Ақпараттық портал

Рәміздер – мемлекет мерейі

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл күн халқымыздың тәуелсіздігі мен дербестігінің нышандары бекітілген тарихи дата ретінде тарих қойнауына кірді. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері еліміздің терең тарихын, мәйекті мәдениетін, бұзылмас бірлігі мен болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді.

Мемлекетіміздің мәртебелі Президенті Қ.Тоқаев өзінің сөзінде «Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз» деген болатын.
Атаулы күнге орай Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағында Мемлекеттік Туды көтеруге арналған салтанатты шара өткізілді. Рәміздерді құрметтеуге жиналған қауым қолдарын жүректеріне қойып еліміздің Әнұранын орындады. Сондай-ақ жүректі елжіретер сәтке куә болып, алып тұғырдағы көк Туды көкке көтерді.
Ел нышандарына ерекше құрмет көрсету әрбір қазақстандықтың борышы. Әсіресе, оның үлгісін мемлекеттік органдар көрсетуге тиіс. Жуырда аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін түсіндіруді мақсат тұтқан семинар ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев қатысты.
Семинарға қатысушыларға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранын пайдалану қағидалары түсіндірілді. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдану талаптары мен заңнамада көзделген нормалар жөнінде ақпарат берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинардың мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және оларды қолдану тәртібін кеңінен насихаттау.

Айғаным Серікқұл,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3 курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.