Ақпараттық портал

Жерлесіміз республикалық байқаудың жүлдегері

Жақында ғана егемен еліміз 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына 80 жылдық мерейлі мерекесін айрықша атап өтті. Соның бір жарқын айғағы, республикамыздың бас қаласы – Астанада әскери шеру болғандығы баршаға аян. Осы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында еліміз бен жерімізді фашистік басқыншылардан азат етуге ерен ерлік пен батыл батырлық көрсеткен аға ұрпақ өкілдері, бұрынғы майдангерлерге мемлекет тарапынан зор құрмет көрсетілді. Ал қайтыс болған майдангерлердің рухына құран бағышталды, ас берілді. Мұндай мұсылмандық шаралар біздің ауданда да өтіп жатты. Сонымен қатар, аудандық орталықтандырылған кітапханада, ауылдық мәдени ошақтарында, білім беру мекемелерінде ардагерлерді еске алу немесе олардың ұрпақтарымен кездесулер жүйелі өткізілгендігін патриоттық тәрбиенің көрінісі деп бағалаймыз. Қазіргі Отан қорғаушыларға да лайықты құрмет көрсетілді.

Ең бастысы, «Ешкім де, ешнәрсе де ұмтылмайды» деген мақсатпен Отан қорғаушыларды кеңінен насихаттау дәстүрлі жалғасын тауып жатты. Өйткені, өткен ақпан айында біздің кітапханаға Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Біз жеңістің ұрпақтарымыз» атты республикалық байқаудың болатындығы туралы хабарланды. Осы тақырыпқа көзі көрмейтін және әлсіз көретін зағип жандардың эссе жанры бойынша мақала жазып, қатыса алатындығы ескертілді. Бұл республикалық байқауды Жамбыл облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы ұйымдастырды. Үміткер қаламгерлерге байқау талабы жазбаша түсіндірілді. Аталмыш байқауға біздің ауданымыздан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, баспасөз ардагері, бірінші топтағы көз мүгедегі Қосақов Ахметжан Ақбұқаұлы қатысқан болатын. Республикалық байқаудың құттықтау және марапаттау рәсімі Тараз қаласында 23 мамырда салтанатты түрде өткізілді.
Сол күні жерлесіміз Ахметжан Қосақовтың эссе жазудан жүлделі бірінші орынды алғандығын естіп біздер, кітапханашылар қауымы үлкен қуанышқа бөлендік. Келесі дүйсенбі күні Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы, бірнеше көз мүгедектері және мектеп оқушыларының қатысуымен аталмыш кітапхана басшысы Б.Алжанбаева жеңімпаз журналистке І-дәрежелі диплом мен бағалы сыйлықты табыс етті. Сондай-ақ жиналғандар арасынан құттықтаушылар да аз болмады.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты бастамасын баянды басшылыққа алған әрі қызу қолдаған кітапханашылар қауымы бұдан былай да өздерінің тұрақты оқырмандарына қажетті қамқорлықты жасай беретін болады.
Осы орайда Ахметжан Қосақовтың «Ерлік есте, жеңіс жүректе сақталған!» эссе мәтінін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Клара Өмірбайқызы,
аудандық кітапхананың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлім кітапханашысы.

 

Ерлік есте, жеңіс жүректе сақталған!

(Эссе)

