Ақпараттық портал

Айбары ақиқат болған – Аяған Оспанов

Биыл еліміз үшін де, шұрайлы Шу өңірі үшін де маңызды даталарға толы жыл. Ең әуелі ата-әжелеріміз қан кешіп, қасірет шеккен екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы күніне 80 жыл толса, ауданның құрылғанына 95, қаланың қазығы қағылғанына 65 жыл толып отыр. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – Оспанов Аяған Оспанұлы 17 жасында өз өтінішімен майдан даласына сұранып, қан майданның 9 ірі шайқасына қатысқан ҰОС ардагері, бейбіт өмірде Шу қаласының тұңғыш басшысы, Мойынқұм және Шу аудандарында үлкен қызметтер атқарған қайраткер болатын. Ал ақсақалдың көзі тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді.

Аяған Оспанұлы саналы ғұмырында адалдықты ту етіп, азаматқа сай тірлік кешкен. Аса зиялы тұлғаның бекзат болмысына талайлар таңдай қағатын. Аяулы жары Шахида Шахманқызымен бірге ұрпағына ұлағатты тәрбие беріп, олардың отаншыл, жоғары білімді һәм мәдениетті болып қалыптасуына аянбай еңбек сіңірді.
Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің биылғы 13 мамыр күні жарық көрген санында атпал азамат, ардақты жар, аяулы әкенің өнегелі өмірін тарқатқан көлемді мақала жарияланды. «Адалдықтың ақ жолынан таймаған азамат еді» атты материалда журналист Нұрболат Аманбек Аяған Оспанұлының болмысын жан-жақты суреттеген. Оны облыстық басылымның оқырмандары аңғарды деген ойдамыз.
Туған жерге деген іңкәрлігі ерекше қарияның қызы Ельмира Нетаева осы дүниені жазу барысында қолымызға құнды деректерді ұсынып, әкесі мен анасы туралы тебірене естелік айтты. Оны естіген бізде жауапкершілік сезімі ұлғайып, өкінбестей өмір кешкен тұлға туралы толық жеткізе алам ба деген алаңдаушылық болғанын жасыра алмаймын.
Аяған атамыз сонау 1925 жылы 10 қарашада Мойынқұм ауданындағы бұйығы жатқан Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Әкеден тым жас кезде көз жазып қалған кейіпкеріміз анасына қолқанат болып, қолғабыс етеді. Сұрапыл соғыстың қызған шағы 1942 жылы мектепті тәмамдаған жас түлек бірден ауылындағы балық зауытына есепші болып орналасады. Жауапкершілік жүгін жақсы түсінген кейіпкеріміз ел басына күн туған шақта тартыншақтап қалуды ар санап, сол жылы Көктеректегі әскери комиссариатқа жаяу барып, Қызыл әскер қатарына қосылуға бел байлайды. Арнайы дайындық курсынан кейін 1943 жылдан бастап III гвардия танк әскерінің 71-механикалық бригадасы құрамында артиллерист-минометші ретінде ұрысқа кірісіп кетеді.
Майдангердің ептілігі мен елгезектігі, тиянақтылығы генерал лейтенант, әйгілі батыр К.Малыгиннің көзіне ерекше түседі. Оның әскери адамға тән қасиеттері үлкен шенді кісіге бірден ұнап, жалынды қазақты біліктілігін көтеруге арналған оқуға жібереді.
-Бала күнімде әкемнен соғыс туралы әңгімелеуді жиі сұрайтынмын. Себебі мектеп жасындағы мен үшін бұл тақырып өте қызық болатын. Ал әкем өзінің әуезді үніне салып, аз ғана тыныс алып «Был у нас на войне генерал Маалыыы-гин!» дейтін. Әрдайым осылай басталатын әкенің сөзі мені ашуландыратын. Өйткені әкем естелік емес ертегі айтып отыратындай көрінетін. Кейін өсе келе Кеңес одағының батыры, генерал лейтенант Константин Малыгиннің кім екенін, әкемнің өміріне қалай ықпалын тигізгенін жақсы білдім. Әкем жеңісті Прагада қарсы алған. Сол уақытта оның құрыштай мінезі, ұйымдастырушылығы мен ұтқырлығы оған бірден ұнап, әкеме Львовтағы әскери-саяси училищеге жолдама береді,-дейді кейіпкердің кенже қызы Ельмира.
