«Шу өңірі» газеті – мәңгілік сырласым!
Менің бар өмірім аудандық газетпен тығыз байланысты. Мен 1963 жылы Ақсу ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Төле би ауылындағы қазақ орта мектебінің интернат пансионына 9-сыныпқа қабылдандым. Сонда оқып жүрген кезімде алғаш рет жүрек қалауымен «Шу өңірі» газетінде менің мақалам жарық көрді. Қуанышымда шек жоқ барша сыныптастарым, мені білетін көзі қарақты жұрттар құттықтап жатты. Осы құтықтаулар маған күш-жігер беріп, мақала, өлең, әңгімелер жаза бастадым. Сол кездегі тілші Тоқсанбай Жабайділдаев марқұм ағамыз әдебиетке бейімі барларды «Шу өңірі» газетіне жинап топтастырды. Өлеңдерді, әңгімелерді, мақалаларды талдап, оны газет бетіне жариялап отырды. Сол кезде Өмірзақ Балмұханбетов, Жахан Қожағұлов, Ахметжан Қосақов, тағы басқалары бұл іске белсене араласты. Марқұм Рахан Мумеев ағамыз ақыл-кеңестер беріп, бізді жазуға бейімдеді. Кейінірек Әбіғұл Ибрагимов, Рахмәтілдә Құдабаев сияқты ағаларымыз да газетке түрлі мақалалар жазудың жолдарын үйретті. Әсіресе, Әбіғұл ағамыз ҚАЗҰУ-нің журналистика факультетіне мінездеме жазып беріп, емтиханды ойдағыдай тапсырғаныма қарамастан, екі жылдық еңбек өтілім болмағандықтан, түсе алмай қайттым. Сонда да газетпен тығыз байланыста болып, мақалалар мен өлеңдерім жариялана берді. Өмір жолым басқа арнаға ауысса да, «Шу өңірі» газетінен қол үзген жоқпын. Ол менің қадірлі сырласым болды.
Ал, енді Шу ауданының 95 жылдық тарихын ашуға да менің септігім тигендігін айта кеткім келеді. Сыныптасым әрі досым, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы Мәкен Уақтегі екеуміз Алматы қаласына жол тартып, сол кездегі аудан әкімі Бағлан Қарашолақовтың тапсырмасымен аудан тарихы жайлы мәліметтерді мемлекеттік мұражайдан, Алматы облыстық архивінен, Ұлттық кітапханадан іздестіріп жүріп, тапқан едік. Бұл да көп ізденіс пен жауапкершілікті сезінудің арқасында табылды.
Енді, «Шу өңірі» газетіне қайта оралсақ, аудандық газеттің арқасында өлеңдерім мен мақала, әңгімелерім облыстық, республикалық газет, журналдарға басыла бастады. Бұл да болса аудандық «Шу өңірі» газетінің арқасы еді. Кейін Алматы қаласындағы республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің штаттан тыс тілшісі болдым. 2016 жылы Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылдандым. Сол жылы республикалық «Жұлдыз» журналының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметіне қабылданып, 2020 жылға дейін осы қызметті атқардым. Сонымен қатар, республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті, «Мектеп мерейі – Гордость школы» журналдарында қызмет еттім. Осы қызметке қабылдаған марқұм Жұмабай Шаштайұлы, Ғалым Жайлыбай, Тұрысбек Сәукетаев, Еркін Жаппасұлы, Заря Жұмановаларға алғысым шексіз. Төрт кітабым баспадан шығып, биыл 2025 жылы Әлем халықтары жазушылар одағына мүшелікке өттім. Өзімнің журналист, жазушы болсам деген арманым толық орындалды. Осы жетістікке жеткізген «Шу өңірі» газетіне басымды иіп, тағзым етемін.
Жасай бер, жайнай бер менің сүйікті де қадірлі газетім – «Шу өңірі»! Келешек ұрпақты мәңгі жазуға баули бер!
Төреқұл Әлханұлы,
ардагер ұстаз.
Ақсу ауылы.