Ақпараттық портал

Аңызға айналған арда азамат

Петр Норкин туралы бір үзік сыр

 

Жасын ғұмырда жай отындай жарқ етіп, өзгелерден ерек туып, бойындағы дарынымен, махаббатымен өз ісіне мығым болатын жандар болады.
Кейде сол істі ол адамнан басқа адам алып жүре
алмайтындай көрінеді де тұрады… Сол бір жан арнаулы мамандыққа арналғандай әсер қалдыратын сәттер де жоқ емес. Айтпағым, бір ер жігіттің жасы саналар елу жылын бір салаға сарп етіп, елдің ерекше ықыласына бөлене білген Петр Норкин ағамызды аудан тұрмақ, облыс, республика жыға таниды. Тіпті, көршілес Ресей мемлекетінде шығатын «Известие», «Труд»
басылымдары арқылы да шетелдіктерге танылғанын айтып та, жазып та жүрміз.

Үлкен жүрек тоқтағалы бір жылдың сан күні жаңарыпты. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін асыл жанды таңды таңға ұрып жырласаң да біте алмайсың. Фото ленталарында Тәуелсіз Қазақстанның ғана емес, кешегі Кеңес тұсындағы уақыт безбенінің тынысы бедерленген Петр Норкинді ауданның архиві деп айтатынымыз тегін емес.
Ауданға Норкин атымен аталған жанды көзбен көріп, қолмен ұстай алатын кездің өзінде-ақ аңыз адам атап кеткеніміз тағы бар. Жуырда ғана аудандық «Шу өңірі» газетінің 90 жылдығын тойлау салтанатының алдында Петр Палладиевичтің архивін ақтара отырып, талай сырды бүккен тарихқа куә болдық. Оның әсіресе еңбек адамына деген құрметінің ерек екенін аңғардық. Кеңес үкіметі тұсында тәтті түбірден тау тұрғызған, ақтылы қой өргізіп, мал басының санын асыра жеткізген, саба-саба сүт алған қызылшашы, шопан, сауыншы жандардың еңбегінің нәтижесін әсерлі суретке сыйдырғанына қарап, таңданбасқа шара жоқ. Сол тұста «Социалистік Еңбек ері» атанған жандардың да жүзіндегі ерекше қуанышты таспалауының өзі үлкен шеберлік деп айтуға болады.
Одан қала берді Кенен Әзірбаевтан бастап Дінмұхамед Қонаев, Шерхан Мұртаза, Сарыбай Қалмырзаев, Өмірбек Байгелді, Жақсыбай Жантөбетов, Нұрсұлтан Назарбаев, Оразалы Ақботаев, Бөрібай Жексембин, Аяз Бетпаев, Қожахан Жабағиев сынды арда азаматтардың да суреттері архивінде сайрап тұр. Бір ғана сурет болса да түсінген жанға белгілі бір уақыттың тарих жүгін арқалаған айнымас мұрағат деуге тұрарлық.
Жіпке тізіп айта берсек, Петр Норкиннің азаматтық болмысы, аңқылдаған көңілі, жан баласына жамандық тілемейтін кіршіксіз мінезі, асыл азаматқа тән қасиеті бір кітапқа жүк боларлықтай. Даланың дархан перзенті табиғаттың тылсым сырларымен үндесе білгенімен, жан-жануар мен адамзат анталаған күннің шұғыласына малынған сәтті жарқ еткізгенімен, түн кірпігі ілінген тыныштықтың сирек құбылыстарын да дәлме-дәл таспаға түсіре білгенімен де ерек.
Қазақ азаматының табиғатына тән саятшылық пен құсбегілікті де ерекше құрмет тұтқан ол бір күні аңшылардың, бір күні орманшылардың, бір күні балықшылардың да жанынан табыла білді. Ол ауыл шаруашылығы саласында да талай бейнеттің ортасынан табылып, мол өнімнің де куәсі болып, еңбек адамының жүзіндегі көріністі де көре біліп, суретке дер уағында түсіре алған бесаспап.
Қазақстанның Құрметті тілшісі ғана емес, өзін журналистік қырынан да таныта білген Петр Норкиннің бір суреттің астына жазған қысқа ғана анықтамасының өзін аударуға қауқарымыз жете бермейтіндігін мойындауымыз қажет. Өйткені, оның жазған мақаласында орыс тілінің көнерген сөздері, тұрақты сөз тіркестері, орыстың талантты жазушылары Пушкин, Лермонтов, Белинскийдің шұрайлы сөздеріндегідей ерекше тіркестер бой көрсетіп жататын-ды. Содан болар, Петр Палладиевичтің мақалаларын қазақ тіліне тәржімалау басқа аудармаларды аударғандай жеңіл болмайтын.
Бүгінгі күні кейбір фототілшілер президентті түсіріп жатса, қол жетпейтіндей болып кеудесін кере мақтануы мүмкін. Ал, Норкин ағамыз ондай мақтаннан аулақ еді. Қандай жиын, кеңес, салтанатты шара бола қалса да екі өкпесін ала жүгіріп, әдемі кадрларды ыңғайы келсе жерге жата қалып та түсіріп жататын. Тіпті, әріптестердің бірінің туған күні болса, соны суретке түсіріп әлек болып жүретін. Өзінің бір ракурстары да болатын.
Әлі есімде, менің де туған күнімде Ахметжан Қосақов атамыз Норкинді жетектеп келіп, «Айғаным қызды суретке түсіріп жіберші» дегенде сөзге келмеген еді. Жалма-жан аулаға атып шығып, бір-екі тал гүлді жұлып әкеліп қолыма ұстата салғанының өзі аңғал көңілінің бір тұсы деп айтар едім. Гүлді алып аң-таң болып тұрған мені әр қырымнан суретке түсіріп, «Улыбнись, улыбнись» деп әдемі сәттерді жарқ-жарқ еткізгені бар еді. Ертесіне сол суреттерді қолыма ұстатып, тағы да бір туған күніммен құттықтап, бәйек болғаны әлі есімде.
Петр Норкин туралы аз жазылған жоқ. Талай рет ол туралы облыстық, республикалық газеттерге де танымдық мақалалар берілген. Елу жыл бір мекемеде табан аудармай жанымен беріле қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бүгінгі күні көзін көріп жүрген алдыңғы толқын ел ағалары Петр Норкинді мүйізі қарағайдай басылымдар қызметке шақырса да туған жерден жыраққа шықпағандығын тілге тиек ете жүреді. Міне, осындай абыройдың асқақ биігінен көріне білген аңыз адаммен азды-көпті 2-3 жыл қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Ел есінде еселі еңбегімен қалған еңселі азаматтың аты тарихтарда қалатынына, кейінгі ұрпақ үлгі тұтатынына мен кәміл сенемін.

Айғаным Асқарбек.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.