Сағынышқа айналған сыйлы аға
(Шу ауданының Құрметті азаматы Әбжапар Жақыбаев жайлы бір үзік сыр)
Алдағы кезде қыдыр дарып, бақ қонған Шу ауданының құрылғанына 95 жыл толады. Бұл мерзім тарих үшін қас-қағым сәт тәрізді. Ал жергілікті шулықтар үшін тар жол, тайғақ кешулерге толы естен кетпес кезеңдер іспетті. Осы аралықта аға ұрпақ өкілдері алапат ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді, сұрапыл соғысты және тағы басқа да қиындықтар мен бейнеттерді көп көрді. Сонымен қатар осы кезеңде отырықшылдыққа бет бұру, егіншілікке көңіл бөлу, жаңа қоғамды қалыптастыру мен өркендету сынды ізгілікті істерге айырықша үлес қосқан атпал азаматтар аз болмаған. Олардың бәрін бірдей атап шығу мүмкін емес. Десе де өнегелі өмір сүріп, тағылымы мол тұлғаға айналған Әбжапар Жақыбаев туралы жас ұрпаққа тебірене айтқым келеді. Бұл ойым аталмыш ағаны жай мақтай салу емес, елге сіңірген адал қызметін саралаудан туған еді.
Әбекеңді, Әбжапар Жақыбаевты кейде сағынамын. Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің редакциясына жиі келетін. Бірақ, жай келмейтін. Көркем туындыларын көпшілікке ұсыну ойымен атбасын бұратын. Қатар-құрбыларына арналған шымшымалары мен достық әзілдері күлкі үйіріп тұратын. Жақындары мен туыстарына бағытталған құттықтаулары да жаныңа қанат бітіретін. Әділдігімен қара қылды қақ жарған Бөлтірік шешен жайлы терең тебіренетін. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Дінмұхаммед Қонаев туралы көп ойланып, толғанатын. Басқа да тарихи әңгімелерді нақтылап жазуды жаны сүйетін. Абзал ағаның көкірегін кернеген, жүрегін жігерлендірген осындай дүниелерін үзбей оқығандықтан, ол кісіге бауыр басып қалған екенмін.
Ана жылдары Шу ауданының – 80, Шу қаласының 50 жылдығы құрметіне «Шу өңірінің» энциклопедиясын жарыққа шығаруды қолға алғанмын. Бұрын-соңды мұндай ауқымы мол, айтары көп ірі дүние жазып көрмеген едім. Басшылар сенім артқан соң бағымды сынап көргім келді. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» демекші, ақыры бел буғаннан кейін аянбай іздендім.
Күнара келіп тұратын Әбекең бұрындары сәлемдесіп қана қоятын. Келесі бір келгенінде:
– Қарағым, Ахметжан, қашан келсем де қағаздан басыңды көтермей шұқшиып бірнәрсені жазып жатасың. Редактор деген тілшілердің мақаласын тексеріп, одан қалса ел аралап қайтушы еді, – деп біраз үнсіз қалды.
– Аға, дұрыс айтасыз, бірақ мен Шу өңірінің тарихы туралы энциклопедия жазуға ықылас танытқан жағдайым бар.
– Інім–ау, құдай абырой берсін, мынауың үлкен шаруа екен ғой. Қажет десең, менің үйдегі кітапханамда көрші облыстағы аудандардың тарихы жазылған бірнеше энциклопедиялық кітаптар бар. Ертең-ақ әкеліп берейін. Әріптестеріңнің қалай қалам сілтегендерін байқарсың. Іздену, үйрену қай кезде де қажет…
Әбекең сөзінде тұрып, маған бағыт бағдар беретін энциклопедия кітаптарын алдыма жинап берді. Соңында: «Інім, іске сәт!»- деп көтеріңкі көңілмен кабинеттен шыға берді.
Әбекеңнің көрегендігі мен кемеңгерлігі шығар, мен аққағазға түсірген дәйектерге көңіл аударып жүрді.
Мәселен, Шу аудандық партия комитетінің бірінші секретарьлары болған тізімге үңіліп, бір адамның қалып бара жатқанын дәлелдеп берді. Сондай-ақ өзі білетін тұлғалар жайлы жаңа деректер ұсынды. Редакция қабырғасына ілінген бұрынғы редакторлардың портреттеріне қарап жүріп, бір редактордың суреті ілінбегеніне іші қатты қынжылды.
Өмір бойы басқа салада қызмет атқарып жүріп, бұрынғы редакторларды бес саусағындай білетініне де қайран қалдым.
