпеу үшін ұрпаққа ұлт тарихын жасаған тұлғалар туралы ұғындыруға атсалысқанымыз абзал болар.
Мәдениет туралы жайдан жай сөз қозғамадым. Өндіріс ауылдық округіне қарасты Абай ауылында жаңа, заманауи мәдениет үйі бой тіктегеннен бері мән-мазмұны айрықша іс-шаралар жиі өтуде. Бір жағы ондай іс-шаралардың өтуі басшының сол ауылдың тумасы болуынан да деп білемін. Неге десеңіз, үлкендердің өнегелі тарихты қаузаған әңгімесіне де құлақ түре білетіні өзі сол ауылдың азаматы болғандығынан да. Соның бірі, Абай ауылының мақтанышы, кезінде Қырғызстанға да, Мәскеуге де қазақтың өнерін паш еткен Жақсыбай Жантөбетовке арналған «Өмірімнің өрнегі» атты кездесу кеші өтті. Тағылымы мол кештің қадірлі қонақтары – Жақсыбай Жантөбетовтің ұрпақтары болды.
Осы тұста «Халық ақыны» деген үлкен атқа ие болған Жақсыбай Жантөбетов туралы аз-кем айтып өтейік. Жақсыбай Жантөбетов сонау 1988 жылы қазіргі Абай ауылында шаруа отбасында дүниеге келеді. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, әкесі Жантөбет Қуанышұлы жігітке тән қасиеттерді бойына тоғыстырған, сауық-сайранның серісі, ит жүгіртіп, құс салуға әуес, саятшы кісі болған деседі. Жақсыбай Жантөбетовтің бойындағы ақындық қасиеті де осы әкесінен дарыған. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, Жақсыбай атамыз нақ әкесіндей серілік құрғанды, саятшылық жасағанды жаны сүйетін, өзі той-думанның дүлдүлі болған азамат. Ол өмір сүрген жылдарында өлкенің тыныс-тіршілігінің тамырынан тап басып, соны өлең-жырларына қосып, тарихтың елеулі бір бетінен сыр ақтарып кеткен. Оның «Колхоз жыры», «Түрксіб», «Екі тап», «Нәзім қыз» деген жыр-дастандары соның айқын дәлелі. Жақсыбай Жантөбетов халық ауыз әдебиетінің ең озық үлгісі – айтыс өнеріне де құлаш сермеген ақын. Ол Қуаныш Баймағанбетов, Қуат Терібаевпен айтысқан әрі қызғыз ақыны Османқұлмен хат арқылы айтысқан. Тарихтан ойып тұрып орын алған жыр алыбы Жамбыл, боздаланың бозторғайы атанған Кенен Жақсыбай Жантөбетовті өздерінің өлеңіне қосқандығынан да дәлелдер бар. “Халық ақыны”, “Құрмет белгісі”, “1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін”, “Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасы” секілді атақ-марапаттарға ие болған айтулы азаматтың аты туған өңірінде дәріптеліп жатса, одан асқан құрмет бар ма?!
Мән-мағынасы зор кездесуде Абай ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Тобахан Байгисиев, Абай ауылының әкімі Санат Карбозов, Халық ақынының немересі, ардагер ұстаз Ләззат Жақсыбаева сөз алып, Жақсыбай Жантөбетов туралы деректер айтып өтті. Сондай-ақ, Абай ауылдық мәдениет үйінің “Көркем сөз” үйірмесінің оқушылары Жақсыбай Жантөбетовтің “Өмірімнің өрнегі” атты өлеңдер мен дастандар жинағынан жауһарлы жырларын оқып, көпшілікті рухани бұлақтан сусындатты. Бұған қоса, Меруерт Ақанқызы “Заман-ай”, Бақдаулет Оңғарбаев “Жігіттерге өсиет”, Әлібек Сыдықбаев “Ауылға” әндерін әуелете айтып, кездесуге қатысушыларды тәнті етті.
Кездесу соңында Халық ақыны Жақсыбай Жантөбетов атамыздың ұрпақтарына ауыл әкімшілігі мен мәдениет үйі атынан шағын сый-сыяпат жасалды. Бұған қоса, естелікке суретке түсіп, ерекше әсермен тарқасты. Алдағы уақытта әр өңір өзінің топырағынан туған осындай тұлғаларды дәріптеп, мазмұнды, мағыналы іс-шараларды жиі өткізіп тұрса, құба-құп болар еді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.