Әрбір ұрысқа кірерде қиырдағы Қазақ топырағында анасы, бауырлары мен қарындастары қалғанын еш ұмытпаған Аяған Оспанов от пен оқтың ортасынан аман қалған. Бірақ ол жеңістен кейін бірден ауылына қайтпаған. Жоғарыда айтқан оқуды аяқтаған соң оның маңдайына Сахалинде 10 жыл жүру жазылған екен. Тек ара-тұра қысқа демалыс алып қана ауылына барып тұрған. 1951 жылы сондай демалыстың бірін алғанда келісті кейіпкеріміз анасы Балкенжемен көрісу үшін Ақадырдағы Қайрақты ауылына атбасын бұрады. Алысты көздеген ақылды анасы ұлына «тентек» інісінің мәселесі бойынша мектептегі жиналысқа баруды өтінеді. Өйткені ауыл мектебінде ақылына көркі сай, арғы тегі бекзат Шахида Шахманқызы жұмыс істейтін. Сұңғақ бойлы, орысша-қазақша сауатты, сымбатты киінген жас Аяған мұғалімнің жүрегіне бірден жол табады. Сырласып, сөз байласқан жастар отау құрады. Бірақ сол кездегі қатал тәртіп бойынша отағасы жұбайын Сахалинге алып кете алмайды. Сағыныш сыздаған жүректер арада жыл өткен соң ғана табысады. Бұл кезде олардың тұңғыштары Қазыбек дүниеге келіп үлгереді.
Жастайынан туған өлкесін жадынан шығармай, оның игілігіне қызмет етуді мұрат еткен Аяған Оспанұлы 1958 жылы ғана Жамбыл өңіріне келеді. Ұрпақтарының айтуынша, оның осы сәттегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сахалинде өткен сағынышты жылдары оның жанына асыл жары мен сонда өмірге келген ұл-қыздары медет болған. Тұңғышынан басқа Фатима, Хадиша Ресей топырағында дүниеге келеді. Ал қазақияға келгенде мұратымызға жете берейік деген тілекпен Мұрат, Дулат бабаның еліне келдік деп Дулат, кейін Ельмира дүниеге келеді. Тіпті, бұдан басқа да ұсыныстардан бас тартқанда Аяған атамыз алысты ойлап, балаларының өз елінде, өз жерінде өсіп, түп тамырынан алыстамауды көздеген ғой.
Әрбір мықты азамат аяулы жарына арқа сүйейтіні белгілі. Себебі әкенің балаларға жасайтын алғашқы жақсылығы – ақылды ана табуы. Бұл орайда Аяған Оспанұлының айы оңынан туған. Себебі Шахида апамыз текті жердің қызы еді. Тіпті, қаршадай жасында тарихи тұлғаларға қызмет еткен. ҚазПИ-де оқып жүріп заңғар жазушы М.Әуезовтың, академиктер С.Аманжолов, С.Кеңесбаев, А.Маметованың дәрісін тыңдаған Ш.Оспанова бала кезінде абақтыда отырған, айдауда жүрген Алаш қайраткерлеріне сәлем-сауқат тасыған екен. Аса мұқияттылықты талап ететін істі апамыз уақытында мінсіз орындағаны біраздан хабар бермей ме?
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық еткен Шахида Оспанова үй мен түздің тірлігін тең ұстай жүріп, бала тәрбиесін бақылаудан шығармаған жан. Оқу-ағарту саласында сүбелі еңбек етіп, Қазақ ССР-нің «Халық ағарту ісінің үздігі» атанған. Одан бөлек, марапаттары да бір төбе. Жолдасы екеуі ұл-қыздарына ұрыстың ұшқынын да көрсетпей, ұлағатпен тәрбиелеген. Сол жылдарды сағына еске алған Ельмира әпкеміз әке-анасын келешекті көре білген кемел жандар екенін қазір түсіндім дейді. Себебі Оспановтар отбасында кітаптар оқылып, кейіпкерлер талқыға түсетін. Кешқұрым арнайы уақыт бөлініп, кімнің не оқып, не тоқығаны сұралатын. Ал жазушылар өз еңбектерінде өрнектеген кейіпкерлердің қасиеттері балаларға өнеге екені анық. Үйдегі кітап сөресінде М.Әуезовтың «Абай жолы», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күні» мен «Ақ кемесі», Ю.Бондаревтің «Ыстық қар» романы, «Батальоны просят огня» повесі, Б.Васильевтің «А зори здесь тихие» туындылары тек тұрмайтын.