Абзал аға әкесінен 7 жасынан айырылса да, анасы Теңгебаланың құшағынан әпкесі Жансая екеуі мейірімділік пен қамқорлық көрді. Тағдырдың осындай сынына сыр бермей-ақ жүріп жатты. Бойжеткен әпкесі Қали атты азаматқа тұрмысқа шығып кеткеннен кейін де жалғыздықтың ащы дәмін татқандай болды, дегенмен асыл анасы Теңгебала бозбаласын мәпелеп өсірді. Ана мен бала біраз уақыт қырғыз елін паналап келгеннен кейін қазіргі Шу қаласының «Тоғай» мөлтек ауданына қоныстанды. Жастайынан алғыр да айбатты болып өскен Әбекең сол кездегі №62 (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті) үздік бітірді.
Жетім бала мен жесір әйелдің жағдайы белгілі ғой, басқа сыныптастары сияқты Алматыға немесе Жамбылға арман іздеп жолға шығуды жағдайлары көтермеді. Ол еңбек жолын Бірлікүстем ауылындағы орта мектепте аға пионер вожатый болудан бастады. Бұдан кейін өзі білім алып, тәрбие көрген №62 мектепке аға пионервожатый қызметіне ауыстырылды. Оқушы жастармен жанды жұмыс істей алғандықтан және оларды отансүйгіштікке ұтымды баулығаны үшін Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Комитетінің «Озат пионер жетекшісі» атағын иеленді. Бұл туралы «Қазақстан пионері» және «Лениншіл жас» газетінде жағымды жаңалықтар жарияланды. Жайсаң жігітті алғашқы марапаты рухани қанаттандырып, тұрмыс жағдайы қаншалықты қиын болса да жоғары білім алмай болмайтындығы қатты ойландырды. Ізгі ойы жетелеп, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне сырттай бөлімге оқуға түсті. Осы сәтте Шу аудандық комсомол комитеті Әбжапар ағаны бұрыннан бақылап жүрсе керек жауапты жұмысқа шақырды. Кезекті комсомол конференциясында аудандық комсомол комитетінің екінші секретары болып сайланды. Бұл 1958 жылдың күзі болатын. Арада екі жыл өткен соң еңбегі еленген, іскерлігі артқан абзал аға Шу аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары болып сайланды.
Жастармен қоян-қолтық қызмет атқара жүріп, аудан жастарының алғы шептен көрінуіне ұйытқы болғандықтан Қазақстан комсомолының Х съезіне делегат болып қатысты. Бұл басқосу жастар алдында тұрған мерейлі міндеттерді айқындап берумен қатар күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шеше білудің тиімді жолдарын көрсеткендей болды. Ауданға үлкен рухпен оралған жастар жетекшісі бұрынғыдан гөрі іске батыл кірісіп, жас та болса абыройға бөлене бастады.
Осы орайда Әбекеңнің сыныптас досы, талантты журналист, «Шу өңірі» газетінде ұзақ жылдар бойы редактор болған Рахметілда Құдабаевтың мынадай бір жылы лебізін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім. Рахаң былай деп тебіренеді: «Сенің кешегі қара домалақ баладан салиқалы, сабдарлы ақсақалға қалай айналғаныңды аңдамай қалыппыз. Баяғы қара бұйра шашың ағараң тартып, талдырмаш денең толысып, шау тартсаң, бұл уақыттың құдіреті шығар?! Өмір жолы даңғыраған даңғыл емес, кедір-бұдыры көп. Кейде сілікпеңді шығарып сілкілейді. Кейде алақанға салып аялайды да екен. Иә, өмір жолы бірде тайғақ, бірде сара. Сен соның бәрін көрдің. Бірақ басқа иіні түсіп, жерге қарап қалатын тұстастарыңдай емес, басыңа қиындық түскенде бір сәт күйзелсең де мойымай, бойыңды тік ұстай алдың. Иығыңды басқан зілді күңіренбей, күлкіңмен көтеріп, нық басып кеткеніңді талай көрдік. Бұл ілуде біреудің ғана қолынан келетін қасиет қой. Езуің жиылмағандықтан ездіктен,езілуден бойың аулақ болды…»
Әбекеңді аса қадірлейтін, әрі құрметтейтін жеңгелерінің бірі Нілжан Күздеубай қызының жүрегін жарып шыққан мынадай сөз тіркестеріне құлақ тосып көріңізші: «Пайғамбарымыз құптан намазын оқып тұрған кезде мешітке бір адам кіріп келіп, одан: «Адамдардың ең жақсысы кім?»-деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Ол жақсылыққа шақырып, жамандықты тыйған, көп оқыған, әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Аллаһтан қорқатын және туған-туыстарымен туыстық қатынастарын үзбеген кісі»-деп жауап береді. Міне,осындай қасиеттердің бәрі біздің ақкөңіл, ақжарқын, аузын ашса көмейінен бүкіл ішкі дүниесі көрініп тұратын «Қыпша бел» қайнымда болатын.
