Ақпараттық портал

Балалық шақ – ұмытылмайтын кезең

Бала күлкісі – әлемнің ең таза, ең шынайы әуені. Сол күлкінің арғы жағында балғын балалықтың мың бояулы боямасы жасырынып жатады. Әр адамның жүрегінде ұмытылмас бір мекен бар. Ол – балалық шақтың бал күндері. Сол кездер еске түссе, жүрек жылып, жан тынышталып, еріксіз жымиямыз. Себебі бақытты балалық шақ – өмір бойы адастырмайтын жарық жұлдыздай.
Бала – бүгінгі баға жетпес байлық. Көбіміз баланы болашақ деп бағалаймыз. Бірақ шынында, бала – дәл қазіргі сәтте өміріміздің ең үлкен байлығы. Оның таза жүрегі, шынайы сезімі, шексіз сенімі – бізге үлгі боларлық. Балалық шақтың бақытты болуы – сол баланың ғана емес, тұтас қоғамның, ұлттың болашағының жарқын болуына тікелей әсер етеді.
Бақытты балалық шақ дегеніміз – ата-ананың мейіріміне, отбасының жылуына, қоршаған ортаның қамқорлығына бөленген кезең. Бұл – баланың өзін еркін сезініп, шынайы өмірді танып, сенім мен сүйіспеншілікке бөленген сәттері.
Балалық шақтың өз тілі бар. Бала үшін шынайы бақыт – ата-ананың көңіл бөлген бірауыз жылы сөзінде, кешкі ас үстіндегі ортақ әңгімеде, «қалың қалай, күнім?» деген қарапайым сұрақта жатыр. Балаға берілетін махаббат пен мейірім оның бүкіл өміріне жол көрсететін шамшырақ іспетті.
Қоғам өкілдерінің балалық шаққа көзқарасы қандай. Бүгінде көп ата-ана балаларын заманауи технологиямен қамтамасыз етуді басты міндет санайды. Смартфон, планшет, қымбат киім – бақыттың көрсеткіші емес. Баланың санасы гаджеттермен емес, шынайы қарым-қатынас, достық, махаббат арқылы қалыптасуы керек.
Ойын – баланың табиғи тілі. Сол ойын арқылы олар әлемді танып, адаммен сөйлесуді, мейірімді болуды үйренеді. Сондықтан баланың бақытты балалық шағы үшін ең алдымен қауіпсіз, еркін ойнайтын, шығармашылықпен айналысатын орта қажет.
Мектеп пен балабақша, көше мен аула, кітап пен мультфильм – бәрі баланың ішкі әлеміне әсер етеді. Демек, қоғам балалық шаққа тек жанашырлықпен емес, үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Балалық шақ – мәңгілік естелік. Өмір алға жылжыған сайын балалық шақ алыстап, сағынышқа айналады. Бірақ адам баласы қартайған шағында да сол кездерді сағынып, еске алады. Себебі, адам бойындағы ең мөлдір, ең таза сезімдер тек сол шақта ғана болмақ.
Біз, үлкендер баланың қиялын таптап, үмітін өшірмей, керісінше, демеу болуға тиіспіз. Әр бала – бір әлем. Сол әлемнің ішіне үңілсек, біз өзіміз де қайтадан балалыққа сапар шегеміз.
Бақытты балалық шақ кездейсоқ болатын сәт емес. Ол отбасының, мектептің, қоғам мен мемлекеттің бірлесе жасаған үлкен еңбегі. Әр баланың өз арманы, өз үміті бар. Сол арманның шынайы орындалуына біз, ересектер қолдау жасағанымыз абзал.
Айғаным Серікқұл,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
2-курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.