-Әкем мен анам сондай жарасымды ғұмыр кешті. Дауыс көтеріп, дөрекі сөйлеген кезін көрмегенбіз. Маңызды шешімдер қабылданар сәтте бала болғанымызға қарамастан әрбіріміздің пікіріміз тыңдалатын. Үйіміздің ішінде үнемі жылы сөздер, ақыл-кеңестер айтылатын. Әкеміздің санамызға сіңдіретіні әділдік пен ақиқат еді. Әрдайым туралықтан таймауға шақырған әкеміздің өзі де ешкімнің ала жібін аттамаған, өз ісіне шынайы берілетін. Ісі мен сөзі үндес болғандықтан бәріміздің бойымызда шындық үшін шырылдау қасиеті берік қалыптасты. Шын мәнінде, кімнің балалық шағы тәтті естелікке толы болса, ол ата-ананың қасында өтсе сол бақытты. Біз жасымыз ұлғайған сайын ата-анамыздың ақыл-парасатын, балалығымыз бақытқа толы болғанын ұғынып келеміз,-дейді Ельмира Аяғанқызы.
2010 жылы Шу қаласының 50 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Сол датаның қарсаңында аудандық басылым бетіне «Тұңғыш төраға» дейтін мақала жарық көрді. Оның авторы ауданның құрметті қариясы болған, көнекөз Әбжапар Жақыбаев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1960 жылы 24 желтоқсандағы Жарлығымен Шу жұмысшылар кенті ауданға бағынысты қала мәртебесін алғанын айтып, оның атқару комитетінің алғашқы төрағасы ретінде Аяған Оспановтың тағайындалғанын тілге тиек етеді. Ағасының ғибратты ғұмырымен жақсы таныс автор өмірдерек келтіріп, Аяған Оспанұлының қызмет еткен жылдарын еске алады. Кейіпкермен үзеңгілес болған Әбжапар ақсақал оның үлкен мен кішіге ерекше көңіл бөліп, өнерге өзгеше махаббатпен қарайтынын жеткізген.
Бірде Мойынқұм өңіріне атақты жазушы Ғабит Мүсірепов пен ақын Қадыр Мырза-Әлі мейман болыпты. Оларды қарсы алған Аяған кісі Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянын», Иса Байзақовтың «Құралай сұлуын» жаңылмастан жатқа айтып берген. Оған разы болған қонақтар «Қазақтың дастаншысы» деген атақ береді.
Бұдан бөлек басқосуларда Аяған атамыз бен Шахида апамыз Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні мен С.Сейфуллиннің «Көкшетауын» кәсіби әншілерден кем орындамайтын. Сондай-ақ атамыз қазақ, қырғыз, орыс әндерін шебер айтатынына замандастары талай мәрте куә болған. Мысалы, ол В.Твардовскийдің «Мой Казахстан» әнін, М.Мотусовскийдің «С чего начинается Родина» туындыларын тебірене орындағанда тәнті болмағандар кемде-кем. Аяған Оспанов орыс тілін үйреніп, білген жақсы. Бірақ өз тіліңді ұмытуға болмайды деп ұдайы айтып отыратын.
Осы және өзге де естелік ұсынған Жұмабек Орынбаев бірде ауданға әйгілі Роза Бағланова келгенін жазады. Басшылар алғы сөз айтқаннан кейін, залда әншінің әнін окопта жатып тыңдаған сарбаз бар екенін мейманға айтады. Осы кезде әскери тәртіппен орнынан тұрған кейіпкеріміз қонақпен амандасады. Бұл сәт Роза апамыздың жүрегін елжіретіп жіберген екен.