Сонымен қатар аталас туыстары Төлепберген Бекназаров, Жұмажан Асылбеков және тағы басқа да көзкөрген замандастарының естеліктері өз алдына бір төбе әңгіме.
Комсомол мектебінен тәлім-тәрбие алып, қанаты қатайған Әбекеңді Шу аудандық партия комитеті жұмысқа шақырды. Біраз жыл «Новотройцк» кеңшары бастауыш партия ұйымының секретары қызметін атқарды. Қоғамдық-саяси саладағы тәжірибесі ескеріліп, Алматыдағы жоғары партия мектебіне жіберілді. Партия мектебін ойдағыдай бітіргеннен кейін Шу аудандық партия комитетінің құрамында нұсқаушы, саяси кабинет меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Өз міндетін тиянақты атқарғандықтан, аудандық партия комитетінің бюросы ол кісіні «Ақтөбе» ұжымшарының бастауыш партия ұйымының секретары қызметіне бекітті. Көпсалалы шаруашылықтың коммунистерімен тіл табыса отырып, оншақты жыл бойы осы ауылдың отымен кіріп, күлімен шықты десек те болғандай. Бұрындары бұл ауылға сайланған парторгтер екі жылдан артық тұрақтамайтын. Осы мысалдың өзі-ақ Жақыбаевтың адамгершілігі зор, қабілеті алғыр екендігін айқындай түскендей.
Бір кездескенімізде, Мемлекет және қоғам қайраткері Қожахан Жабағиев Әбекең туралы былай деп еді: «Жергілікті жұрттың ыстық ықыласы мен қадір-құрметіне бөленген Әбекең Жақыбаев аға ұрпақ өкілдерінің бірі ғана емес, бірегейі болатын. Өйткені, ол Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға сүбелі үлес қосты. Комсомол, партия және кәсіподақ ұйымдарының да ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, Шу ауданының Құрметті азаматы атанды.
Әбекеңнің саналы ғұмырында кәсіподақ ұйымында қалтқысыз қызмет еткені де ерекше орын алады. Ол кісі ауыл шаруашылығы қызметкерлері Шу аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін ширек ғасыр бойы білікті басқарды. Бұған дейін жастар мен коммунистердің мүддесін қорғай білсе, ендігі кезекте жұмысшылардың құқықтарын қорғауға, оларға мәдени-тұрмыстық жағдайларының жасалуына аса бір қамқорлықпен қарай білді. Билік пен бұқараның арасында алтын көпір бола жүріп, еңбек адамдарының еңбекке деген ынта-жігерлерін арттыра түсті. Бір жұмысшы негізсіз бір басшыдан зәбір көрсе, қолданыстағы заңға сүйеніп, әрбір дау-дамай істі қатаң бақылауында ұстайтын. Бұл салада Әбекеңнің мәртебесі биік болып, атақ-абыройы алысқа тарады. Атап айтқанда, 1990 жылы 10 қазанда өткен Қазақстан кәсіподақтарының VІ съезіне делегат болып қатысып, салиқалы сөз сөйледі. Сондай-ақ аудандық, аймақтық сайлау комиссияларының хатшысы, одан кейін төрағасы қызметтерін де қоғамдық негізде абыройлы атқарып, ел өміріндегі саяси науқандардың бел ортасында жүрді.
