Ақпараттық портал

Ата заң – тәуелсіздігіміздің тірегі

Ата Заң – әрбір елдің тәуелсіздігі мен тұрақтылығының кепілі, құқықтық мемлекет құрудың негізі. Қазақстан Республикасының Конституциясы – халқымыздың еркіндігін, теңдігін және бірлігін паш ететін басты құжат. Ол 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды және содан бері еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің басты тірегіне айналды.
Конституция – Қазақстан халқының тарихи тәжірибесі мен заманауи демократиялық құндылықтарын үйлестіре отырып жасалған заңнамалық акт. Ата Заңда Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялайды. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені анық көрсетілген.
Конституцияда еліміздің саяси жүйесі, мемлекеттік басқару формасы, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары нақты айқындалған. Президент – мемлекеттің басшысы, ал Парламент – заң шығарушы орган ретінде жұмыс атқарады. Үкімет пен сот жүйесі де өз өкілеттіктері шеңберінде қызмет етеді.
Ата Заңның тағы бір ерекшелігі – ол елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық мәртебесі және тіл саясаты еліміздің көпұлтты қоғамында бейбітшілік пен татулықты сақтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Конституциямыз Қазақстанның дамуына, экономикалық өркендеуіне және халықаралық беделінің артуына негіз болып отыр. Ол әр азаматтың ар-ожданы мен құқығын қорғап, қоғамда әділдік пен теңдікті қамтамасыз ететін басты құжат.
Ата Заң – Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры, ұлттық бірліктің тірегі. Оны құрметтеу және сақтау – әрбір азаматтың қасиетті парызы.

Жібек Тәжібаева,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.