Темірдей тәртіпті ұстанып, дос қадірін білген Аяған ата Шу қаласын түлетуге, жаңа құрылыстар салуға ерекше үлес қосқан жан. Қайта құрылған Мойынқұм ауданына да үлкен еңбегі сіңген. Оның басты ұстанымы – жігіттің кіндік қаны тамған жерге маңдай тері де тамуы керек. Сол себепті бір жылдары Фрунзе қаласын басқаруға ұсыныс түскенде, Аяған Оспанұлы бас тартады. Ондағы себебі – балаларын қазақ топырағынан нәр алдырып, бойларына ұлттық рухты дарыту еді. Сахалинде дүниеге келген перзенттерінің қырғыз даласына барып өзге менталитетті сіңірмеуі үшін осы қадамға барған екен қайран әке.
Талапшыл әке мен тәлімгер анадан тәрбие алған ұл-қыздарының бойынан турашылдық мінез көрініс тапқан. Мәселен, медицина саласында зор еңбек сіңірген Қазыбек Аяғанұлы медицина оқуын екі мәрте оқиды. Қарағандыдағы оқу орнын тәмамдаған ол санитарлық-эпидемиологиялық станцияда ұзақ жыл жұмыс істеп, басшылық қызметке дейін барады. Мектеп, балабақша басқа да маңызды нысан берілерде Қазыбек Оспановтың қолы мен мөрі қойылуы шарт еді. Бірақ талапқа сай келмейтін нысандар кездессе талапшыл басшы бас тартатын. Біраз жылдар бойы бұл әдет титығына тисе керек, ағамыз 48 жасында мамандық ауыстыруды көздеп Алматыға барады. Жасына байланысты рұқсат ала алмаған Қ.Оспанов Мәскеуге дейін барып, министр алдында өзінің мақсатын дәлелдейді. Бірбеткейлігіне тәнті болған денсаулық министрі Чазов өз қолымен хат жазып, оны оқуға қабылдауға бұйырады.
Осылайша біраз жылдардан соң хирург болған Қазыбек Аяғанұлы ақтық демі қалғанша денсаулық сақтау саласына қызмет етеді. Елге пайда беруді көздеген мұратына жетіп, пандемияның күшейген жылдары өмірден өтті. Ал әуелі де Татьяна болып, кейін өзіне Хадиша есімін алған қызының қайсарлығын мінез деп атауға толық негіз бар. Өзіне қойылған бағаға келіспеген Мұрат атты ұлы да әділдіктің жолынан таймаған. Ол бала күнінен «Человек и закон» журналын жата-жастана оқып, болашақ мамандығына деген мақсатын айқындаған.
Аяған Оспановтың тұлғалық болмысы туралы көп толғануға болады. Адамды үш мәрте кешір деген оның өсиетін ұрпағы алтын қазық ретінде санайды. Ал адалдықты адамзат баласының ең асыл қасиеті дейтін. Онымен қоса, Шахида кейуана да балаларын «дараланбай» өмір сүруге шақыратын. Олар ата-ана ретінде балаларына ең құнды инвестиция құя білген абзал жандар. Себебі ҰОС ардагері бола жүріп, ауқымды шараларға, тіпті шетелдерге шығатын. Құр өзі шықпай бірде қыздарын, кейінірек немерелерін алып баратын. Қарулас достарын көрсететін. Мұны көрген балалары әке кешкен өмірді елестетіп, оның достары алдындағы мәртебесіне куә болатын.
Мәселен, бір жиынға Жамбылда оқитын студент қызы Хадишаны ертіп әйгілі К.Малыгинмен кездестірген. Бұл кездесу Хадиша әпкеміздің жадында әлі сол күйінде сайрап тұрғаны сөзсіз. 40 жылға жуық Аяған атамыз өзі қан кешкен майдан даласын аралауды дәстүрге айналдырған. Сондай бір маңызды кездесуге 6 жасар немересі Аянды ертіп апарған. Қағілез бала ардагер аталарына өлең оқып беріп, баталарын алған екен. Оның тақылдаған таңдайына риза болған қарт жауынгерлер төбелеріне көтеріп, көптеген сыйлықтар берген екен. Бұл сәт Аянның жүрегіне ерекше әсер еткендіктен болар бүгінде ол ұлттық гвардияның жоғары шенді офицері. Харьков қаласындағы ыстық дидарласудан кейін М.Зевлевер «Оспанову Аягану и его чудесному внуку Аяну на память о встрече» деп өзінің өлеңі жазылған парақты иелеріне ұстатады.