Тарих еншісінде қалып қойды десек те, қазақ халқының жиырмасыншы ғасырда көрген зорлық-зомбылығы мен қайғы-қасіретін қалай ғана ұмыта аламыз?! Бұл мүмкін емес. Адам айтса нанғысыз нәубет жылдарды айтпағанның өзінде 1418 күн мен түнге ұласқан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы туралы кітаптарды оқысақ, көркем фильмдерді көрсек, сахналанған драмалық туындыларды тамашаласақ, әлі күнге дейін Отан үшін от кешкен аға ұрпақ өкілдерінің ерен ерліктеріне сүйсінеміз әрі тәлкек болған тағдырларына күйінеміз.
Ата-бабаларымыздың әруағын ардақтаған ержүрек жауынгерлеріміз от пен оқтың арасында жүрсе де, сыр бермеді әрі сағын сындырмады. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Саттар Естемесов, Сәду Шәкіров, Ағәділ Сухамбаев сынды батырларымыз және тағы басқа да майдангерлер өшпес ерліктерімен ерекше көзге түсті.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары майдангерлеріміз келместің кемесіне мініп, көзімізден бал-бұл ұшты. Мәселен, біздің Шу ауданында Ұлы Отан соғысына қатысқан бірде-бір майдангер қалмады. Әрине, бұл табиғи заңдылық шығар. Әйткенмен, алдымызда алатаудай боп көрінетін жауынгер аға ұрпақ өкілдерінің орны үнірейіп қалғандығын мойындамасқа амал жоқ.
Ерлік пен елдік жолында қажымас қайрат танытқан майдангерлер жайлы қаншама көркем дүниелер жазылды десеңізші?! Әлі де жазыла жатар. Бұл ретте жерлесіміз халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қаламынан туындаған прозалық шығармаларды үлгі етуге болады. Әсіресе, жазушының «41-жылғы келіншек» атты әңгімесін оқыған кезімізде үлкен рухани әсер алдық. Ол кісі Хадиша есімді жас келіншектің күйеуі майдангер Мақсұт туралы қара қағаз алып, қалың қайғыға батқандығын өте шеберлікпен суреттейді. Сол тұста жалғыз Хадиша ғана емес, қазақ әйелдерінің көпшілігі тағдыр тәлкегіне түсті емес пе. Сол кездегі жесір әйелдер күйеулерін күтіп, ертелі кеш бір келіп қалатын шығар деген ізгі үмітпен өмір сүрді.
Сондай-ақ, тараздық ақын Жақсылық Сәтібековтің «Қара кемпір» деген дастанын оқысаңыз, көңіліңіз құлазып, өміріңіз өксиді. Мына бір-екі шумағына назар аударып көріңізші:
Сағындым Жексенқұлым, Қосшықұлым.
Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін.
Сендерге бәсіре деп өзі жоқта.
Қырық жыл ен сап жүрмін қозы-лаққа.
Дайын тұр құрт-майың да сеземін ғой,
Бір тойың болады-ау деп осы жақта.
Қос қанаты сияқты қос балапанын зарыға күтіп жүрген қарт ананың ауыр қайғысын бұдан артық қалай айтуға болады?!
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Осыған орай, ауылдық мәдениет үйінде ақпан айында «Біз жеңістің ұрпақтарымыз» атты мәдени шараның өтетіндігін естіп, сол іс-шараға куә болған жағдайым бар. Ауыл мектебінде бірге оқыған Жеңіс, Жеңісбек, Жеңісхан, Жеңісгүл, Әлия, Мәншүк есімді аға апкелеріммен сол басқосуда кездестім. Алғашқы сөз алған Жеңіс ағамыз былай деді: «Менің әкем соғысқа сол қолын беріп қайтты. Жарымжан болса да, қатарынан қалған жоқ. Үйленді, төрт ұл, төрт қыздың әкесі атанды. Жоғары оқу орнын сырттай оқып, тарих пәнінен сабақ берді. Қатардағы мұғалімнен мектеп басшысына дейін көтерілді. Осындай ел құрметіне бөленген әкемізге әлі күнге дейін алғыс айтып келеміз. «Пәленшенің балалары сондай екен» дегізіп, әке-шешемізге сөз келтірген жоқпыз. Бүгін менің өзім де ата болып, немере, шөбере сүйіп отырмын. Бұдан былай соғыс деген тажалды көрмейтін болайық».
Басқа да сөйлеушілер осындай озық ойларын ортаға салды. Бір жағынан өскелең жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге шақырды. Бұл басқосу үлкенге де, кішіге де үлкен әсер етті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болса керек. Олай болса, «Ерлік есте, жеңіс жүректе сақталған!» атты шығармамды мынадай өлең шумақтарымен аяқтаймын:
Ұлағатты ұрпағымыз жеңістің,
Аты өшсін «фашист» деген немістің.
Әкелерім, көкелерім қан кешіп,
Ұйытқысы бола білген ер істің.
Қайтпай қалды бәрі бірдей солдаттың,
Бұйырғандай топырағы жат жақтың.
Бала жетім, ана жесір атанып,
Қайғысына батқан екен «батпақтың».
Адамзатқа оқ атқандар оңбасын,
Өмір гүлі мезгілсіз бір солмасын.
Аспанымыз ашық болып әрқашан,
Енді қайтып соғыс деген болмасын!

Ахметжан Қосақов,
бірінші топ көз мүгедегі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.