Сәрсенбі сайын сазды кеш
Күні кеше Шу қаласындағы теміржолшылар саябағында сазды кеш өткен болатын. Аталмыш шараға мұрындық болған аудандық мәдениет үйінің басшылығы қала тұрғындарының рухани сұраныстарын қанағаттандырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды көздеп отыр. Сондықтан аптаның әр сәрсенбісінде қала саябағында сазды бағдарлама өтетін болады.
Игі бастаманың алғашқы қадамы жасалып та үлгерді. Аудандық мәдениет үйі жастарынан құрылған вокалдық аспаптық ансамблі кешкі серуенде жүрген шаһар жұртшылығына бір жарым сағат бойы жанды дауыста әндерді орындап, жағымды атмосфера сыйлады.
Сонымен қатар, көрермендер арасынан суырылып шыққан өнерпаздар табылып, өз өнерлерін ортаға салды. Жан сарайын байытқан бұл кештен шулықтар жақсы әсер алды. Әрі ұйымдастырушылар мен өнерпаздарға өз алғыстарын білдіріп жатты.
Жоғарыда айтқандай бұл үрдіс әр аптаның сәрсенбісінде жалғасын табады. Сондықтан рухани серпілем деген кісілер болса сәрсенбі сайын саябаққа баруға кеңес береміз.
Күнделікті күйбең тірлікте әркімнің мәдениет үйіне барып, концерт көруге мүмкіндігі бола бермейді. Осыны ескерген мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ашық аспан астындағы сазды кеш өткізуге бастамашы болып отырғанын айта кеткен жөн.
Байжан ҚАНАТҰЛЫ.