Отты жылдарды басынан кешіріп, қатаңдықты талап ететін қызметте болған Аяған ата өмірдің соңына дейін 3 гвардиялық танк әскерінің 9 мехкорпусы ардагерлерінің президиум кеңесімен байланысты үзбеген. Тіпті, атамыз өмірден өтіп кеткеннен кейін 10 жыл бойы Жеңіс күні қарсаңында ізгі лебізге толы хаттар келіп тұрған. Мұнан кейін ұл-қыздары қолына хат алып аяулы әкелерінің атына келген ізгі лебіздерге алғыс айтып, Аяған Оспанұлының 1990 жылы 31 тамызда дүниеден өткенін хабарлаған.
Махаббат пен мәдениет, парасат пен жарасым табылған жып-жылы жанұядан шыққан алты бала өз жолын тапқан жандар. Бірі дәрігер, бірі әке жолын жалғаған әскери адам, енді бірі ана ізін басқан мұғалім. Балалардың үлкені Қазыбек ағай туралы жоғарыда айттық. Фатима Аяғанқызы мен жолдасы Абдуғанимен бірге медициналық институтты аяқтаған. Ұзақ жылдар бойы Мойынқұм ауданында қызмет етті. Ал Хадиша Оспанова Жамбыл педагогикалық институт түлегі. Біраз жыл білім саласында қызмет етіп, кейін әкесі сынды мемлекеттік қызмет саласында тер төкті.
Мұрат Аяғанұлы Қарағандыдағы ішкі істер органдарының жоғарғы мектебін тәмамдап, полиция полковнигі шеніне дейін көтерілді. Ішкі істер департаментінің басшылық қызметінде болды. Оның інісі Дулат медицина жолын таңдап, тіс технигі ретінде биік шыңдарға жетті. 35 жылдан аса уақыт жемісті жұмыс істеп келеді. Отбасы кенжесі Ельмира Аяғанқызы мұғалімдік жолмен жүріп, мектеп директоры лауазымында құрметті демалысқа шықты.
Үздік үлгінің иесі болған майдангердің балаларынан бөлек, немерелері де атасына ұқсап бой түзеген болуы керек. Өйткені жоғарыда айтқандай Букрин плацдармасында батыр аталарының көзайымы болған Аян мырза генерал шенінде қызмет етуде. Тағы бір немересі подполковник Баянғали Есжанов Ұлттық ұланның бөлім командирі. Абдурахман ағамыз болса аға лейтенант шенінде. Сол секілді Мұхамед-Рахым ҚР ІІМ полковнигі ретінде ата жолын абыроймен жалғастырып келеді. Ұрпақтар сабақтастығының келісті көрінісі осы болса керек.
Аяған Оспанұлы қайнауда шыныққан болаттай берік өмір сүрген. Оны өмірдің өзі мен соғыстың тезі ширатып, тәртіп, адалдық сынды асыл қасиеттерді мызғымастай етіп қалыптастырған. Сондықтан болар ол қызмет істеген жерде қырағылық, құрмет пен жылы естеліктердің ізі сайрап жатады. «Ер жігітті сыртта жүрген ел сағынар» деп Кенен атамыз тегін жырламаса керек. Сан жылдар бойы сыртта жүріп, туған жерін аңсаған асыл азамат ойының орайы келген кезде жұмысқа аш қасқырдай кірісті. Ұлты мен жұртына аянбай қызмет етіп, ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмады. Соның себебімен қазіргі таңда ұл-қыздары әке есімін абыроймен көтеріп келеді. Бұл орайда Шахида әжейдің әке даңқын асқақтатып, онымен бәтуәлі өмір сүріп, балаларының бойларына тазалық, шындық, еңбекқорлық пен елге деген ерекше сүйіспеншілік сезімдерін ұялатты.
Жоғарыда келтіргеніміздей, биыл Оспанов Аяған Оспанұлы мен оның аяулы жары Оспанова Шахиданың туғанына тура 100 жыл толып отыр. Бүгінде өркен жайып әкеден алған тәлім мен шешеден алған тағылымды өз балаларына таратып отырған ұл-қыздары мен немерелері, шөберелері арнайы ас бермек. Жаратушы Иеміздің разылығын көздеп, ата-аналарын еске алуға арналған ниеттері қабыл болсын! Мәуелі бәйтеректей тамыры тереңге таралған Оспановтар әулетінің ұлағатты ұрпағы мың жасайды деген сенім мол!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.