Әбжапар аға қандай қызмет атқарса да баспасөз саласымен тығыз байланыста бола білді. Әсіресе «Шу өңірі» газетіне алуан тақырыпта оқырмандарға ой салатын мақалаларын, өлеңдерін, достық әзілдерін жариялап тұруды жаны сүйетін. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де қолынан қаламы түскен жоқ. Соның бір айғағы – жазушылықты кәсіп етпесе де өздігінен ізденіп, «Өмір шежіре», «Шоқтығы биік шулықтар», «Бәйдібек баба – Алтын бәйтерек ұрпақтар шежіресі», «Күнің барда күліп жүр» атты кітаптары жарық көрді. Өкініштісі сол, «Күнің барда күліп жүр» кітабын жазып біткенімен денсаулығы сыр бергендіктен, оның жарыққа шыққанын көре алмай кетті. Бұл кітаптар жайлы талай оқырмандардың оң баға бергендігін айта кеткен жөн. Дара тұлғалар құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де қолына қалам алып, көкейдегі көп ойларын қағазға түсіреді. Бұл жағынан Әбекеңнің де жұлдызы жанды, бағы тасыды. Аталмыш кітаптардың ақ парағын оқи отырып, оның дүниетанымы көп, рухы биік жан екенін жазбай таныдым. Әсіресе, Шу ауданы мен Шу қаласының тарихын терең білетіндігі, осы өңірден түлеп ұшқан үлкен-кішілерді үлгі ететіндігі айтуға ғана жеңіл. Шын мәнінде, Әбекең жақсылар мен жайсаңдарды кеңінен насихаттаушы қаламгер. Жақсылықтың жаршысы болу үшін тәулік бойы жазу орындығына жайғасып, маңдайынан өлшеусіз тер төккенін енді сезініп, еске аламын.
Ол кісі аудандық орталық кітапханаға жиі баратын. Жасының ұлғайғанына қарамастан, өз білімін жетілдіре беруге аянбады. Сондай-ақ басқаларға да уақыт тауып, кітап оқудың аса пайдалы екендігін айтып жүрді. 2010 жылы жарық көрген кітапханашылар жайлы толғауын оқып көрейік:
Әдейі келгенде,
Сәлемдесіп енгенде.
Ризамыз қыздарға,
Үлкенді сыйлай білгенге.
Сұрасақ тауып береді,
Кітап па, газет, журнал ма.
Күнде барғың келеді,
Бабыңды тауып тұрғанда.
Кітапхана орын ғой,
Оқырмандар келетін.
Торқалы жиын, мейрам, той,
Аталып өтіп беретін.
Тыңнан бастап әр істі,
Жібермеңдер намысты.
Болсын деп шын тілеймін,
Жұмыстарың табысты!
Ең бастысы, Әбжапар аға Тұрғанкүл Іскендірқызымен 1965 жылы өз алдына отау құрып шаңырақ көтерді. Жас жұбайлар бір- бірін қадір тұтып өзара жарасымды ғұмыр кешіп, жарты ғасыр отандасты. Екеуі үш қыз бір ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Үлкен қызы Гүлмира Жамбыл облыстық Санитариялық эпидемиологиялық сараптама орталығының зертхана меңгерушісі, екінші қызы Гүлзағира С.Шәкіров атындағы орта мектебінің ұлағатты ұстазы, үшінші қызы Ләззат Шымкент қалалық кітапханасының кітапханашысы, ұлы Мұхан –кәсіпкер, оның жұбайы Гузяль – көпбалалы ана. Барлығының да жоғары білімі бар. Өмірден өз орнын тапқан ұл-қыздарының ұрпақтары да әр жерде туған еліне қызмет етіп жүрген жағдайлары бар.
Жоғарыда айтқандай, Әбжапар аға кішіпейілдігімен, ақжарқын мінезімен үлкенмен де, кішімен де әзілдесіп, қалжыңдасып, жүрген ортасын күлкіге қарық ететін. Әсіресе, қайын жұрты – жалайыр руының азаматтарын айырықша құрметтейтін. Соның жарқын бір дәлелі, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан айтулы азамат Есмахан Жиенбековті құрметтей білді. Есмахан мырза да жездесін туғанындай жақсы көріп, сыйласа білді. Бұл ретте Есмаханның мынадай сөздері еске түседі: «Әбекеңді мен сонау 1980 жылдардан бастап білемін. Ол кезде мен Шу аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке жаңадан ауысып келгенмін. Ол кісінің жақсы бір қасиеті – ешкімді жатырқамайтын. Менің “жалайыр” руынан екенімді біліп алып, маған “қайын жұрт” болады екенсің деп көрген жерде әзіл-қалжыңымен қағытатын. Мен алғаш ондай қалжыңдарын аса жақтырмай, өзімді алысырақ ұстауға тырыссам, Әбекең әзіл-қалжыңын одан әрі үдететін сыңайы бар. Сонымен не керек, етжақын туыс адамдардай араласып кеттік. Оған өкінбеймін. Өкінетінім – Әбекеңнің шежіре қария ретінде әлі де болса ортамызда жүргенде туған халқына, ел – жұртына беретіні бар еді. Ол кісі көп оқитын, көп жазатын, сауаты жоғары азамат болатын. Үйіне барып-жүріп байқағаным, төр бөлмеде сөре тола әдеби кітаптар, өз бөлмесінде жазу үстелі үстінде газеттің тігінділері орын-орнымен, аса бір ұқыптылықпен жинаулы тұратыны. Солардың ішінен қажетті мақалалар мен мәліметтерді қиналмай тауып алатынбыз».
Әбекең өзі жақсы адам болғандықтан жекелеген қаламгерлер де ол кісінің парасат пайымын, кісілік келбетін дәріптеуге күш салып жүрді. Бұған ардагер журналист, ақын Тампылбай Молдақұловтың Әбекеңе арнаған өлең шумақтары дәлел:
Кең кеудесін дауылға көп төсеген,
Жақыбаев келе жатыр көшемен.
Хал сұрасып, жөн сұрасып барады,
Қалбалақтап сәлемдескен нешеме ел.
Жақсылардың алдында кім тартынбақ?!
Біз де жиі отырамыз ән тыңдап.
Қол алысып, құшақтасып алған соң,
Деп қояды: «Жүрсің бе інім, аңқылдап?».
Құшағына көмілген соң ағаның,
Бір керемет қуаттанып қаламын.
Үлкендердің қолтығында екен шын,
Кеңдігі мен жұпар иісі даланың.
Ұланымыз, аға, біздер бір жердің,
Шотын шауып жүретұғын бірге елдің.
Өздеріңнің арқаларың өмірде,
Туырлығы сөгілмесе іргемнің.
Кеудеңізде айтылмаған сыр бар-ды,
Дей алмайсыз жастығымыз ұрланды.
Немерелер жүгіреді апалап,
Сабырлы ана, салиқалы Тұрғанды.
Жақсылықты жүрегімен ұқтырып,
Ұрпақтарың құрметтейді тік тұрып.
Жетпісіңде кітап жазу – өнеге,
Бойыңыздан сарқылмасын мықтылық.
(«Шу өңірі» газеті, 19 шілде 2006 жыл)
«Жақсы адамнан жақсы сөз қалады» – деген рас-ау. Бірде ол кісімен әңгіме-дүкен құра отырып:
– Газетке ақылы құттықтауларды көп бересіз.Ақшаңыз көп пе?- деп сұрағаным бар.
– Сендердің қалталарың қалыңдай берсін деген ниет қой.
– Әбеке, мына сөзіңізді біреу естісе, бізді жемқор екен деп қалмай ма?
– Жемқор болмайсыңдар, мен ақшамды кассаға төлеп жүрмін.
– Дұрысын айтқаныңыз жөн. Бұл жағы түсінікті. Ал, газеттің толық бағасын төлеп, неге үйіңізге жаздырып алмайсыз?
– Мұнда бір гәп бар…
– Ол қандай гәп?
– Сыбанып, сыланып, жатқанымды көрсе, жеңгең: «Қайда барасың?»- деп сұрап қалады.
– «Редакцияға, газетімді алып қайтайын» десем: «Кешікпей кел»-дегеннен аса алмайды. Бар гәп осында…
Әбекеңнің осындай әдемі әзілдері мен қағытпа қалжыңдары көп болатын.
Бір күні кабинетке кіріп келіп, аман-есендіктен соң «Жалайыр жігіт келген жоқ па?» деп сұрады. Онысы Есмахан Жиенбековты еркелеткені. Немесе «Ұстазың көзіңе түскен жоқ па?»-деп қалатыны бар. Онысы Сүйінбек Әбітбековті іздегені. «Ақыныңды алдыма салып бермейсің бе?» деп қоятыны бар. Онысы Тампылбай Молдақұловты қажетсінгені. Басқаларға да балама ат қойып, жанына жақын жандарды еркелете білетіні де ерекше тұғын.
Жарқын бейнесі көзден кетсе де, көңілден кетпейтін Әбжапар ағаны сөз басында сағынып жүргенімді тегін айтқан емеспін. Бір нәрсені жазып отырып, бір нәрсені анықтап, толықтыра түсу қажет болады. Осындай шақта Әбекеңе телефон шалсақ болғаны, нақты жауабын беретін немесе кейін хабарласып, рухани сұранысымды қанағаттандыруға асығатын еді. Енді ондай күндердің қайталанбайтынын біле тұра, аңсай білудің артық еместігін айтқым келеді. Сағынышқа айналған сыйлы аға туралы бір үзік сыр осылай өрбіді.
Ахметжан Қосақов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
баспасөз ардагері.